қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
10.11.2017

ҚР Мемлекеттік хатшысы Астанада өткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты

 

 

 

Бүгін Астанада Алаш арыстарын ұлықтау, олардың мұраларын зерттеуді жүйелеу, өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу және осы істі бір-біріне бауырлас халықтардың ортақ мұратымен сабақтастыру туралы қарар қабылданды.

 

Алашорданың 100 жылдығына арналған «Рухани жаңғыру: Алаш және азаттық идеясының сабақтастығы» атты халықаралық конференцияға қоғам қайраткерлері мен алаштанушы ғалымдар қатысты.

 

ЭКСПО Конгресс орталығында өткен алқалы жиында Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова алдымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысушыларға арналған құттықтауын жеткізді. Алашорданың ғасырлық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда елдің әр өңірінен және алыс-жақын шетелдерден келген тарихшылар мен зиялы қауым өкілдері басқосты.


Мәмбет Қойгелді, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің тарих ғылымдарының докторы, профессор:


- Елдегі аласапыран жағдайда қазақ қоғамының барлық өңірінен жиналған өкімдердің дауыс беруі арқылы сайланған Алашорда үкіметі толық легитимді заңды билік болатын. Тарих ақиқаты Алашорданы осы тұрғыдан мойындауды талап етеді.

 

Алаш қозғалысының XX ғасыр басындағы қазақ халқының саяси, әлеуметтік құқықтарын қорғау, ұлттың бірегейлігін сақтап қалу жолындағы күресі - елге қызмет етудің жарқыны көрінісі. Шетелдік меймандардың пікірі осындай.

 

Қара Абдулвахаб, Түркиядағы Мимар Синан университетінің профессоры, PhD:


- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биыл сәуір айында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы бүкіл зиялы қауымды және халықты дүр сілкіндірді. Біз тарихымызға қайтадан қарап, жаңғыртуға тиіспіз.


Зайниддин Құрманов, Қырғыз-Ресей Славян университетінің халықаралық қатынастар кафедрасының меңгерушісі:

 

- XX ғасырда Алаш қозғалысы Қазақ пен қырғыз халықтары арасындағы ынтымақтастықтың ірі жобасы болды деп айта аламын. Осы ортақ мұрат аясында қырғыз елінде де көптеген саяси тұлғалар қалыптасты. Олар бүгінде Қырғыз елінің негізін қалаушылар болып саналады.

 

Шараға қатысқан халық қалаулыларының айтуынша, Алаш қозғалысының пассионарлық идеялары біздің ата-бабаларымыздың азаттық алып, дербес мемлекет құру жолындағы сан ғасырлық аманатымен ұштасып жатыр.

 

Қуаныш Сұлтанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:


- Біріншіден, бұл - біздің тарихымыз. Біздің ұлттық өсуіміздің тарихы. Біздің ұлттық мемлекеттік құрылысымыздың тарихы. Біздің ұлттық санамыздың, мына осындай үлкен халықаралық дәрежеде айтылуға, сол деңгейге шығатын осындай біздің еліміздің өзінің құндылығы.

 

Қатысушылар Алашорда қайраткерлерінің идеялары мен қазіргі рухани жаңғырудың арасын тығыз сабақтастыру арқылы еліміздің кешегісі мен бүгінін, ертеңгі мұраттарға жалғауға ықпал ету керектігін айтты.

 

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:


- Алаш партиясының зиялыларының, көсемдерінің барлық арманы орындалды деп айтуға толық негіз бар. Жалпы бүгін маңызды конференция өтіп жатыр және конференцияның негізгі идеясы - біздің егемендігіміздің рухани көзі. Біздің егемендігіміздің рухани негіздерін кезінде Алаш партиясының зиялылары қалап кеткендігі туралы жақсы әңгімелер айтылып жатыр.

 

Дархан Кәлетаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:


- «Рухани жаңғыру» бағдарламасына толық сәйкес келеді. Алаш қозғалысының басында жүрген біздің үлкен ағаларымыз, көсемдер қазіргі таңда о дүниеде болса да, өздерінің ойлаған ойлары толық жетістікке жетті деп айтуға болады.

 

 Конференцияның пленарлық мәжілісі Алаш қозғалысының қызметін ашық көрсеткен секциялық басқосуға ұласты. Ал жиын соңында конференцияға қатысушылар Алаш арыстарын ұлықтау және олардың мұраларын зерттеуді жүйелеу туралы қарар қабылдады.

 

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Әзиза Мақұлбаева, Ғани Алшынбаев

10.11.2017ж.

Ақпарат көзі: 24.kz