Main /
Mass media about us
14.05.2024 Абай атындағы ҚазҰПУ-да Лотарингия университетінің филиалы ашылады
Елімізде жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарының ашу Президенттің тапсырмасына, сондай-ақ ҚР Жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес жүзеге асырылып жатыр, деп жазады Egemen.kz.
Астанада Мемлекет басшысының осы тапсырмасын орындау аясында министр Саясат Нұрбек Лотарингия университетінің (Université de Lorraine, Франция) делегациясымен кездесті.
Тараптар университеттер арасындағы ынтымақтастықтың негізгі мәселелерін талқылап, Лотарингия университетінің Abai University базасында құқық, педагогика және мемлекеттік басқару саласындағы филиалын құруға ерекше назар аударды. Кездесу барысында Саясат Нұрбек шетелдік қонақтарға Қазақстанның жоғары білім және ғылым саласындағы, атап айтқанда шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жөніндегі жоспарларымен таныстырды, онда шетелдік жоғары оқу орындарымен стратегиялық әріптестік шеңберінде Қазақстан техникалық оқу орындарын құруға басымдық беретінін атап өтті.
«Біз шетелдік серіктестеріміз өз кампустарын ашып, жергілікті университеттерді халықаралық университеттерге айналдыруға көмектесу үшін толық серіктестікке қол жеткізгіміз келеді», деп атап өтті министр.
Кездесуде Abai University базасында құқық, педагогика және мемлекеттік басқару саласында Лотарингия университетінің филиалын құру туралы келісімге қол қойылды. Қол қоюға университет ректоры Болат Тілеп және Лотарингия университеті Президентінің тапсырмасы бойынша құқық, экономика және мемлекеттік басқару институтының директоры Пьер Тифин қатысты.
Француз университетімен стратегиялық әріптестік шеңберінде педагогика, халықаралық құқық және мемлекеттік басқару саласындағы бакалавриат пен магистратураның қос дипломды бағдарламалары, сондай-ақ білім алушылардың академиялық ұтқырлығы, оның ішінде Эразмус+, бірлескен зерттеу және білім беру жобалары шеңберіндегі ғалымдардың ынтымақтастығы, «Абай-Верн», Болашақ «500 ғалым» стипендиялық бағдарламаларына қатысу көзделген.
14.05.2024 Ақпарат көзі: egemen.kz |