Main /
Mass media about us
15.06.2024 Ережесіз жекпе-жектегі тұңғыш қазақ қызы: «Ақылмен жолсыз жерден жол ашуға болады»
Зәмзәгүл Файзолланова - әйелдер арасындағы ережесіз жекпе-жектен әлемдік аренада Қазақстанның намысын қорғап жүрген, «Бопай» атымен танымал қазақтың қайсар қызы. Кенесары ханның жауынгер қарындасының есімін лақап ат ретінде иелеген ол аталған спорт түрінен өзінің бес жылдық мансабында бес рет жеңіске жетіп, көк Туымызды көкте желбіретті. Алайда, көрермен көзайымына айналған файтер қыз туралы жақында елді елең еткізген сыбыс пайда болған еді. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің түлегі, Ұлттық құраманың бұрынғы мүшесі, кезінде нөмірі бірінші дзюдошы атанған Зәмзәгүл спорттағы мансабын аяқтайтыны рас па? Үш баланың анасын Алматыда, үлкен жарыс алдындағы дайындықтан кездестіріп, көкейдегі сұрақтарымызға жауап алдық. - Зәмзәгүл, Сізді азан шақырып қойған есіміңізбен атайын ба, әлде, адамдардың «Бопай» деп танып жатқаны ұнайды ма?
- Менің есімімді 92 жастағы әжем қойған екен. Өзі бес уақыт намаз оқитын, дінді берік ұстанатын жан болыпты. Мен туылғанда, Меккедегі зәмзәм суының дәмін татып көргісі келіп, ниеттенген екен. Өз есімім өзіме ұнайды. Дегенмен, көпшілік Бопай деп танып жатса, мен үшін ол үлкен мәртебе! Бопай атына сай болу - міндетім.
- Қазір өзіңіз айналысып жүрген ережесіз жекпе-жектегі жауынгер қыздардың үштігіне кіресіз. Дзюдодан Ұлттық құраманың атынан өнер көрсетіп жүргенде де аталған спорт түрінен алдыңғы лекте болғаныңызды білеміз. Спортқа әкеңіздің баулығаны анық, ал, мансап жолында жетістікке жетуіңізге ықпал еткен кімдер?
- Иә, әкем спорттың үш түрінен спорт шебері. Залдың есігін алғаш ашып көрсеткен сол кісі болатын. Дзюдоға әкем алып келгенде 8 жаста едім. Кейіннен Валентина Камсулева, Хикматулла Халиков сынды бапкерлерім болды. Негізінен бағыт-бағдар қажет, алайда жетістіктің бәрі адамның ниетімен келеді. Яғни, адамның өзінде шын ниет болу керек. Немен айналысып жүргеніңді саналы түсініп, шынайы жүрегіңмен қаламасаң, белгілі бір жолда белесті бағындыруың екіталай. Екіншіден, жетістіктің кілті ерен еңбектенуде жатыр. Негізі, қай жерден өзімді көргім келсе, сол саланы бес саусағындай білетін жанашыр жандар жанымнан табылып, қолдан келгенше көмек қолын созып жатады.
Ұзақ жылдар бойы дзюдомен, күреспен айналыстым. Одан кейін боксқа ауысу өте қиын болды. Әйтсе де берілмей, соңына дейін барамын деген шешімім, мені осы күнге алып келді. Жатсам, тұрсам ойым сол болатын. «Іштей удар өткізіп алсам, құлап қалсам, денемді жарақаттап алсам, қарсыластан жеңіліп қалсам» деген сияқты терең ойға батып, «Не болады?» деген сұрақтарға жауап іздеп жүретінмін. Күндіз-түні бокс залында жаттықтым. Алғашқы болу кез келген жағдайда қиын. Әсіресе, спортта. Себебі, біріншілердің алдында жол көрсететін ешкім болмайды. Өзіңіз айтқандай, ережесіз жекпе-жектегі алғашқы қазақ қызымын. Егер менен бұрын бір қаракөз қандасымыз сегіз бұрышта өнер көрсеткен болса, соған қарап өз жолымды анықтайтын едім. Оның артынан еріп, карьерасы қалай болды - нені қалай жасау керек, қай қателігін қайталамау керек деген сияқты... Түсінесіз бе, жол бар, соңынан еретін жан жоқ. Алдың белгісіздік. Тіпті, қандай жағдайда травма алып қаламын, қалай қорғанамын деп уайымдайтынмын. Осылайша ұзақ ізденіс үстінде бодым деп айта аламын. Физикалық, техникалық, тактикалық, психологиялық тұрғыда өзімді ұзақ дайындадым.
