Main /
Mass media about us
08.02.2024 Ғылыми маман даярлау түйткілдері
Жоғары оқу орындарының басты міндеті - бәсекеге қабілетті маман даярлау. Кейінгі жылдары ғылымды ілгерілету міндеті алға қойылғандықтан, осы саланың сапасын жақсарту мәселесі күн тәртібіне шықты.
Ғылыми әлеует Бұған қоса еліміздегі жоғары оқу орындарын зерттеу университеттеріне айналдыру үрдісі қарқынды жүріп жатыр. Бұл - ғылымның өрісін кеңейтіп, ғалымдарға зерттеу жұмысымен кедергісіз айналысуға мүмкіндік беретін қадам.
2023-2024 оқу жылында жоғары ғылыми білікті кадрларға қатысты 105 ұйым магистранттарды, 75 ұйым докторанттарды, 18 ұйым резиденттерді әзірлейді. Елімізде 36 491 магистрант, 7 437 резидент-дәрігер, 5 966 докторант оқып жатыр. Докторанттардың ең көп үлесі - Алматы қаласында (2729 адам немесе 45,7 пайыз). Астанада - 1797 адам (30,1 пайыз), Қарағанды облысында 372 адам (6,2 пайыз) докторантурада оқып жатыр. Ал бейінді бағыт бойынша докторанттар саны 233 адамды және философия докторанттары (PhD) 5733 адамды құрайды. Яғни бұлардың бәрі еліміздің ғылымдағы әлеуетін арттыратын мықты мамандардың қатарын толықтыруға тиіс. Осы мақсатта еліміздің жоғары оқу орындарында ғылыми базаға қолжетімділікті қамтамасыз ету және оның сапасын арттыру, инфрақұрылымын жақсарту, халықаралық байланысты кеңейту, шетелдік мамандарды тарту, үш тілде оқыту, ғылыми жарияланымдарды ұлғайту көзделген.
Сонымен қатар 2022 жылы ғылыми мектептердің зерттеу әлеуетін дамытуға, сондай-ақ олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға 11 университет пен ғылыми зерттеу институттары арасында кадрлар даярлаудың әртүрлі бағыты бойынша ғылыми-білім беру ынтымақтастығы туралы шарттарға қол қойылды. Ғылыми зерттеу ұйымдары жоғары оқу орындарының магистранттары мен докторанттарын ғылыми тағылымдамаға қабылдап, ғылыми зерттеулер жүргізу үшін өздерінің ғылыми жабдықтарын ұсынуды қолға алды. Жалпы, ғылыми кадрларды даярлау бағытындағы жұмыстарды зерттеушілердің ғылыми жобаларының негізгі талаптарға сай болуымен, ғылыми жарияланымдар санымен әрі өндіріске енуімен сондай-ақ патент алуымен бағалауға болады. Ғылыми атақты қорғауға қойылатын талаптар жауапты министрлік тарапынан бекітіледі. Соның ішінде ең маңызды талаптардың бірі - ғылыми жарияланымдардың болуы.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, 2023 жылы 101 жоғары оқу орны 7428 ғылыми мақала жариялаған, оның 5344-і «Scopus» дерекқорындағы журналдарда және 2367-сі «Web of Science»-те индекстелген ғылыми басылымдарда жарық көрген. Жарияланымдар саны бойынша 10 жетекші жоғары оқу орнының қатарына Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (1162), Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу техникалық университеті (1181), Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (923), Қарағанды индустриялық университеті (506), С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті (280), Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті (254), Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті (201), Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті (195) кіреді. Жоғарыда аталған деректер отандық жоғары оқу орындарының ғылыми саладағы белсенді серпінін және олардың ғылыми зерттеулерге қосқан үлесін, ал жарияланымдар санындағы өзгерістер ғылыми белсенділіктегі, жоғары оқу орындарының басымдықтарындағы немесе зерттеу қызметіне әсер ететін басқа да факторлардағы өзгерістерді көрсетеді.
