қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
30.11.2017

Ғылымдағы бедерлі із

 

Тамыры терең ел екенімізді дәлелдеп, тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайтуға атсалысып жүрген тарихшыларымыздың ұрпақ алдындағы еңбегі ерен. Бүгінде еліміздің тарихын түгендеп, зерделеген аға толқын тарихшылардың шоғырында тарих ғылымының докторы, республика гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «Отан тарихы» кафедрасының профессоры Ғизатолла Қаймолдаұлы Халидуллиннің өз орны бар. Негізінен бұл кісінің тарих саласындағы еңбектерін екі салаға бөліп қарауға болады. Оның бірі - еліміздегі тарихи-мәдени ескерткіштерді тауып, зерттеп, мемлекеттік тізімге енгізу болса, екінші бағыты Кеңес өкіметінің қазақ даласындағы аграрлық саясатының «ақтаңдақ» тұстары болатын. Ғизатолла Қаймолдаұлы осы екі бағытта да өнімді еңбек етіп, ел тарихын түгендеуге өзіндік үлес қосып жүрген ғалым.

 

1982 жылы қыркүйек айында ҚазКСР Ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы тарих, этнология және археология институтының аспирантурасына қабылданып, 1986 жылы академик Б.Төлепбаевтың жетекшілігімен жастарды ауыл шаруашылығына тарту мәселесі тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғаған ол мұнан соң Қазақ КСР Ғылым академиясының Тарих, этнология және археология институтының мәдени-тарихи ескерткіштер бөлімінің қатардағы ғылыми қызметкерінен бөлім бастығына дейінгі сатылардан өтті. Осы жылдары көп томдық «Қазақстанның тарихи-мәдени ескерткіштері» жинағын дайындау мақсатында Алтайдан Атырауға дейін көптеген тарихи-мәдени ескерткіштерді ғылыми сараптауға арналған ғылыми-зерттеу экспедициясына қатысты. Нәтижесінде «Қазақстанның көп томдық тарихи-мәдени ескерткіштер жинағының» бірінші томын баспадан шығаруға еңбек сіңірді.


1989 жылы Атырау қаласында өткен ҚазКСР Ғылым академиясының көшпелі сессиясына барған атақты академик, тарихшылар М.Қозыбаев, К.Ақышев, К.Байпақовтарды Жайық өзенінің жағасындағы «Көне Сарайшық қаласы» қазба орнына апарып, аталған тарихи орынды одан әрі зерттеу туралы мәселе көтерді. Сол жылдары Ғизатолла Қаймолдаұлы Атырау облысында өткен аймақтық «Солтүстік Каспий мәдениеті және оның тарихи-архео­логиялық зерттелуі» атты халықаралық ғы­лыми-практикалық конференцияны ұйым­дас­тыруға белсене атсалысты. Осы жылы Ғ.Халидуллин археолог З.Самашевпен бірге Солтүстік Каспий өңірінің көне заманғы тарихы мен мәдениетін зерттеу үшін академик М.Қозыбаевтың басшылығымен Батыс Казақстан тарихи-мәдени және археологиялық экспедициясының негізін қаласты.


Атырау өңірінің басшысы Р.Шырдабаевтың алдына мәселе қоя жүріп және сол кісінің араласуымен осы экспедицияға Самара қаласындағы «Союз-гипровостокнефть» ғылыми-зерттеу жобалау институтынан Теңіз кенішінің өндірістік орындарындағы мәдени мұраларды зерттеу жұмыстарына қаражат бөлгізді.

Ғылыми экспедициялардың негізінде Атырау облысының аймағынан көптеген тарихи ескерткіштер анықталып құжатталды. Оларды қорғау, есепке алу, шарттау мәселелерін облыс әкімшілігінің алдына койды. Көп ұзамай атақты ақын Мұрат Мөңкеұлының, күйші Құрманғазы бабамыздың кіндік қаны тамған жері, Сағырбай қыстауы және бұлардан басқа 18 ескерткіш нысандары құжатталып, мемлекеттік қорғауға алынды. Батыс өңіріндегі Иманқара ескерткішін зерттеу­ге Ж.Таймағанбетов, З.Самашевтармен бірге тікелей атсалысты.


