
Main
News
24.11.2025
ИНДОНЕЗИЯНЫҢ ПАДАНГ УНИВЕРСИТЕТІМЕН КЕЛІСІМГЕ ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ
Абай университеті Индонезияның Паданг мемлекеттік университетімен (Universitas Negeri Padang, UNP) өзара түсіністік туралы келісімге қол қойды. Бұл – университеттердің екі жақты стратегиялық серіктестігі үшін маңызды белес десек артық емес. Өткен аптада Абай атындағы ҚазҰПУ Ректор аппаратының басшысы, профессор Жанатбек Ішпекбаев және Ғылыми қызмет және инновациялар жөніндегі проректор Ертай Сұлтан Индонезияға іссапармен барған болатын. Университет өкілдері Паданг университетінің басшылығымен академиялық және ғылыми кездесулер өткізді. Іс-сапарда екі тарап білім беру, ғылыми зерттеу және инновациялық ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын талқылап, ортақ жобаларды жүзеге асыруға нақты ниет білдірді. Паданг мемлекеттік университетінің ректоры, доктор Krismadinata қонақтарды жылы қарсы алып, олардың ғылыми жобалар аясындағы дәрістерін жоғары бағалады. Ол екіжақты серіктестіктің ғылыми әлеуетін арттыру білім беру саласындағы жаңа бастамаларды жүзеге асыру бойынша маңызды рөл атқаратынына сенім білдірді. Айта кетейік, Паданг университеті (UNP) Индонезияда зерттеу, инновация және әлеуметтік ықпал саласында ұлттық деңгейде 15-ші орынға ие болған жоғары оқу орны. Scimago рейтингісінде мемлекеттік университеттер арасында 5-орында, ғылыми-зерттеу және инновация саласындағы белсенділігі жоғары. Сондай-ақ, халықаралық сертификация мен аккредитациядан (AUN-QA, ASIIN, AQAS) өткен. Бұл көрсеткіштер Паданг университетінің ғылыми әлеуетін, әлеуметтік ықпалын және халықаралық қалыптасқан мәртебесін айқын көрсетеді. Абай атындағы ҚазҰПУ-мен орнатылған серіктестік – екі жақты мүмкіндіктерді пайдаланып, ортақ ғылыми жобалар мен білім беру бағдарламаларын тереңдетуге ықпал етеді.
Абай атындағы ҚазҰПУ Баспасөз қызметі
|