- Өткен шақтан естелік бөліссеңіз. Қандай студент болдыңыз? Сабақтан жиі қалатын, жарыс, дайындық деп аудиторияда емес, залда жүретін «ерке» білімгер болған шығарсыз?
- Оқырманға студенттік шағымның емес, қалай студенттік өмірге қадам басқаным туралы қызықты айтайын. Өзім Абай атындағы ҚазҰПУ түлегімін. 11 сыныпты аяқтаған соң, дзюдодан жасөспірімдер және әйелдер арасында Қазақстан чемпионы атанып, ары қарай Ресейге жолдама ұтып алдым. Әлі күнге дейін есімде, университетке оқуға түсуге емтихан тапсыратын күні мен Орынбор қаласынан ұшып келдім. Сол кездегі бапкерім Валентина Камсулева туфлиімді, шалбар, көйлегімді алдын ала дайындап, мені аэропорттан күтіп алды. Өзім самолеттан жаңа түскен бетім, шаршап тұрмын, дайындығым да аз. Біздің кезімізде жалпы балдан орыс тілін шегеріп тастайтын. Дәл қазір есімде жоқ, бірақ, менің көрсеткішім грант алуға жетпеді ғой деймін. Валентина Камсулева мені ертіп алып, сол кездегі Абай университетінің ректорына алып кірді. «Дзюдодан спорт шебері, Қазақстанның намысын қорғап жүрген қызымыз, болашақта Универсиадаға күреседі, үміттеріңізді ақтайды» деді. Содан кейін оқу орны 75 пайыз жеңілдікпен мені оқуға қабылдады.
Абай университеті менің физикалық тұрғыда дамуыма, спорттағы ойлау қабілетімді шыңдауыма көп көмектесті. Қазір ойлаймын, сол кезде бүгін демалайын, келесі жылы тапсырамын деп үйге қайтып кетсем, оқуға түспеуші едім. Бәрі өз уақытында қызық. Абай университеті берген тәжірибе мені осы күнге жеткізді. Күресіп жүре бермей, жанашыр жандарымның арқасында диплом-білім алып, қанатымды кеңге жайып отырмын.
Бапкерімнің айтқаны дәл келді. Оқып жүрген екінші курсымда Универсиадаға шақырту алдым. Қазан қаласында өткен жарысқа қатысып, бірінші белдесуде қырғыз палуанымен, екіншісінде моңғол қызымен шығып, екеуін де ұттым. Өкінішке қарай, үшінші белдесудің жеңісі бұйырмады. Қазақстанға келгенде, мені қолдаған да осы университетімнің басшылығы болды. Универсиаданың іріктеуінен ұтып келген кезде де, ноутбук сыйлап, сенетіндерін айтып, жолға шығарып салған еді. Сонымен, төртінші курста жүргенде, мені грантқа ұсынып, соңғы жылымды тегін оқыдым. Ұстаздарым үнемі қолдайтын. Соңына дейін жанымда болып, дипломдық жұмысымды қорғатып, шығарып салды. Ұстаздарыма зор алғысымды білдіремін.
Дене шынықтыру және спорт мамандығында оқыдым. Жаман студент болдым деп айта алмаймын. Үнемі жарыстарда, дайындықта жүретінмін. Есесіне, өз оқу орныма айтарлықтай мәртебе сыйладым.