Жарияланым этикасы Айта кетейік, «Web of Science» және «Scopus» ғылыми деректер базасына 5 отандық университеттің 12 ғылыми журналы енген. Осы тұста ғылыми жарияланымға қатысты мәселелер де жоқ емес. Мысалы, ғылыми журналдарға шыққан материалдар тексеріле келе, қайтарылып жатады. Мұны ретракцияланған жұмыстар дейді. Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының басқарма басшысы Жақсылық Алтынханұлының айтуынша, ретракцияланған жарияланымдардың саны жыл сайын артып келеді.
- 2010 жылы шамамен 200 жарияланым туралы хабарланған болса, 2019 жылы «Retraction Watch» дерекқоры 20 мың жазбаға жеткен. Ал 2024 жылдың қаңтар айындағы дерек бойынша ретракцияланған жарияланымдар дерекқорларында 50 мыңнан аса жазба бар. Жарияланымдар ретракциясы әдетте қоғамға хабарланбайды. Соның салдарынан басқа зерттеушілер қате нәтижелерге негізделген шешімдер қабылдауы мүмкін. Ғылыми басылымнан жарияланымды ретракциялау авторлардың немесе басқа да бастамашыл тұлғалардың, сондай-ақ редакцияның бастамасы бойынша жүзеге асырылады. Анонимді мәлімдемелер ретракция үдерісін бастауға негіз бола алмайды, - дейді Жақсылық Алтынханұлы.
«Thinking Skills and Creativity» журналынан ретракцияланған отандық ғалымдардың мақалалары бойынша жүргізілген зерттеу нәтижесінде мақалалары ретракцияланған авторлар көбіне делдалдардың көмегіне жүгінетіні, анонимді рецензиялау үрдісінде рецензиялармен таныспайтыны, сонымен қатар олардың ретракция фактісін журналдың редакциялық алқасының кінәсі деп санайтыны анықталған. Сондықтан Жақсылық Алтынханұлы ғылыми кадрларды даярлайтын университеттер сапаны жақсарту үшін жариялым этикасын үздіксіз оқытуды қамтамасыз етуі керек дейді. Демек, ғылыми жұмыстардың саны ғана емес, сапасы да ескерілгені жөн.
Тіл білу - қажеттілік Жарияланымдарға қатысты сөз қозғағанда тіл мәселесі кесекөлденеңдейді. Докторанттардың айтуынша, мақалаларды қазақ тілінде жариялау өте қиын. Өйткені редакциялардың көбі мақала орыс не ағылшын тілінде болмаса қабылдамайтын көрінеді. Алайда мамандар ғылымға бет бұрғандардың ағылшын тілін айналып өте алмайтынын айтады. Яғни мықты ғылыми маман тілді білуге тиіс. Жоғары оқу орындарында осы мәселеге де мән берілгені жөн. Әйтпесе, елімізде тілді меңгеру деңгейі төмен екен. 2023 жылы тек ағылшын тілінде білім алушылардың саны 52 814 адамды құраған. Оның ішінде бакалавриатта білім алушылар саны 47 344 адамға, магистратурада - 3045 адамға, докторантурада 627 адамға тең болған. Бірақ бакалавриат деңгейінде оқитындардың - 4,8 пайызы, магистранттардың - 8,2 пайызы, докторанттардың 18 пайызы ғана тілді жоғары деңгейде меңгерген. Ресми мәліметтерге сүйенсек, докторантура деңгейі үшін 5 докторанттың тек 1-і ғана ағылшын тілін С1 деңгейінде білуі білім алушылардың даярлық сапасының төмен екенін көрсетеді.
Ал жоғары оқу орындарында тек ағылшын тілінде білім алатын студенттердің саны бойынша Қазақ-Британ техникалық университеті (6298), Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті (5433), Astana IT университеті (4977), С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті (2584), KIMEP университеті (2545), Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (1768), Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті (1650), Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік академиясы (1515) алдыңғы қатарда тұр.
