Main /
Mass media about us
01.02.2018 Медеуде ауқымды жобалар көп
Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде Медеу ауданының әкімі Ержан Жылқыбаевтың төрағалығымен Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа Жолдауын талқылауға арналған аудан активінің жиыны өтті. Аталған шараға мемлекеттік органдардың және аудандық құрылымдардың басшылары, Алматы қаласы мәслихатының депутаттары, білім және денсаулық сақтау мекемелерінің қызметкерлері, шағын және орта бизнес өкілдері, аудандағы жоғары оқу орындарының және орта арнайы кәсіптік білім беру мекемелерінің басшылары, өндірістік кәсіпорындар жұмысшылары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Басқосу барысында Медеу ауданының әкімі Ержан Жылқыбаев мемлекетіміздің дамуындағы Елбасы Жолдауының маңыздылығын атап өтті.
- Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы еліміздің қарқынды дамуы үшін маңызды міндеттерді белгілеп, ел дамуының жаңа бағыт-бағдарын айқындап берді. Елбасының биылғы Жолдауында белгілеген 10 нақты міндет еліміздің әлемдік төртінші өнеркәсіптік революция дәуірінде жаңа технологиялық дамудан қалыс қалмаудың негізгі тетіктері. Жаңа технологияларды қоғам өмірінде тиімді пайдалана білу - біздің негізгі мақсатқа айналуы тиіс. Осы орайда ауданымыздың барлық мемлекеттік органдары халыққа сапалы қызмет көрсетіп, Елбасы Жолдауын мүлтіксіз орындауға кірісу керек. Бұл орайда ауданымызда жоспарланған ауқымды жобалар көп. Ол үшін әлеуетіміз де жеткілікті. Ендеше, ел игілігі жолындағы еңбегіміз табысты болсын! - деді аудан басшысы.
Сонымен қатар, жиында Қазақстан Республикасы Президенті архивінің директоры Борис Жапаров, Алматы қаласы мәслихатының депутаттары Әміржан Нәбиев пен Кенжехан Матыжанов, «Шымбұлақ» тау-шаңғы кешенінің бас директоры Тимур Хаиров, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің 3-курс студенті Дидарбек Ділдәбек баяндама жасады. Жиын соңында қатысушылар бірауыздан Елбасының Жолдауын қолдайтындарын жеткізді.
Авторы: Айгүл Оралбекова 01.02.2018 ж. Ақпарат көзі: almaty-akshamy.kz, PDF
|