қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
05.11.2024

 

Курсты аяқтаған 41 түркістандық тыңдаушыға Абай университетінің ректоры сертификаттар табыстады


Абай атындағы ҚазҰПУ мен «Түркістан облысы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі арасында 2024 жылғы 8 маусымда өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалып, 7-8 маусым күндері Түркістан облысының педагогтері үшін дәрістер ұйымдастырылды.

 

2024 жылдың 19-23 тамыз аралығында меморандум аясында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша қолданысқа берілетін мектептерге ауыстырылатын басшылар мен мұғалімдерінің біліктілігін арттыру және қайта даярлау мақсатында онлайн форматта «Пәндерді оқытуда мұғалімдердің метапәндік құзыреттерін жетілдіру» тақырыбындағы пән мұғалімдері үшін, 23-27 қыркүйекте мектеп басшылары үшін «Білім берудегі революция: заманауи мектеп менеджментіне жаңа көзқарас» тақырыбындағы біліктілікті арттыру курсының 1-кезеңі өтті. 28 қазан - 1 қараша аралығында курстың 2-кезеңі университет базасында офлайн форматта жалғасты.

 

Курстың мақсаты - мектеп басшыларының білім беру мекемесін басқаруда, пән мұғалімдерінің метапәндік құзыреттіліктерін қалыптастыруда теориялық білімдері мен практикалық дағдыларының деңгейін арттыру.

 

Курстың 1-кезеңінде тыңдаушылар «Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект: білім берудегі заманауи әдістер мен технологиялар», «Жобалау және зерттеу әрекетін ұйымдастырудың негізгі түрлері мен формалары», «Пәндерді оқытудағы метапәндік құзіреттілік», «4К» оқыту моделі мен оқытудың белсенді әдістері арқылы функционалдық сауаттылықты дамыту», «Ғылыми мәтінді мамандық бойынша сығымдау (компрессия), Эссе түрлері мен құрылымы», «Функционалдық сауаттылықты қалыптастыру мен дамытудың мазмұны мен технологиясы» модульдері бойынша ғылыми-теориялық ақпараттармен танысып, практикалық тапсырмаларды орындау арқылы тәжірибе жинақтады.

 

Сонымен қатар, мектеп басшылары үшін университеттің профессор-оқытушылар құрамы білім беру ұйымы басшысының кәсіби құзыреттілігінің қалыптасуы, стратегиялық менеджмент, мектепті басқарудағы тактикалық және операциялық жоспарлау, білім сапасын басқару, орта білім сапасын арттырудағы халықаралық зерттеулердің рөлі (TIMSS, PISA. PIRLS) туралы дәрістер оқыды.

 

Курсқа қатысушылар өздерінің педагогикалық практикасына енгізе алатын жаңа білімді, нақты әдістер мен стратегияларды меңгеруге тамаша мүмкіндіктер алды.

Курстың 2-кезеңінде курсқа қатысушылар университеттің базасында профессор-оқытушылар құрамының дәрістерімен қатар университеттің оқу-зертхана базасымен танысып, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары М.Мелдебекованың «Білім сапасын қамтамасыз етудегі бағалау мен бақылау жүйелері», Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Р.Қаратабановтың «Орта білім беру мазмұны: басымдықтары мен іске асыру тетіктері» тақырыбындағы дәрістерін тыңдады.

 

Алматы қаласындағы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында қолданысқа берілген тұңғыш мектеп №97 мектеп-гимназияның, заманауи үлгіде салынған, жоғары білім сапасын көрсетіп жүрген №206 мектеп-гимназияның, инклюзивті білім беру жүйесі жақсы жолға қойылған № 200 мектеп-гимназияның іс-тәжірибесімен, материалдық базасымен танысты.

 

1 қарашада курсты аяқтаған 41 тыңдаушыға (8 директор, 13 директордың орынбасары, 20 пән мұғалімі) Абай университетінің Басқарма төрағасы - ректор Болат Тілеп сертификаттар табыстады.

 

                

 

05.11.2024

Ақпарат көзі: qazaq1913.com