қазақша · русский · english
   
  Main  News
08.12.2025

 

ЗАМАНАУИ ПЕДАГОГ ДАЯРЛАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

 

Абай университетінің базасында «Жасанды интеллект және педагогтарды даярлаудың жаңа талаптары» атты форсайт-сессия болып өтті. Бұл басқосу «Педагогикалық ғылымдар» білім беру саласындағы Оқу-әдістемелік бірлестігі жобаларды басқару топтарының кеңейтілген мәжілісінің аясында ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты – жасанды интеллекттің мектептегі білім беру үдерістеріне ықпалын талдау, педагогтарға қажет жаңа құзыреттерді айқындау және оқу бағдарламаларын жаңғырту бойынша ұсыныстар әзірлеу.

Абай университетінің негізгі бағыты орта білім ошақтарына сапалы кадр, заманауи педагог маман даярлау болғандықтан әлемдік тәуекелдерді жіті бақылап отырады. Күн санап өсіп келе жатқан қазіргі жасанды интеллект мүмкіндіктері білім беру саласына да талапты күшейтіп отыр. Осы мәселелер қасиетті қарашаңырақ базасында ұйымдастырылған «Жасанды интеллект және педагогтарды даярлаудың жаңа талаптары» атты форсайт-сессиясында жан-жақты талқыланды. Жасанды интеллекттің педагогикалық қызметке әсері, этикалық және практикалық мәселелері, мұғалімдердің цифрлық дағдыларын дамыту және білім беру бағдарламаларын жетілдіру бағыттары назардан тыс қалған жоқ.

Іс-шараға BINOM School (Астана), Алматы қаласының жалпы білім беретін мектеп директорлары, педагогикалық ЖОО мен колледж өкілдері қатысты. Панельдік талқылау, кейс-талдау және сарапшылар пікірлері арқылы білім беру жүйесіндегі өзгерістер бойынша ортақ ұсыныстар дайындалды.

Форсайт-сессияны ашқан Академиялық қызмет жөніндегі проректор Бану Нарбекова педагогтарды даярлауда екпін алып келе жатқан «ЖИ дәуіріне» сай әрекет етіп, болашақ қоғам мүшелерін сомдап шығаруда білім беру саласына жаңа тәсілдерді енгізудің маңызына ерекше тоқталды. Сондай-ақ, кәсіби бағдар және мансапты дамыту департаментінің директоры Алмас Найманбаев, Білім бағдарламаларын жобалау департаментінің директоры Нұржамал Ошанова педагог кадрлардың құзыреттер картасын жаңарту және дуальды оқытуды кеңейту бойынша пікір білдірді.

Маңызды жиын қорытындысы ретінде педагогтарды даярлаудың жаңартылған моделі бойынша ұсыныстар әзірленіп, университет пен мектептер арасындағы серіктестікті күшейту бағытында жаңа жұмыс векторы айқындалды.

 

Абай атындағы ҚазҰПУ

Баспасөз қызметі 

 

  alt=  

     alt=     alt=  

 

       alt=