Main
News
01.09.2024
Білім күні құтты болсын! Құрметті білім алушылар және әріптестер!
Баршаңызды 1 қыркүйек - Білім күнімен шын жүректен құттықтаймын! Елімізде ежелден игі дәстүр бойынша тойланып келе жатқан бұл мереке бізге көптеген жетістіктер мен жаңалықтар әкелетін жаңа оқу жылының басталуын білдіреді. Біздің университет үшін бұл оқу үрдісінің басталуы ғана емес, сонымен қатар білімді тереңдетуге және ғылымды дамытуға деген ұмтылысымызды айқындайтын ерекше сәт.
Білім - ең үлкен еңбек! Жаһандану дәуірінде оның сапасына ерекше мән беруіміз керек. Білім берудің жоғары деңгейін қамтамасыз ету арқылы ғана біз әлемдік аренада бәсекеге қабілеттілігімізді көрсете аламыз. Қазақстандағы педагогикалық білімнің флагманына айналған оқу ордамыз жаңа формациядағы педагог кадрларын даярлауды қамтамасыз ете отырып, әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілетті жас ұрпақты қалыптастырудағы маңызды миссиясын лайықты атқаруда.
Қазір - ғылым мен білімнің заманы. Сондықтан қазақ білімінің қара шаңырағы атанған Абай университеті озық технологиялар көшінің басында болуы керек. Оқу ордамыз заманауи білім беру бағдарламалары мен ғылыми зерттеулерді белсенді дамытып, жетекші жоғары оқу орындары арасында өз позициясын сенімді түрде нығайтып келеді.
Биыл Абай университетінің студенттер қатары 6 000-нан астам жаңа білім алушымен толықты. Білім алушыларымыз тәуелсіз Қазақстанның игілігі үшін қызмет ететін, ұлттық салт-дәстүріміз бен тарихи-мәдени құндылықтарын сақтауға және дамытуға қабілетті саналы, білікті ұстаздар болатынына кәміл сенемін.
Әр оқу жылы үміт пен ұмтылыстан басталады. Биылғы оқу жылымыз көптеген қуанышты жаңалықтар мен елеулі табыстарға толы болады деп сенемін! Жаңа оқу жылы баршаңызды жаңа жетістіктерге жетелесін! Оқуда да, еңбекте де алда болайық! Мереке құтты болсын!
|