Халықаралық байланыс Ғылыми кадрларды даярлау сапасын арттыруда шетелдік университеттердің тәжірибесін қабылдау үрдісі қарқын алып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та әлемдік озық жоғары оқу орындарымен тығыз жұмыс істеуді тапсырғаны есімізде. 2023 жылғы деректерге сәйкес, еліміздің жоғары оқу орындары шетелдік білім беру мекемелерімен 6044 белсенді халықаралық шарт жасасқан. Соның ішінде ұлттық жоғары оқу орындары - 1544, мемлекеттік жоғары оқу орындары - 2050, жекеменшік жоғары оқу орындары - 1394, халықаралық жоғары оқу орындары 88 шартқа қол қойған.
Президент тапсырмасы аясында 2022 жылы Петропавлда «University of Arizona» филиалы ашылды. Онда студенттер IT, инженерия, агротехнология және білім беру бағыттары бойынша қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде оқиды. Сондай-ақ С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің базасында М.Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінің филиалы, Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті базасында Мәскеу инженерлік-физикалық институты ұлттық ядролық зерттеу университетінің филиалы құрылды. Ал 2023 жылы шетелдік 8 жетекші жоғары оқу орнының филиалы ашылды. Олардың қатарында ең ірі әрі рейтингте жоғары тұрғаны - Ақтөбедегі Қ.Жұбанов университетінің базасында орналасқан «Heriot-Watt» университетінің филиалы. Сондай-ақ «Yessenov University» базасындағы Неміс инженерлік институты, Қызылорда университетіндегі Сеул ұлттық ғылым және технология университетімен бірлесе ашқан Жасанды интеллект ғылыми мектебі, Сәтбаев университеті жанынан құрылған QS рейтингі бойынша 70-орында тұрған әлемдегі ең үздік оқу орындарының бірі Гонконг «CityU» қалалық университетінің филиалы бар.
Сонымен қатар ғылыми мамандарды даярлау сапасын жақсартуда шетелдік сарапшылардың оқытушылық қызметі де маңызды рөл атқарады. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының ұсынған деректеріне сәйкес, 2023 жылы бюджеттен тыс қаражат есебінен 86 жоғары білім беру ұйымына 65 елден 877 шетелдік маман тартылған. Былтыр шетелдік мамандарды ең көп қабылдағандардың тізімінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қазақ ұлттық өнер университеті, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университеті, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті, Алматы технологиялық университеті, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті, Астана медицина университеті бар.
Жалпы, 2023 жылы еліміздің жоғары оқу орындарына бюджеттен тыс қаражат есебінен шетелдік мамандарды тарту өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай өскен. Тартылған мамандар саны 2022 жылдан бастап 16 пайызға артқан. Айта кетейік, мамандардың көбі Ресейден шақырылған. Сондай-ақ Германия, АҚШ, Польша, Ұлыбритания, Италия, Франция мемлекеттерінен де мамандар тартудың оң үрдісі байқалған. Бұл елдердің әрқайсысынан 20-дан аса маман тартылыпты.
