Main
News
21.05.2024 Абай университетінің өкілдері Әйтеке бидің 380 жылдығына арналған халықаралық іс-шараларға қатысты
2024 жылдың 14-19 мамыр аралығында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің өкілдері Науаи қаласында (Өзбекстан) өткен Әйтеке бидің 380 жылдығына арналған халықаралық іс-шараларға барып келді.
Өзбекстанның Қазақ ұлттық мәдени орталығының облыстық филиалы бірлескен Әйтеке бидің 380 жылдық мерейтойына арналған шараға университет өкілдері: әлеуметтік даму жөніндегі проректор Мақсат Жақауов, Психологиялық қолдау қызметінің жетекшісі Саида Қосбай, «Мансап» орталығының жетекшісі Рақымберді Жетібай, Өнер факультетінің қауымдастырылған профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерболат Мұстафаев, «Музыкалық білім және хореография» кафедрасының аға оқытушысы Алмат Кумаржанов, Өнер факультетінің «Көркем білім» кафедрасының аға оқытушысы Ернат Иманбакиев, Жастар ісі жөніндегі комитеттің инструкторы Мағжан Жумагулов және Өнер факультетінің студенттері барды.
Университет өкілдері Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өзара ынтымақтастық, екі ел арасындағы ортақ мәдени және тарихи байланыс берік екенін көрсете біліп, өзіне атқарылған міндетті орындады.
Атап айтқанда, Науаи қаласының Орталық алаңында өткен Әйтеке би Байбекұлының 380 жылдық мерейтойына арналған танымдық шарада университет өнерпаздары «Елім-ай» қойылымын сахналады. Өнер факультетінің қауымдастырылған профессоры Ерболат Мұстафаев «Науаи» күйін орындады. Ал университетіміздегі О.Досбосынов атындағы ақындар орталығының жетекшісі Шұғайып Сезімхан Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Қарақалпақстанның ең таңдаулы ақындары қатысқан Әйтеке би Байбекұлының 380 жылдығына орай ұйымдастырылған халықаралық ақындар айтысында жүлделі үшінші орынға ие болды.
Науаи мемлекеттік педагогикалық институтының ұйымдастыруымен өткен ғылыми-практикалық конференцияға Абай университетінің өкілдері де қатысып, баяндама жасады. Конференция барысында университет студенттері «Батыр қыз» сән үлгісін көрсетті. Сондай-ақ, проректор Мақсат Жақауов университет атынан Науаи облысының әкімі Нұрмат Тұрсыновқа Абай Құнанбайұлының портретін, ал Науаи облысы Мәдениет басқармасына қарасты «Әйтеке би музейіне» Әйтеке би бабамыздың портретін сыйға тартты.
Сонымен қатар, университет өкілдері Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті елшілігінің шақыртуымен Ташкент қаласында шет елдердің дипломатиялық өкілдіктері арасында өткен XX мәдени дәстүрлер мен ұлттық тағамдар фестиваліне қатысып, университет өнерпаздары өнер көрсетті. Атап айтқанда, фестиваль алаңында университет студенттерінің би тобы Сүгірдің «Аққу» күйіне билесе, Өнер факультетінен Ерболат Мұстафаев Жалдыбайдың күйі «Қара жорғаны» орындады.
Айта кетейік, шараға түркі мемлекеттері және халықаралық ұйымдардан келген мәртебелі қонақтар мен Абай университетінің өкілдері Нұрата қаласында орналасқан «Сейітқұл әулие - Әйтеке би» мемориалды кешеніне барып, баба рухына құран бағыштады.
Әлеуметтік даму және жастар саясаты жөніндегі департамент |