
Main
News
13.11.2025 ҒЫЛЫМИ КЕҢЕСТЕ КЕЛЕЛІ МӘСЕЛЕЛЕР ҚАРАЛДЫ
Бүгін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Ғылыми кеңестің кезекті отырысы өтіп, онда ғылыми және әртүрлі мәселелер жан-жақты талқыланды. Жиын соңында шешім бірауыздан қабылданып, университеттің сапасын халықаралық деңгейде одан әрі арттыру міндеті жүктелді. Ғылыми кеңес отырысы Абай университетін бітірген докторанттарға PhD дипломдарын табыстау салтанатымен басталды. Кеңес төрағасы университет ректоры Болат Тілеп бұл рәсімнің университеттің ғылыми әлеуетін арттырудағы маңызды қадам екенін атап өтті. Айта кету керек, PhD академиялық дәрежесін алғандар – еліміздің жетекші жоғары оқу орындарынан келген ғалымдар. Олар ғылыми зерттеулерін Абай атындағы ҚазҰПУ базасында орындап, диссертацияларын осында сәтті қорғады. Диплом иегерлерінің қатарында Абай атындағы ҚазҰПУ, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің докторанттары бар.
Қазіргі таңда Абай атындағы ҚазҰПУ-да 1 курста 740 магистрант пен 198 докторант білім алып жатыр. Бұл болашақта ел ғылымына қосылатын үлкен үлес екені анық. Болат Тілеп өз сөзінде:
– PhD дәрежесін алу – ғалымның еңбегі мен оның ел ғылымына қосқан үлесінің көрінісі. Абай университеті бұл ізденушілерге барлық қажетті жағдайды жасап, ғылыми мәдениетті дамытуға ерекше көңіл бөлді, – деп атап өтті.
Алқалы отырыста оқытушы-профессорлар құрамы өкілдерінен Тәлімгерлік мектебін қалыптастыру, білім беру бағдарламаларын ашық онлайн-курстарымен интеграциялау, оқу үдерісін цифрландыру, оқытушыларға арналған тренингтер өткізу және оның жол картасын жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Студенттердің педагогикалық практикасын ұйымдастырудың жаңа концепциясы мақұлданып, аймақтық тәжірибе базаларының санын арттыру қарастырылды. Сондай-ақ академиялық адалдықты нығайту, ғылыми нәтижелердің сапасын бақылау жүйесін жетілдіру, практикалық тәжірибені кеңейту және білім беру бағдарламаларын әлемдік талаптарға сәйкестендіру мәселелері сөз болып, ұжымның алдына университеттің білім беру сапасын халықаралық деңгейде арттыру міндеті қойылды.
Отырыстың қорытындысы бойынша барлық шешімдер бірауыздан қабылданып, олардың орындалуын қадағалау тиісті проректорлар мен құрылымдық бөлімшелерге тапсырылды.
Абай атындағы ҚазҰПУ Баспасөз қызметі
|