Main /
Mass media about us
24.02.2018 Тиімді әрі өміршең
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілінің латын графикасына негізделген, апострофты акутқа (әріптің төбесіндегі белгі тіл ғылымында «акут» делінеді) ауыстырған әліпбиінің жаңа нұсқасын бекітті. Апостроф қолданғанда екі таңбамен бір әріпті белгілеп, жазылған, басылған сөздердің ұзарып қана қоймай, тілім-тілім болып бөлініп қалатындығын көргенде «латынға көшетін болдық!» деп алақайлаған қуанышымыздың бірте-бірте көңіл құлазытарлық кедергілерге тап болғанын ешкім жасыра алмады. Ол туралы әлеуметтік желілерде де, өзара басқосуларда да көп айтылып жүргенін бәріміз естідік. Тіліміздің дыбысталу ерекшелігіне сай тым көбейіп кететін үтірлерге қарап, қуақылау әріптестер түрлі теңеулер тапты. Сөйтіп, «әттеген-ай» деп қысылып жүрген көпшілік бүгін еркін тыныстап, бір «уһ!» дегендей болды.
Алдыңғы нұсқа бойынша 9 әріпті бір теріп, қасына үстіңгі үтірді (апострофты) бір теріп, біртұтас сөзді жұлым-жұлым еткенше 6 акутты (ноқатты) әріпті және де жаһандық тіл - ағылшыннан үйреншікті болып кеткен «ш», «ч» әріптерінің қосақ таңбасын пайдалану әлдеқайда тиімді әрі эстетикалық тұрғыдан алғанда тартымды шықты. ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың пікірінде айтылғандай, әліпбидегі апостроф арнайы белгі ретінде барлығын бөліп тұрып, интернеттегі іздеу мен қаржы қызметінде қиындықтар тудыратындығы өз алдына маңызды, әрине. Бірақ «қарағанда көз тоятындай» болу да әліпбиге қажет деп ойлаймын. Әріптердің екеуін есептемегенде қалған 30-на бір дыбыс, бір таңба келіп тұрған соңғы нұсқа көпшілік пікірінің ескерілгендігінің айқын көрінісі ретінде де халыққа жағымды жаңалық шығар деп ойлаймын.
Ендігі жерде мәселе сөзден іске тезірек көшіп, жаңа әліпби нұсқасының тиімді өміршеңдігін дәлелдейтіндей бағдарламалар жасап, оны көпшілікке түсіндіре отырып тарату қажет. Жалпы, жұрт болып талқылаған әліпби нұсқасы болашақтың әсем де қолайлы тілтаңбасына айналып, көптің керегіне жарайтын болсын.
Авторы: Ақтолқын Құлсариева, профессор, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Ғылыми жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры 24.02.2018 ж. Ақпарат көзі: almaty-akshamy.kz
|