- Спорттағы ұстаздарыңыз туралы білдік. Ал, офицерлік жолды таңдауыңыздың себебін түсіндіре кетсеңіз...
- Иә, мен 19 жасымнан армияның орталық спорт клубында жұмыс істедім. Әскери қызмет - Отанға, елге, жерге деген шынайы сезімді жан-тәніңмен түсінуге көмектесетін мамандық. Ол менің бала күнгі арманым. Орындалды. Жалпы, өмірде мүмкін емес нәрсе болмайды. Әсіресе, біз өмір сүріп жатқан ХХІ ғасыр - мүмкіндіктер ғасыры. Ең бастысы, еңбектенсең, алдыңа үлкен мақсат қоя білсең, сонда нәтижеге жетесің. Ақылмен жолсыз жерден жол ашуға болады. Мақсатқа барғанша барлық қиындыққа төзе білу керек, сонда шың басына көтерілу де оңайырақ соғады.
- Ережесіз жекпе-жектегі алғашқы қазақ қызы өзіңіз екені көпшілікке белгілі. Мойындау керек, бұрын бұл спортта тек жігіттерді көретінбіз. Ал, қыз баласының сегіз бұрышта өнер көрсетуіне көзімізді үйреткен өзіңіз. Одан бері артыңыздан қаншама қазақ қызы ерді. Өз жолыңызбен бөлісіңізші. Рингке шығамын деген қыздар мансабын неден бастағаны дұрыс?
- Ережесіз жекпе-жек - қауіпті спорттың түрі. Бүкіл елдің, жердің, халықтың абыройын қолыңа ұстап тұрған сәтіңде қай жерің сынса да, намысты қолдан бермеуге тырысасың ғой. Тәніңдегі сынық жазылар. Сауығып кетерсің. Бірақ, жүректегі сызат пен санаңдағы ойдың дауасы болмайды. «Ештеңе шықпайды» деп қолды бір сілтеп кете салу оңай. Алайда, соңынан «әттеген-ай, сол спортта қала берсем, бір жетістікке жетер ме едім...» деп өкініп қалып, іштей өзіңе өкпе артып алуың мүмкін. Әпке-сіңілдерімізден мұндай жағдайды жиі көремін. «Кішкене шыдасам, Олимпиадаға мен де барар едім» деп өкініп қап жатады. Мен осы спорттың түрінде жүрген қыздарға айтарым: нендей шаруаның басын шалсаң да, соңына дейін апаруға тырысу керек. Жетістік - тұрақтылыққа келеді. Және оқып, білім де алу керек. Жаңа дүниені үйренуге күш салу керек. Заманның ауырлығы белгілі, ешкімге сенбеңіздер. Күйеуге шығамын, күйеуім асырайды деген болмайды. Диплом алыңыздар, оқыңыздар. Кейбір жігіттер қатпарлы, қилы жолдың жартысына келгенде, тастап кетуі әбден мүмкін... Сондықтан кез келген жағдайда өзіңді алып шығатындай бойыңа күш жинауың керек. Ал, спортқа келетін болсақ, менен кейін Сора Рахмонова, Аян Тұрсын деген қыздар шықты. Қазақ қызы қайсарлы, қазақ қызы майталман, жаудың бетін қайтарған дейді. Ар деген - шындық, намыс - шындықты жоймау, әр кезде тек шыншыл болу, шындыққа берік болу. Өздеріңнің намыстарыңды сатпаңдар. Биіктен көрінген әр қазақ қызының жетістігіне сөзсіз қуанып отырамын.
- Спорт саласында жүрсеңіз де, үй жағдайында басыңыздан орамал түспейтін, ибалы келін, аяулы жар, үш баланың анасысыз. Түрлі тамақ түрлерін жасап, жылқыға мінуге де уақыт табасыз. Сөзге де шешен екенсіз. Сегіз қырлы, бір сырлы арудың күнделікті өмір салты қандай? Жаттығуларға, түрлі жарыстарға дайындық қалай жүреді сізде? Салмақ ұстап тұру, белгілі бір режим бар дегендей... Қат-қабат тірлікке қалай уақыт жеткізесіз?