1990 жылдар басында Ғ.Халидуллин қоғамдық негізде Қазақстанның тарихи-мәдени ескерткіштерін қорғау қоғамы төрағасының орынбасары міндетін атқарып, Республикадағы көптеген тарихи-мәдени ескерткіштерді паспорттауға, есепке алуға үлкен үлес қосты. 1994 жылы қазақ зиялы азаматтарымен бірге жоңғар шапқыншылығы барысында шешуші рөл атқарған Орбұлақ шайқасының 350 жылдық тойын ұйымдастыруға және өткізуге белсене қатысып, оның тарихи маңызын насихаттаушылардың бірі болды.
Тарихшы-ғалым профессор Ғизатолла Халидуллиннің ғылыми жұмысындағы екінші бағыт ол - кеңестік биліктің Қазақстандағы аграрлық саясатының «ақтаңдақтарын» ашып, тарихи ақиқатты қалпына келтіру еді. Айталық, біз кеңестік идеология тұрғысында жазылған тарихты оқып өскен аға ұрпақ бұған дейін Қазақстандағы социалистік құрылыстың «табысты» жүргізілгеніне, соның арқасында республикамыздың «гүлдене» түскеніне имандай сеніп келгеніміз рас. Кеңес өкіметі орнатылғаннан кейін елімізде байлардың мал-мүлкін тәркілеп, өздерін тап ретінде жою, ауылды ұжымдастыру науқандарының дұрыс жүргізілгенін мойындағанымыз да ақиқат. Кеңес мемлекетін құру үшін осылай істеу заңды деп түсінгеніміз де бекер емес.


Ал енді тарихшы-ғалым Ғизатолла Халидуллин Кеңес өкіметінің Қазақстандағы аграрлық саясатын зерттей келіп, оның қарапайым ауыл халқына қаншама залал әкелгенін шындық тұрғыда әшкерлеп берген еді. Ресейде Қазан төңкерісі жеңіске жетіп, жаңа кеңестік өкімет орнағанымен, ұлт аймақтарындағы жағдай ушыға түскені белгілі. 1917 жылғы төңкерістен кейін Қазақстан да күшті әлеуметтік және саяси күйзелістерге тап болды. 1918 жылғы ауа райының қолайсыздығы, шовинистік пиғылдағы кеңес органдарының басшылары Қазақстан мен Түркістанның жергілікті халықтарын шарасыз жағдайға әкеп соқтырды. 1920 жылдың басында-ақ Верный уезінде 120 мыңнан астам адам аштыққа ұшырап, Әулие-ата, Перовск, Түркістан, Шымкент, Қостанай және Ақтөбе уездерінде жаңа астыққа жетуге мүмкіншілігі жоқ 176807 шаруашылық тіркелген. Аштықтың күшейгені сонша, Әулиеата уезінде 1919 жылы жергілікті халықтың 35 пайызы ғана тірі қалған. Ал сол кезде Сырдария мен Жетісу облыстары қазақтарының бай мал шаруашылығы әбден тоналып, көшіп келуші орыс шаруаларының саны уезде 115 пайызға, ал олардың шаруашылықтарындағы мал басы 125 пайызға көтерілді. Әбден әлсіреген және қаза болған қазақтардың жерлері орыс кулактары мен дәулетті шаруаларының қолына көшті. Жаңа билік жергілікті халықтың тағдырына жаны ашымады. Қайта билікті қолына алған «маркстік шовинистер» қазақтардың өлімін «революция мүддесіне пайдалы» деп есептеді.


Т.Рысқұловтың бастамасымен 1918 жылы қазан айында Аштықпен күресетін орталық комиссия құрылды, оның төрағасы болып өзі сайланды. Алайда комиссия бірінші күннен бас­тап жергілікті тұрғындарға жаны ашымайтын Түркістанның азық-түлік директориясы мен РСФСР Азық-түлік халық комиссариатының қызметкерлерінің кертартпа әрекеттерінің салдарынан үлкен кедергілерге кезікті. Астық сату, азық-түлікті бөліп беру ісінде қазақтарды кемсітуге жол берді. Астықтың көбі «орталыққа» жөнелтіліп жатты.


