Main /
Mass media about us
18.01.2018 АҒАМЫЗДЫҢ ШАҢЫРАҒЫ ҚАЛАҒА АШЫЛҒАН ҚАҚПА ЕДІ
Ғалым туралы қалам тартсаң, оның еңбектеріне, ізденушілік іс-әрекеттеріне тоқталасың, яғни талдауға көбірек жол бересің. Ал биолог-ғалым Көшербай аға туралы жазғанда, өз өміріме тікелей қатысты болғандықтан ерекше толғандым, өткен өміріме шегініс жасап, жазылған күнделік-хаттарды қайта ақтарыстырдым. Құдайға шүкір, ғалым ағалардың аялы алақанынан, ыстық ықыласынан кенде болған емеспін...
Нығмет Ғабдуллин, Серік Қирабаев, Мекемтас Мырзахметұлы тікелей дәріс берсе, Қайым Мұхамедханов, Рахманқұл Бердібай, Зәки Ахметовтермен қызметтес бола жүріп тәлім-тәрбиесін көрдім, ал Мұқаметжан Қаратаев, Зейнолла Қабдолов, Тұрсынбек Кәкішевтердің шеберлік мектептеріне қатыстым, өмір мектебіне өкінішім жоқтай, бұлар мені ғылымға құлшындырды, қыр-сырын түсінуге жол бастады, әрқайсысынан алған үлгі-өнегем бір-бір кітапқа жүк боларлықтай. Ал менің сөз етпек болып отырған ағам - Көшербай Сағатов та ғалым, бірақ филолог емес, биолог-ғалым.
Бір қызығы, Көшербай ағаның үйіне менен көп жыл бұрын, қазақ өнерінің білгірі, сөзге шешен, іске көсем, атақты театр сыншысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әшірбек Сығай да ат басын бұрған екен. Иә, қанша қазақтың талапты қара домалағы осы үйден бата алып, білім ордасының табалдырығын аттады екен!? Әшірбек аға ол күндерді:
«Он бірінші сынып ойдағыдай түгесіліп, ата-ананың рұқсатымен, ауылдас көрші-қолаңның, ағайын-туыстың ақ баталарын алып, Алматыға аттануға бел будым. Он жеті-он сегіздегі балаң бозбаланың үлкен жолға шығуы ол кездер үшін оңай да міндет емес еді. Үйден ұзап шықпаған менің бойымда едәуір толқу, қобалжу сезімдерінің болғаны жасырын емес-ті. Әскерден соңғы кезекті демалысын елде өткізуге келген көршілес Еркінбек Байшораев ағамыздың Алматыға қайтар мезетін тәуір-ақ пайдалана кеттім. Әскери өмір көріп, дүниені кеңірек таныған, үзіліп қалған оқуын қайта жалғастыруға ниет қылған тәжірибелі студенттің етегінен ұстаған күйі сол кезгі астанамызға қиналыссыз келе қалғанымның өзі керемет болды.
«Құдай қаласа жолым болар» деп күбірлеймін іштей сан рет тілегімді айтып. Ақкөңіл Еркінбек жол-жөнекей ағынан жарыла Алматыны мақтаумен әлек. «Әлі-ақ консерваторияның студенті атанып, айды аспанға шығарарың хақ. Тек талап-қабілет керек. Қобалжи берме!», - деп қайрай түседі ол. Театр жағын, оның адамдарын жыға тани бермеймін, әлгі өзің айтқан Райымбек Сейтметов бізге туыс боп келеді, бірақ бірде-бір рет ұшыраспаппыз, ертеңдері театрдан іздеп, тауып аласың ғой. Бүгінше, менің Көшербай нағашымның үйіне түнеп шығамыз. Менің де сосын жатақханадағы әскери қызметке байланысты біраз уақыт ұмытылған мекеніме оралуым керек, - деп тақақтай түседі қашан да ширақ сөйлейтін Ерекең. Көнелеу көк шабаданымды сүйретіп, Көшербай Сағатов (қазіргі Алматы педагогикалық университетінің биолог-профессоры) ағамыздың үйіне келіп жеттік. Ол кісі де біздің жақтан. Оқу-білімге ертерек ұмтылған зиялы ағаларымыздың бірі. Үйі толған жас талапкерлер екен. Оқуға түсуге келгендер. Тергеп-тексеруден жалықпайтын Еркінбектің жағы талар емес. Сұрастырып, сүрістіруге жаны құмар. Кімнің, қайдан, қай оқуға келгенін әбден тәптіштеп шықты. Көшербай ағай да қуанып, әке-шешемді білетінін, бала кезінде талай жыл біздермен есіктес көрші болғанын айтып, өзеуреп-ақ жатыр.
