Main
News
28.03.2024 Абай университетінің ғалымдары Гази университетінде дәрістер өткізді
Абай атындағы ҚазҰПУ мен Гази университеті (Түркия) арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында 2024 жылдың 23-25 наурызы аралығында Педагогика және психология институтының мектепке дейінгі білім беру және әлеуметтік педагогика кафедрасының оқытушылары: кафедра меңгерушісі Ұлбосын Қыяқбаева, қауымдастырылған профессор Гүлбану Абитова, қауымдастырылған профессордың м.а. Анар Алимбекова, қауымдастырылған профессордың м.а. Асем Булшекбаева «Мектепке дейінгі білім берудің қазіргі әлемдік жүйелері», «Мектеп жасына дейінгі балалардың тілін дамыту әдістемесі», «Отбасы педагогикасы», «Балалар психологиясы» пәндері бойынша 2-3 курс студенттеріне қонақтық дәрістер өткізді. Дәріс барысында мектепке дейінгі білім берудің әлемдік жүйесін дамытудың негізгі бағыттары, мектепке дейінгі оқыту мен дамытудың заманауи трендтері, мектепке дейінгі ұйым мен отбасының серіктестік қатынастарындағы жаңа тәсілдер талқыланды. Ғалымдар достық атмосферада әдістемелерімен және практикалық тәжірибелерімен бөлісіп, білім алушылардың білім берудегі инновацияларға үлкен қызығушылығын тудырды.
Қонақтық дәрістің қорытындысы бойынша қатысушылар ұйымдастырушылар мен спикерлерге Қазақстанда мектепке дейінгі білім беруді дамыту туралы өте көлемді және пайдалы контент үшін үлкен алғыстарын білдірді.
Университет ғалымдарын Білім беру факультетінің деканы профессор Ебру Ерсай қабылдап, факультеттегі білім беру бағдарламаларымен таныстырды. Факультет профессор-оқытушылар құрамымен, бакалавриат, магистратура, докторантура білім алушыларымен кездесулер ұйымдастырып, ғылыми-зерттеу жұмыстары бойынша ынтымақтастық мәселелері қаралды.
Сонымен қатар, мектепке дейінгі білім беру кафедрасының меңгерушісі, профессор Айше Дилекпен кафедра ғалымдарының онлайн форматында дәрістер оқу, тренингтер өткізу және мектепке дейінгі білім беру бойынша оқулықтар, оқу құралдары, монографиялар жазу бойынша бірлескен жоспарлар талқыланды.
Университет ғалымдарына Ататүріктің анасы Зүбейде Ханым атындағы балабақшада шеберлік сыныптары өткізіліп, екі жақты тәжірибе алмасу алаңы ұйымдастырылды. Балабақшада Түркияның мектепке дейінгі ұйым жұмыстары толық таныстырылып, ақпараттар берілді.
|