
Main
News
19.11.2025 АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТЕЛЕКӨПІР ӨТТІ Бүгін Абай атындағы ҚазҰПУ-да «Жаңа буын педагогы: жасанды интеллект арқылы креативті оқыту жолдары» атты республикалық телекөпір болып өтті. Телекөпірдің мақсаты – жасанды интеллект және ақпараттық-коммуникациялық құралдарды қолдану арқылы оқу үдерісін тиімді ұйымдастырудың негізгі қағидаттары бойынша үздік педагогикалық тәжірибені ұсыну және теория мен практиканы ұштастыру негізінде педагогтардың кәсіби құзыреттілігін арттыру.
Іс-шара барысында болашақ педагогтарға ЖИ-ді оқыту дағдыларын қолдану шеберлігі бойынша озық тәжірибені көрсету, педагогикалық тәжірибеде жаңа формалар мен әдістерді қолдану бойынша мұғалімдердің тәжірибе алмасуын ұйымдастыру басты арнада қаралды. Сонымен қатар, жасанды интеллект құралдарын оқу үдерісіне енгізу, Абай шығармашылығын цифрлық форматта меңгерту әдістері мен цифрлық және функционалдық сауаттылықты қалыптастыру және интерактивті платформалар мен заманауи оқыту технологияларын қолдану мәселелері кеңінен талқыланды.
Шеберлікті бөлісуге арналған телекөпірді университеттің Академиялық қызмет жөніндегі проректоры Бану Нарбекова ашты. Ол Абай ілімінің бүгінгі білім беру кеңістігіндегі өзектілігіне тоқталды. Аталған тақырып аясында республика бойынша озық тәжірибесі бар, еліміздің әр өңірінен келген қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері қатысып, өздерінің әдістемелік тәжірибелерін ортаға салды. Олар Абай шығармаларын жасанды интеллект арқылы креативті оқытудың тиімді жолдарын ұсынды.
Телекөпір тақырыптары көптің қызығушылығын тудырды деуге болады. Мәселен, «Diff it және NAPKIN AI» нейрожелісінде құрастырылған тапсырмалар негізінде «Ескендір» поэмасын меңгертудің тиімді жолдары», «ЖИ педагогикасы және Абай даналығы: әдебиетті оқытудағы жаңа модель», «Жоғары сыныптарда Абай шығармаларын интерактивті платформаларды қолдану арқылы оқыту», т.б. Абай Құнанбайұлы шығармаларын сабақ беруде жасанды интелект арқылы оқыту жолдары туралы түрлі жобалар көрсетілді.
Іс-шара ЖОО мен орта білім беру ұйымдары педагогтарын өзара байланысын нығайтып, заманауи оқыту технологияларын бірлесіп дамытуға мүмкіндік берді. Бұл – дәстүр мен инновацияны үйлестіре отырып, заманауи, технологиялық сауатты, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген жаңа буын мұғалімін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болды.
Абай атындағы ҚазҰПУ Баспасөз қызметі
|