Ең бастысы, қазақ театрына қалай баратынымды, қандай көлікке отыратынымды құлағыма құйып берді. Бір қуанғаным, ол кісінің үйінен (сол кезгі ҚазПИ-дің маңынан) театр ғимараты оншалықты алыс емес екен. Бір қора жан сол үйде түнеп шығып, ертесіне әрқайысымыз жөн-жөнімізге кете барыстық» деп еске алады. Мен де бір кезде, 1972 жылы сол үйде абитуриент ретінде түнеп, Көшербай ағаның жөн сілтеуімен сол кездегі Абай атындағы ҚазПИ-дің филология факультеті қазақ бөлімінің студенті атандым. Иә, содан бері, яғни 45 жылдан бері ғылыми жетекшім ретінде Мекемтас ағай жетектеп жүрсе, ал Көшербай ағам «тәрбиеші аға» қызметін мүлтіксіз атқарып келеді.
Алғаш кездескенде Көшербай аға отыз бес жаста, мен он жетіні алқымдаған сары ауыз балапан едім. Көшербай аға талап қойғыш, тапсырмасының мінсіз орындалуын қалайды, өзіне қарасаң қашанда бәйгеге түсер жараған жүйріктей жинақы, үстіне қылау жуытпайтын, жігіттің сұлтаны дейтіндей, сүйсіндіріп жүретін. Кейде сабақты емес, Көшербай ағаның тапсырмасын орындай алмай қаламын-ау деп қиналатыным бар. Соның бәрін қазір ой сүзгісінен өткізсем, мені шыңдау мен тәрбиелеу екен ғой!
Қазіргі күні Көшербай аға сексенге келсе, Төлеу апайым жетпіс бесте, үйіне барсам екеуі де құшақ жая қарсы алады, арқамнан қағады, кетіп бара жатсам екеуі қанатын қомдаған қоңыр қаздай 4-қабаттан терезеден қол бұлғап шығарып салып тұрады. Қашан да жүрек жылуын сыйлаған қайран, қарттарым-ай! Қашан барсаң да, Көшербай ағаның үйі кісіден босамайды, Төлеу жеңгем күлімсіреп, қазан мен дастархан арасында зыр жүгіреді. Ал ағаның жары Төлеу Хамзақызы өзінің өмірлік серігі - ағамыз туралы сұрай қалсаңыз, былай деп жауап береді: «Адам өмірі табиғаттың көрінісіндей, жазы да, қысы да бар, көктемі де, күзі де бар, бірде тоңасың, бірде жылынасың, бірде қуанасың, бірде қайғырасың. Міне, осы өмір өткелдерін 50 жылдан аса бірге өткізіп келеміз. Сағымдай сағынышты өткен күндеріме де, бір кездегі сүйікті жар, бұл күнде, балаларымның әкесі, немерелерімнің атасы, шаңырақтың тірегі - отағасыма да сүйіспеншілікпен қарап, ризашылығымды білдіремін. Бұл кісінің отбасына деген қамқорлығы, мейірімі өте мол, ал біліммен сусындатып жүрген шәкірттеріне деген ұстаздық махаббаты одан зор болар деп ойлаймын. Сексенге келсе де, аудиторияға бір барып студенттерге дәріс оқығысы келеді де тұрады, үйде отыра алмайды. Алла сол ниетіне күш-қайрат берсін, еңбегінің, немерелерінің қызығын көре берсін!».