Постдокторантура Дүниежүзілік тәжірибеде постдокторантура институты - жоғары білікті ғылыми кадрларды даярлаудың тиімді нысандарының бірі әрі ғылымның негізгі қозғалтқышы. АҚШ-та постдокторанттарға үкімет жанындағы тәуелсіз агенттік Ұлттық ғылыми қор (NSF) қолдау көрсетеді. Қор негізінен уақытша гранттар береді. Гранттардың дені жеке зерттеушілерге немесе зерттеушілердің шағын топтарына беріледі. Қалған гранттар зерттеу орталықтарын қаржыландыруға бағытталады. АҚШ-тағы постдокторлық бағдарлама PhD докторлары үшін және ғылым кандидаттары үшін бөлек жүзеге асырылады. Бірінші - «Postdoctoral Training» (постдокторалды зерттеулер). Онда постдокторанттар дәріс және семинар сабақтарына жеке қатысу арқылы біліктіліктерін арттырады. Оқу университеттің, ғылыми мекеменің стипендиялары немесе қайырымдылық ұйымдарының демеушілік көмегі есебінен қаржыландырылады. Осыған байланысты постдокторанттың ұстанымы уақытша және қаржыландыру көлеміне тікелей байланысты болады. Екінші - «Postgraduate Level» (ғылым кандидаттарына арналған постдокторантура). Онда кем дегенде үш жылға есептелген білім беру бағдарламасы жүзеге асырылады. Алғашқы екі жылда постдокторант жеке жоспар бойынша академиялық білім алады. Содан кейін бір жыл ішінде студенттер өз зерттеулерін жүргізеді және қаласа «Habilitation to direct theses» докторлық диссертациясын дайындау бойынша жұмыс істейді.
Германиядағы постдокторантура ғалымға зерттеу саласында тәжірибе жинауға мүмкіндік береді. Бұл мамандықты терең игеруге ықпал етеді. Зерттеу тобында немесе институтта постдокторант ретінде жұмыс істеу уақыты шектеулі, мамандыққа байланысты 3 жылдан 5 жылға дейін созылады.
Ал отандық тәжірибеде постдокторантура бағдарламасын 2020 жылы алғаш болып Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті енгізді. Бұл маңызды қадам университетті әлемдік озық деңгейдегі зерттеу университетіне айналдыруға және әлемдік ғылыми-білім беру қоғамдастығындағы отандық ғылымның бәсекеге қабілеттілігін одан әрі арттыруға бағытталған. Ұлттық университеттің жоғары халықаралық стандарттарға сәйкес келетін постдокторантура бағдарламасы ең алдымен ғылыми дәрежесі бар жас мамандардың кәсіби біліктілігін арттырып, олардың жүргізген дербес ғылыми зерттеулерін тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелер аясында және жоғары рейтингті ғылыми басылымдарда жариялану арқылы өзектілігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар постдокторантура бағдарламасы 2021 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, 2022 жылы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде, 2023 жылы Астана медицина университетінде және тағы басқа бірқатар университетте ашылды.
Елімізде танымал ғылымиметрикалық көрсеткіш h-index шамасы бойынша көшбасшылар тізіміне Назарбаев университеті, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қазақстан-Британ техникалық университеті кіреді. Қалған жоғары оқу орындарында h-index көрсеткіші 17-ден аспайды.
Ғылыми өндіріс Ресми деректерге сүйенсек, осы күнге дейін атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жоғары оқу орындарындағы зерттеушілер санының өскені байқалады. Бұл зерттеу сапасына оң әсер еткенімен, ғылыми өндірісті айтарлықтай ілгерілетіп жатқан жоқ. Санға қарап, қызметке келетін ғылыми кадр дайын деп қуануға әлі ерте. Өйткені академиялық кезеңді аяқтаған мамандардың көбі әрі қарай ғылыммен айналысуға бара бермейді. Ғылыми зерттеу қызметі саласына жоғары оқу орнынан кейінгі даярлықтың түлектері өте аз келеді. Оған себеп те көп. Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, 2022 жылы докторантураны тәмамдаған 1,5 мың түлектің ішінде ғылыми зерттеулер саласына тек 69 PhD келген. Қызметкерлерді жаңартудың бұл қарқыны зейнеткерлікке шығу сияқты табиғи себептер бойынша шығынның орнын толтыра алмайды. Өйткені зейнетке дейінгі және зейнет жасындағы кадрлар саны зерттеу қызметімен айналысатын барлық қызметкердің төрттен бірін құрайды.
Айтолған ЖҮНІСХАН 08.02.2024ж. Ақпарат көзі: egemen.kz
|