
Main
News
03.12.2025 «ТОҒЖАН ІЗІМЕН» АТТЫ ҚЫЗ СЫНЫ БАЙҚАУЫ ӨТТІ
Бүгін ұлы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Азамзаттың алыбы – Абай» атты апталық «Тоғжан ізімен» қызы сыны байқауымен жалғасты. Байқауға еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. Шараның басты мақсаты – Тоғжан бейнесі арқылы қазақ қызының рухани болмысын, парасатын, тәрбиесін, әдемі мінезі мен өнерін дәріптеу. Байқау қатысушыларына Абайдың алғашқы махаббатының символдық келбетін үлгі ете отырып, ұлттық құндылықтарды, қазақ қызына тән нәзіктік пен ізеттілікті заманауи ұрпаққа жеткізу көзделген. Шараның ашылуында сөз сөйлеген Филология факультетінің деканы Алуа Таңжарықова қатысушыларға сәттілік тілеп, байқаудың рухани мәнін атап өтті. Байқауға М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актрисасы, «Үміт» номинациясы бойынша Қазақстан Театрлар Ассоциациясының «Сахнагер» Ұлттық театр сыйлығының иегері Ажарлым Мағзұмқызы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Н.Оңдасынов атындағы сыйлықтың лауреты Әсел Оспан және «Жас сахна» театрының актрисасы Әлия Ержанқызы қазылық етті. Қыз сыны төрт кезеңнен тұрды. «Тоғжан болмысына бетбұрыс» атты І кезеңде қатысушылар өзін-өзі таныстырса, «Тоғжан мұраты» өнер сайысында Абай шығармашылығына қатысты қойылым көрсетті. «Тоғжан келбеті» атты ІІІ кезеңде қазақ қызының ұлттық киім үлгісі таныстырылды. Ал «Тоғжан өнегесі» ақыл-парасат сайысында үміткерлер Абай өмірі, философиясы, Тоғжан бейнесі бойынша сұрақтарға жауап берді. Байқау қорытындысы бойынша І орынды Абай университетінің намысын қорғаған Несібелі Бұрқанова жеңіп алды. Ал ІІ орынды Қазақ ұлттық педагогикалық қыздар университетінің студенті Жайна Қабиболла иеленсе, ІІІ орынға Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің білім алушысы Райхан Нұржұман лайық деп танылды. Сүлеймен Демирел университеті атынан қатысқан Мерей Тұрарбек ынталандыру сыйлығына ие болды.
Жеңімпаздар арнайы диплом және қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Абай атындағы ҚазҰПУ Баспасөз қызметі
|