Қариялар да қызық-ақ, әлде балаларын өмір бойы тәрбиелей ме екен, Хантағыдан ағамыздың әкесі Сәт пен шешесі Маржан келіп айлап жататын.
Сәт ата елгезек, мінезі сәл қатаңдау секілді, аққұбаша, жарасымды сақалы бар, мен барсам: «Жабал баламды жұмсай бермеңдер, кел, менің қасыма отыршы», - деп ақсақалдық жасаса, адуындау, палуан денелі (ағасы - қазақтан шыққан тұңғыш академик Ісмет Кеңесбаев, ірі тұлға еді ғой!) Маржан апа: «Шырағым, қалалықтар қай оңып тамақ ішеді дейсің, кел, өз қолыммен тамақтандырайын», - деп бәйек болады.
Баласы мен келіні «не айтса да, үлкендердікі жөн» дегендей күле жүріп тыңдайды. Қайран, қазағымның қарттары-ай, ақ көңілмен ақ дастарханын дала демей, қала демей, адамзат көрсе, жайып салуға дайын тұратын!
Бір қарағанда, Көшербай ағаның өмір жолы тым күрделі емес секілді көрінеді, ал жете тереңіне сүңгіп, мән-маңызын електен өткізсек, елге, елдің келешегі жас ұрпаққа берген үлгі өнегесі өте мол болып көрінері сөзсіз.
Көшербай Сәтұлы Сағатов 1938 жылы 19 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан ауданы, Хантағы ауылында дүниеге келген. 1954 жылы Кентау қаласындағы орта мектепті бітіріп, сол жылы Абай атындағы ҚазПИ-дің жаратылыстану факультетіне оқуға түсті. 1959 жылы осы факультетті үздік бітірген.
Ол 1960 жылы Ленинград қаласындағы КСРО Ғылым академиясының В.Л.Камаров атындағы Ботаника институтының аспирантурасына оқуға жіберілді. Онда белгілі ғалым М.Я.Школьниктің жетекшілігімен 1964 жылы кандидаттық диссертация қорғады.
1964 жылдан 2015 жылға дейін Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде ассистенттіктен бастап, аға оқытушы, доцент, профессор дәрежесінде үздіксіз дәріс берді.
Ұзақ жылғы ғылыми және педагогикалық жұмыстарының нәтижесінде «Биологиялық химияның практикумы», «Қазақша-орысша, орысша-қазақша терминологиялық сөздік», «Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі», «Өсімдіктер физиологиясы» және «Биологиялық химия» оқулықтарын жазып, оларды «Ғылым», «Мектеп», «Ана тілі», «Білім», «Рауан» баспаларынан жарыққа шығарды. Профессордың бұл еңбектері жоғары оқу орындарында және орта мектептерде қазақ тілінде жазылған тұңғыш оқулық пен оқу құралдары ретінде пайдаланып келеді. 2015 жылы Көшербай Сәтұлы Сағатовқа Абай атындағы ҚазҰПУ-дің Құрметті профессоры атағы берілді.
Көшербай аға нағыз педагогке тән ұқыптылығы бар, ар тазалығы мен адалдығы қатар жүретін азамат, әр нәрсенің парқын және шешімін тез табатын туа бітті қасиеттері бар. Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде 50 жылдан астам үздіксіз еңбек етіп, бұл күнде жасы сексенге қадам басса да, профессор шәкірттерге дәріс беруден шаршаған емес әрі оқу құралы, сөздіктер жазудан қаламы мұқалмай жүр. Оның сырын да енді түсінгендеймін, қазақтың ежелгі білім ордасы - қара шаңырақта әрқашанда орны бар, керек адам, ізі өшпейтін адам! Алдыңда ұлтын сүйген асқар таудай ағаң - ақыл айтар ғалым-педагог тұрса, қалайша қуанбайсың!
Авторы: Жабал Шойынбет, Абай атындағы ҚазҰПУ «Хәкім Абай» ғылыми-зерттеу орталығының директоры 18.01.2018 ж. Ақпарат көзі: almaty-akshamy.kz
|