Main /
Mass media about us
08.06.2024 Абай университеті Түркістан облысы ұстаздарының біліктілігін арттыруда
Түркістан қаласында Түркістан облысы білім беру ұйымдарының басшылық құрамы мен мұғалімдеріне арналған «Білім алушыларда пәндік және цифрлық құзыреттіліктерді, функционалдық сауаттылықты және икемді дағдыларды қалыптастыру» біліктілігін арттыру курсы аясында пленарлық отырыс өтті.
Пленарлық отырысқа ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төраға орынбасары Гульжан Джарасова, Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Болат Тілеп, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, Түркістан облысы Білім басқармасының өкілдері, өңірдегі білім беру ұйымдарының басшылары мен мұғалімдері қатысты.
Ректор Болат Тілеп Абай университетінің қызметі мен жетістіктеріне тоқталып, жалпы білім беру саласындағы кадрлар тапшылығы мәселесін жоюға, сондай-ақ жаңа формациядағы педагог кадрларды даярлауға, педагогтердің біліктілігін арттыруға және қайта даярлауға бағытталған университеттің бастамалары туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
Білім сапасын арттыру үшін педагогтар мен білім беру ұйымдарының басшыларын қайта даярлау мен біліктілігін арттырудың маңыздылығына ерекше назар аударылды. Мұндай бастамалар білім берудің заманауи әдістерін енгізуге және болашақ мамандарды даярлау үшін қажетті кәсіби құзыреттіліктерді дамытуға ықпал ететіні атап өтілді. Бұл өз кезегінде жалпы білім беру жүйесіне, оның сапасына оң әсерін тигізеді.
Пленарлық сессия аясында Абай атындағы ҚазҰПУ профессорлары: ҚР ҰҒА академигі Алма Әбілқасымова «Цифрлық технологиялар орта мектеп пен жоғары педагогикалық оқу орнында математикалық білім берудің сабақтастығының факторы ретінде» тақырыбында, Педагогикалық ғылымдар академиясының президенті, академик Асқарбек Құсайынов «Ұстаз құзіреті - білім сапасының қайнар көзі» тақырыбында мазмұнды баяндама жасап, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Бұл бастама мұғалімдердің кәсіби шеберлігін шыңдауда жаңа серпін беріп, білім сапасын арттыруға және білім берудің заманауи әдістерін енгізуге ықпал етті.
08.06.2024 Ақпарат көзі: dalanews.kz |