қазақша · русский · english
   
  Main  News
14.12.2017

«ҒАСЫРЛАР ТОҒЫСЫНДАҒЫ ТҰЛҒА» еске алу кеші

 

2017 жылдың 12 желтоқсанында Ы.Алтынсарин атындағы Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасында Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Тарих және құқық институты мен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасының ұйымдастыруымен педагог, мемлекет және қоғам қайраткері, Халық ағарту комиссары болған Аспандияр Кенжиннің туғанына 130 жыл толуына арналған «ҒАСЫРЛАР ТОҒЫСЫНДАҒЫ ТҰЛҒА» атты еске алу кеші өтті.

 

Іс-шараға Аспандияр Кенжиннің немересі, мемлекет қайраткері Әліби Жангелдиннің ұлы - Жангелдин Шыңғыс, жазушы, публицист, т.ғ.к. -Бейбіт Қойшыбаев, Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің бас сарапшысы, т.ғ.к. - Әлия Сүлейменова, Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының сыртқы байланыс ақпарат және ғылыми классер бөлімінің меңгерушісі, доцент Зирабүбі Төленова, сонымен қатар, Тарих және құқық институтының директоры Болат Жұмағұлов, ғылыми қызметкерлер мен кітапхана оқырмандары мен студенттер қатысты.

 

Кездесуге келген қонақтар Аспандияр Кенжиннің азаматтық ұстанымы жөнінде, қызметіне байланысты Архивтік құжаттарға шолу, «Аспандияр Кенжин: Алаш қозғалысының қайраткері және оның қызметі» тақырыптарында пікірлерімен бөлісумен қатар, студенттердің және магистранттардың сұрақтарына да жауап қатып, өз ойларын ортаға салды. Мұндағы мақсат - озық ойлы отаншыл және дана тұлға - педагог, мемлекет және қоғам қайраткері, Халық ағарту комиссары болған Аспандияр Кенжиннің азаматтық, адамгер­шілік, отан­шылдық өмірі мен ағартушылық қызметіндегі еңбектерін студент-жастарға кеңінен дәріптеу.

 

Кеш барысында профессор Болат Жұмағұлов Аспандияр Кенжиннің туғанына 130 жыл толуына арналған кездесудің ойдағыдай жауапкершілікпен ұйымдастырылғандығын, қазіргі жас ұрпаққа берер тарихи тағылымы мол екендігін, іс-шараның уақытында, өте орынды өткізіліп жатқандығын тілге тиек етті.

 

  

 

 

Тарих және құқық институты