қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
06.06.2024

                 Білім мен біліктілік курсы өтті

 

                

 

Үстіміздегі жылдың 6-7 маусым күндері Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Білім алушыларда пәндік, цифрлық құзыреттіліктерді, функционалдық сауаттылықты, икемді дағдыларды қалыптастыру» деген тақырып бойынша біліктілікті арттыру курсы өткізілді. Бұл курс Түркістан облысының жалпы білім беру мекемелерінің басшылық құрамы мен мұғалімдері үшін арнайы ұйымдастырылып, жиынға 8 мектептен 150-ден астам өкіл қатысты.

 

Іс-шараның мақсаты - Түркістан облысындағы жалпы білім беру ұйымдарының басшылары мен педагог кадрларының біліктілігі мен кәсіби құзыреттілігін жүйелі түрде арттыру. Жыл соңына дейін осы дайындық курстарында мыңға жуық педагог біліктілігін арттырады. Бүгінгі таңда олардың алғашқы легі курс сабақтарын бастап та кетті.

 

Аталмыш іс-шара аясында 6 маусымда «Білім сапасы мен мектеп менеджменті - теория мен практика сабақтастығы» панельдік сессиясы өтті, оған білім беру саласындағы тәжірибесі мол университет оқытушылары қатысты. Модератор - қауымдастырылған профессор Нұржамал Ошанова.

 

Спикерлер қатарында ғылым докторлары, ғылым кандидаттары және университет профессорлары, атап айтсақ: Амангүл Оракова, Азия Жұмабаева, Сәуле Әбішева, Нағима Ілиясова, Серік Иватов, Қалампыр Жұмағұлова және Шахислам Лайсханов сияқты білім беру саласындағы жетекші сарапшылар болды.

 

Панельдік сессия барысында 16 тақырып талқыланды, оның ішінде - білім берудегі сапа менеджменті жүйесі (TQM IS), белсенді оқыту әдістері арқылы функционалдық сауаттылықты дамыту, электронды цифрлық ортада орыс тілі мен әдебиеті оқулықтарын пайдалану, «4К моделі» және дискурстық талдау, мұғалімдер мен мектеп оқушыларының ғылыми-зерттеу жұмыстары, жаратылыстану пәндері бойынша метапәндік құзыреттіліктерді қалыптастыру, география мұғалімдеріне геоақпараттық білім беру мәселелері, білім беруде жасанды интеллектті (ЖИ) пайдалану, мектептегі ғылыми жобалардағы мәліметтерді талдау, лингвистикалық интерпретацияның оқыту әдістемесіндегі орны, ғылымды дамыту бойынша білім, мектепте қашықтықтан оқыту материалдарын пайдалану, цифрлық педагогика және педагогтың IT құзыреттілігі.

 

Спикерлер өз тәжірибелері мен пікірлерін бөлісіп, мазмұнды баяндамалар жасады. Сондай-ақ олар осы саладағы кәсіби дағдылар мен білімді дамытудың негізгі факторы ретінде біліктілікті арттыру курстарының маңыздылығын атап өтті.

 

Абай атындағы ҚазҰПУ-дың бастамасымен өткізілген біліктілікті арттыру курстары тәжірибе мен білім алмасу алаңына айналып қана қоймай, Түркістан облысының білім саласын одан әрі дамытуға ықпал етті.

 

Қатысушылар өздерінің педагогикалық практикасына енгізе алатын жаңа білімді, нақты әдістер мен стратегияларды меңгеруге тамаша мүмкіндік алды

 

06.06.2024

Ақпарат көзі: qazaq1913.com