Профессор Ғизатолла Халидуллиннің зерттеулеріне қарағанда, жоғарыдағы қолдан жасалған ашаршылық қана емес, қазақ халқына жасалған басқа да қастандықтар жетіп артылады. Ресейден жіберілген қоныс аудару­шы­ларға ерекше жағдай жасалды. Оларға қазақтардың шұрайлы жерлерін, су көздерін тартып әперді. Қазақстандағы Кеңес өкіметінің жер жөніндегі іс-шаралары бастапқыда оның қоныстандыру саясатымен тығыз байланыс­та жүзеге асырылғанымен, миллиондаған орыс шаруаларының қоныстануы мен оларды шығыс аймақтағы жерлерге орналастыру жергілікті халықтың құқығын шектен тыс бұзу болатын.


Кеңес өкіметі жергілікті халықтың жерге деген құқығын шектеумен қатар, оларға салынатын салықтың түр-түрін де өршіте түскенін зерттеуші Ғ.Қ.Халидуллин нақты деректермен дәлелдейді. Қазақ тұрғындарына салық салудың жасырын нысандарын табу үшін, РКФСР Қаржы халық комиссарының нұсқауы бойынша, қаржы органдары, болыстық атқару комитеттері жанында сыртқы салық қызметкерлерінің институты енгізілді. 1922-1923 жылдары ауыл тұрғындарына бірыңғай табиғи және киіз үй салығынан басқа да салықтар: еңбек көлік салығы, жалпы азаматтық салық және бірнеше жергілікті салықтар салынды.


Бүгінде Ғ.Халидуллиннің 100-ден аса ғылыми еңбектері өз еліміз бен шет елдерде жарық көрсе, оның 5-еуі монография, 2-еуі оқу құралы. Халықаралық ғылыми қауымдас­тықта да оның өз орны бар. Ғизатолла Қаймолдаұлы Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде, дүниежүзілік демографиялық зерттеу орталығында, П.Лумумба атындағы Ресей халықтар достығы университетінде ғылыми баяндамалар жасады. Ұлыбританияның Бекингэм университетінің ректорымен кездесіп, білім берудің инновациялық технологиялары жөнінде пікір алмасқаны бар. Ал Ғизекең Кембридж университетінің профессоры Джордж Кларкпен кездесуінде қазіргі тарих ғылымының өзекті мәселелері, оны оқыту әдістемелері туралы ой бөлісті. Сондай-ақ ол әлемнің көптеген елдерінің жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарында болып, олардың озық тәжірибелерін елімізге олжалап қайтқан ғалым.


Ғизатолла Халидуллин 1960-шы жылдардың бас кезінде Атыраудағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепте оқып жүргенінде тарих пен археологияға қызығып, жергілікті өлкетанушы ғалым В.К.Афанасьев басқарған археологиялық қазба жұмыстарына, зерттеу шараларына қатысады. Мектептен кейін жүрек қалауымен Гурьев педагогикалық институтының тарих факультетіне түскен Ғ.Халидуллин оқу орнындағы комсомол және кәсіподақ жұмыстарына жан аямай атсалысады. Белсенді қоғамдық жұмыстары үшін 1970 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған студент өз ынта-ықыласымен институтта студенттердің тарихи-археологиялық тобын ұйымдастырып, туған өлкенің мәдени-тарихи орындарын зерттеумен айналысады және оқу орнының мұражайын көптеген археологиялық материалдармен толықтырады. Сол кезде бүкіл Кеңес Одағында жүріп жатқан «Әкелер даңқы жолымен» Бүкілодақтық әскери-патриоттық жорығы аясында туған өлке тарихын зерттеу бағытында бірқатар жұмыс атқарады. Тарихи Сарайшық қаласын зерттей жүріп, ғылыми тәжірибелік конференцияда баяндамалар жасайды. Сол кезде-ақ оның еңбектері республика және облыс деңгейінде жоғары бағаланып, тиісті марапаттарға ие болып жататын еді.


Жоғары оқу орнынан кейін арнаулы жолдамамен Гурьев облыстық комсомол комитетінде нұсқаушы, лекторлар тобының жетекшісі, бөлім меңгерушісі сияқты лауазымдық қызмет­тер атқарды. Мәскеудегі «Жұлдызды қалашықта» өткен Кеңес Одағының даңқты әскери қолбасшылары, Кеңес Одағының маршал­­дары И.Баграмян, И.Конев, Н.Покрыш­­кин, Г.Жуковпен және КСРО ұшқыш-ғарыш­керлерімен кездесулерінен алған әсерлерін елге келген соң жастарға әңгімелеп берген еді.