- 14 күн үйде, 14 күн дайындықта жүремін. Үйде болған уақытымды барынша тиімді пайдалануға тырысамын. Балаларымның әрқайсына жеке-жеке көңіл бөліп, ұнататын астарын әзірлеп беремін. Демалыс күндері атқа мінеміз. Себебі, ұлдарымды нағыз ер мінезді азамат етіп тәрбиелеп шығару - ана ретіндегі парызым деп білемін. Қонақ күте қалсам, дастарқан мәзірін барынша өз қолымнан дайындап шығарамын. Тағамның дәмді болуын қадағалаймын. Енеме алғысым шексіз. Мен жоқта балаларыма тәрбие беріп, жоқтығымды білдірмей отырады. Бәріне үлгеремін деп айтпаймын, тек уақытымды тиімді пайдалануға дағдыланғанмын.
- Бапкерлікті бастап, шәкірт тәрбиелеу ойыңызда бар ма? Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз...
- Бапкерлік дейсіз бе? Жоқ, әзір дайын емеспін. Алла бұйырса, ол күнге де жетемін деген үміттемін. Уақыт керек. Екі ұл, бір қыздың анасымын. Сол ұлдарымды спортқа баулығым келеді. Өзімнің екі бауырым бар, екі інім де күреседі. Алла сәтін салса, дайындыққа үшінші інім де бармақшы. Қазақтың намысын қорғап, Әнұранды асқақтатып, көк Туды желбірететін азаматтар айналамда жетеді. Жиған тәжірибемнен соларға үйрете алсам, осының өзі маған бір асу болар еді.
Шәкірт тәрбиелеу - оны биікке жетелеу, қанаттандыру, қолдау, бағыттау, қолыңдағы барыңды беру. Жауапкершілік танытып қасыма алсам, демек олардың әрқайсысына жеке-дара көңіл бөлуім керек. Тек жаттықтырып қоймай, жарыстарға шығарып, жеңіске жеткізу үшін күш салуым керек.
- Қазір қайда жүрсіз, спорттан қол үзбеген боларсыз?..
- Қыркүйек айында қазақша күрестен Астана қаласында «Көшпенділер» деп аталатын ауқымды жарыс болады. Оған бүкіл Азия елдерінен спортшылар қатысады. Қазір сол жарысқа дайындық үстіндеміз, сборда жатырмын. Бұл жарыстың мен үшін маңызы зор. Алтыннан алқа тағынып, күрестегі карьерамды әдемі аяқтағым келеді. Ережесіз жекпе-жектен де сондай. Бұл спортта жүргеніме бес жыл болды. ММА спортынан еліміздің ең үздік тұжырымдарының бірі саналатын Alash Pride ұйымы өзінің кезекті турниріне белбеу қойып жатыр. Мақсатым - сол белдеуді жеңіп алу.
- Спортта бағыңыз жанды. Ал әйел-ана ретінде бақыт сөзін қалай жеткізер едіңіз?
- Үйде анамын, келінмін. Өзімнен бұрын жолдасымның, ата-анамның абыройы үшін қолымнан келгенше еңбектеніп бағудамын. Жоғарыда айтқанымдай, мен үшін мүмкін емес нәрсе жоқ. Керісінше, мен қорқынышыма қарсы жүретін жанмын. Өйткені, әке-шешемнің атына кір келтірмеуге тырысамын. Ізімнен ана-анасы үйретпеген екен деген сөз ермесе екен деймін. Ал спорттағы қыздарға айтарым, қолымнан келмейді деген нәрсені айтпаңыздар, алға ұмтылудан, еңбектенуден жалықпаңыздар дер едім. Еңбектің наны қашанда тәтті!
- Әңгімеңізге рақмет. Бопай ханымның абыройы асқақтай берсін!
15.06.2024 Ақпарат көзі: qazaq1913.com |