Main /
Mass media about us
17.04.2018 Әз-Наурыз Абай ауылында
М.Горький атындағы мәдениет және демалыс саябағының аумағында орналасқан «Спартак» стадионы сенбі күні он бес шақты ақ шаңқан киіз үйлерімен көшіп келген Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «Абай ауылын» күтіп алды.
Түйе жануары бастаған қазақтың көшін бұл заманның ұрпақтары теледидардан, тарихи фильмдерден ғана көретініміз шындық. Дегенмен, көшпенділердің ұрпағы екеніміз қанымызда бар, түйе бастаған көш көрінісі, Қыдыр атаның батасы, аластау, шашу көріністері бізді ғана емес, саябақ ішінде қыдырып жүрген қала қонақтарын да бірден баурап алды. Жағалай тігілген «С.Асфендияров ауылы», «С.Сейфулин ауылы», «О.Жәутіков ауылы», «Шоқан ауылы» деп ат берілген киіз үйлерді аралап, қазақтың кең даласындағы көшпелі өмірдің сән-салтанаты өте берекелі болғанына тағы көз жеткіздік.
Кез-келген мәдени шара, мерекенің ресми ашылуынсыз, құттықтауларсыз өтпейтіні мәлім. Бүгінде 7 мыңнан астам студент білім алып жатқан Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «Әз Наурыз - Абай ауылында» думанды мерекесі де университет ректоры, профессор Т.Балықбаевтың құттықтауымен басталды.
- Қазақстанның жоғары білімінің бастауы болған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті биылғы Наурызды ерекше сезіммен қарсы алып отыр. Биыл университетке, демек Қазақстанның жоғары біліміне 90 жыл болады. Ең үлкен жетістік ретінде біздің университет 2017 жылы әлемнің үздік 500 университеттерінің қатарына және QS World Unіversіty Rankіng рейтингісіне енгенін атап кетуге болады, - деген Т.Балықбаев университетті «Цифрлық университетке» айналдыру үшін атқарылып жатқан шараларды атап өтті.
Жылдағы дәстүрімен сәуір айының ортасында Наурызды думандатып қарсы алған университет ұжымы бұл күні бізге ғана емес, саябақта отбасымен қыдырып жүрген алматылықтар мен қала қонақтарына да көшпелі өмірден бір үзік көріністі тамаша көрсете алды. Өйткені, әрбір ауыл қазақтың құдалық, неке қию, келін шай сынды салт-дәстүрлерін көрсетіп, бұқа тартыс, тоғызқұмалақ сияқты ұлттық ойын түрлерінен жарыс ұйымдастырды. Тіпті, мини-футболдан жолдастық турнир өткізіп, дәстүрлі әншілер мен «Ақ әжелер» ансамблі ұлттық мерекенің көркін қыздырды.
Бәрін айт та, бірін айт, түтіні будақтап, алыста қалған ауылды еске түсіретін қазан-ошақта піскен ас пен бауырсақтан, наурыз көжеден дәм татқан Абай ауылының қонақтары мен алтыбақан теуіп, ұлттық ойын түрлерінен жарыстарды тамашалаған балалар тамаша мерекелік шаттық пен көңіл-күйге бөленді.
Авторы: Әсел Дағжан 17.04.2018 ж. Ақпарат көзі: almaty-akshamy.kz |