1971 жылғы 14 қазанда Дондағы Ростов қаласында өткен бүкілодақтық жас лекторлардың халықаралық семинарына қатысуы да оның жан-дүниесін байытып, ой-өрісін кеңейте түскені әлі есінде. 1976 жылы Қазақ теміржолына қарасты «Қызыл Крест және Қызыл жарты ай» қоғамының төрағасы болып сайланды.1978 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының конференциясына қатысып, халыққа медициналық-санитарлық қызмет көрсету және оны насихаттау жұмысына атсалысуы Ғизатолла Халидуллинің өміріндегі ең бір есте қалатын елеулі сәттер болды. Бұдан кейінгі еңбек жолы Қазақ КСР Ғылым академиясымен тығыз байланысты. Ол ғылым жолына осындай өмірлік тәжірибемен келген азамат. 1994 жылы, Қазақ Заң институтының доценті, деканның орынбасары, проректоры болғаны, академик С.Зиманов басқарған Қазақ Академиялық заң университетінің проректоры, одан бері Абай атындағы ҚазҰПУ-дағы кафедра меңгерушілігі бар, бәрі де Ғ.Халидуллиннің асқан асулары деп білеміз.
Ғизатолла Қаймолдаұлы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің жанындағы Отан тарихы мамандығы бойынша жұмыс істейтін докторлық Кеңестің мүшесі, оның жетекшілігімен ғылыми еңбегін қорғаған аспиранттар, ізденушілер мен магистранттар еліміздің әртүрлі жоғары оқу орындарында жемісті еңбек етуде.


Отан тарихының келелі мәселелерін зерделеген ғылыми шығармалары арқылы ол бүгінгі күні елімізге, шетелдік ғылыми ортаға танымал ғалымға айналып отыр. Оның зерттеу еңбектері Қазақстанда, Ресей Федерациясында, Украинада, Германияда, тағы да басқа елдерде жарияланған. Ғизатолла Қаймолдаұлы Мәскеудің М.Ломоносов атындағы Мемлекеттік, П.Лумумба атындағы Халықтар достығы университеттері студенттері арасында әлемдік және Қазақстан тарихы мәселелеріне арналған дәріс те оқыды.


Ресей Федерациясы, Франция, Германия, Ұлыбританияның белгілі тарихшы ғалымдарымен, мұрағат қызметкерлерімен болған кездесуле­рінде жалпы тарих мәселесімен қатар Қазақстан тарихын әлемдік тарихтың құрамдас бөлегі ету мәселесін алғаш көтеріп, бұл бағыттағы ойларын жеткізді. Ғалымның бұл келелі ұсынысы аталған елдер тарихшыларынан орынды қолдау тапты. Өзінің осындай маңызды бастамасын ол қазіргі күні де үнемі көтеріп, бұл бағыттағы атқарылар шараларды ғылыми және көпшілік басылымдарда жариялап келеді. Бүгінгі уақытқа дейін ғалым ғылыми ортаға кеңінен белгілі көптеген монографиялардың, оқулықтардың, 100-ге жуық тарихи мақалалардың авторы.


Қорыта келгенде, отандық тарих ғылымына сүбелі үлес қосып жүрген білікті ғалым өзінің ұлағатты шығармашылық әрі еселі еңбек жолымен замандастарына, ізбасар шәкірттеріне үлгі-өнеге екені сөзсіз. Кейіпкеріміздің қайраткерлік, азаматтық ұстанымдары ұлт тарихындағы бедерлі іздердің молынан қалыптасуына игі әсер етті деп толық сеніммен айта аламыз.

 

Авторлары: Ғабит КЕНЖЕБАЕВ, Абай атындағы ҚазҰПУ
оқу әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректоры, тарих
ғылымының  докторы,ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі

 

Мырзахан АХМЕТОВ, Абай атындағы ҚазҰПУ
Қоғаммен байланыс бөлімінің бастығы

30.11.2017ж.

Ақпарат көзі: anatili.kazgazeta.kz