қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
10.08.2024

              Бұл күн құндылықтардың тұңғиығына зер салатын ерекше уақытқа айналды – Болат Тілеп

 

                

 

Бүгін, 10 тамыз - қазақтың ұлы ақыны, ұлт руханиятының темірқазығы - Абай Құнанбайұлының туған күні. Бұл туралы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Болат Тілеп өзінің Facebook парақшасында жазды.

 

Болат Анапияұлының жазуынша, ел ішінде бұл күн - «Абай күні» ретінде рухани кемелдік пен даналыққа, ілім-ғылым мен парасаттылыққа, мәдениет пен әдебиетке тағзым жасап, тағы бір мәрте осы құндылықтардың тұңғиығына зер салатын ерекше уақытқа айналды. Әрине, атадан Ибраһим боп туып, адамзатқа Абай боп танылған данышпан жайлы айтылар сөз де, жазылар парақтар да, ең бастысы - ойландыратын дүниелер де көп. Бұл - жалпы ел үшін, соның ішінде біздер - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті үшін баға жетпес мирас, таусылмас рухани азық.

 

«Қарап отырсақ, өткен жылғы дерек бойынша, елімізде Абайдың ләзиз есімін иемденген 1593 облыс, қала, ауыл-аймақ, көшелер мен ұйымдар бар екен. Бұл кітапхана, мәдени һәм әдеби үйлер, оқу-ағарту орталықтары, спорт кешені сияқты мыңдаған кішігірім насандарды санамағандағы көрсеткіш. Ал енді осы көрсеткіште Қазақ педагогикалық институты - бүгінгі Абай университеті Абай Құнанбайұлы есімін иеленген ең тұңғыш нысан екенін біреу білсе, біреу білмес. Ол да болса, ұлт ұстазы, университетіміздің негізін қалаушылардың бірегейі Ахмет Байтұрсынұлы қайраткерлігінің арқасында мүмкін болған тарихи ақиқат. Сөз жоқ, бұл жайт біз үшін мақтан тұтар үлкен мәртебе ғана емес, жүгі ауыр ерекше жауапкершілік. Алғашқы күннен бастап университет осы жауапкершіліктің үдесінен шығу үшін аянған емес. Студент қауымына оқу ордасының табалдырығынан аттап, қолына дипломын алғанша бойына Ұлы Абайдың рухани мирасын, санасына ілімін, жүрегіне парасатын сіңіріп келеді. Міне, осы дәстүрдің жалғасымен өткен оқу жылында тың бастамалар қолға алынып, талапты студенттерге айына 100 мың теңгелік Абай стипендиясы тағайындалса, жаңа оқу жылында Мәдениет министрлігінің ұсынысымен Жидебай музей-қорығында Абай университетінің ғылыми-әдістемелік орталығын іске қосып, «Абайтану» ілімінде жаңа бағыттар мен мүмкіндіктер ашу жоспарлануда. Бұл - келесі жылы бүкіл әлем 180 жылдығын атап өтетін асыл тұлғаның рухы мен рухани әлеміне қосылар лайықты үлес деп білеміз. Ендеше, осынау мерейлі күнде Абай есімін абыроймен алып жүрген Абай университетінің ұжымын шын жүректен құттықтаймын! Ұрпақ тәрбиелеу, білім беру жолындағы игі істе қаламдарыңыз талмасын!» - деп жазды Болат Анапияұлы.

 

10.08.2024

Ақпарат көзі: qazaq1913.com