қазақша · русский · english
   
  Main  News
14.11.2025

ТҮРКІМЕНСТАН КОНСУЛЫ СТУДЕНТТЕРМЕН КЕЗДЕСТІ


Бүгін Абай университетінде Түркіменстаннан келіп білім алып жатқан студенттермен дәстүрлі кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараға Түркіменстанның Алматыдағы Консулы Нурымырат Розыджумаев бастаған Түркіменстан Елшілігінің өкілдері, университет басшылығы мен факультет жетекшілері және түрікмен студенттер қауымы қатысты.

Кездесудің мақсаты – Түркіменстан азаматтары саналатын студенттердің білім алу үдерісі, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы, құқықтық мәселелері және Қазақстан Республикасындағы көші-қон заңнамасы бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ екі жақты ынтымақтастықты нығайту болды.

Сонымен қатар, кездесу барысында Абай университетіндегі білім алу жүйесі, академиялық саясат, студенттердің құқықтары мен міндеттері жан-жақты түсіндірілді. Білім алушылардың Әдеп кодексі, оқу орнындағы тәртіп нормалары, студенттің академиялық адалдықты сақтауы, оқу мәдениеті мен жауапкершілік қағидалары туралы ақпарат берілді. Бұған қоса, жатақханада тұру ережелері, тұру тәртібі, қауіпсіздік талаптары, тұрмыстық жағдайды жақсарту шаралары, студенттердің құқықтары мен міндеттері де толық таныстырылды. Осылайша, кездесу түрікменстандық студенттердің университет өміріне тез бейімделуіне, олардың оқу, құқықтық және әлеуметтік мәселелерін оңтайлы шешуге бағытталды.

Кездесуді университеттің Стратегия және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Айгүл Искакова ашып, іс-шараның мақсаттары мен міндеттерін таныстырды. Ол халықаралық ынтымақтастықты дамыту, шетелдік студенттерді қолдау және олардың білім алуына қолайлы жағдай жасау университет жұмысының маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті.

– Құрметті Түркіменстанның Алматыдағы Консулы Нурымурат Агамырадович! Түркіменстанның Бас консулдығының қолдауының арқасында – біздің жыл сайынғы кездесулеріміз ҚазҰПУ қабырғасында жақсы дәстүрге айналды! Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстандағы сіздің дипломатиялық қызметіңіз үшін және осында білім алып жатқан түрікменстандық студенттерге көрсетіп отырған қолдауыңыз үшін алғысымызды білдіруге рұқсат етіңіз. Түркіменстанның жаһандық даму мен Орталық Азия елдерімен халықаралық ынтымақтастықты көздейтін тиімді Бейтараптық моделі арқасында, Түркіменстан азаматтарына халықаралық білім алуға кең мүмкіндік ұсынылып отыр. Осындай стратегиялық серіктес елдердің бірі – Қазақстан, ал Қазақстанда – біздің университетіміз, ҚазҰПУ, Түркіменстаннан келген студенттер үшін таңдаулы оқу орындарының біріне айналды, – деді Айгүл Искакова.

Түркіменстанның Алматыдағы Консулы Нурымырат Розыджумаев өз кезегінде Түркіменстан студенттерін қолдау мәселелеріне тоқталды. Ол екі ел арасындағы білім беру және мәдени байланыстардың артып келе жатқанын ерекше атап өтті. Сонымен қатар, Түркіменстанның Бейтараптықтың 30 жылдығына арналған бейнеролик көрсетілді.

Университеттің Әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Мақсат Жақауов кездесу барысында білім беру, әлеуметтік және құқықтық мәселелерге тоқталды. Ол студенттердің академиялық жетістіктері, жатақханада тұру жағдайлары, медициналық сақтандыру және әлеуметтік қызметтерге қолжетімділік сияқты маңызды бағыттар бойынша ақпарат берді. Сонымен қатар, студенттердің эмоционалдық және психологиялық саулығын қолдау мақсатында Психологиялық қолдау қызметі тұрақты жұмыс істейтінін атап өтті.

Бұл кездесу екі ел арасындағы достық және білім беру саласындағы стратегиялық әріптестікті нығайтуға, сондай-ақ Түркіменстан студенттеріне жан-жақты қолдау көрсетуге бағытталған маңызды шаралардың бірі болды. Салтанатты шара концерттік бағдарламаға жалғасып, түркімен студенттері шығармашылық өнерлерін көрсетіп, университетке және ұстаздарына алғысын білдірді.

Айта кетейік, Абай университетінде бүгінде 2000-нан астам шетелдік студент білім алып жатыр. Соның ішінде Түрікменстаннан келген студенттердің саны – 1225 адам. Олардың ішінде 1 курста – 616, 2 курста – 521, 3 курста – 88 студент оқиды.


Абай атындағы ҚазҰПУ

Баспасөз қызметі


  alt=  

 

 

 

  alt=  

 

 

 

  alt=  

 

 

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

 

 

  alt=  

 

 

 

  alt=  

 

 

 

  alt=  

 

  alt=  

 

 

 

  alt=