
Main
News
08.12.2025 АҒЫЛШЫН ТІЛІН ОҚЫТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАРАЛДЫ
Абай университетінде ағылшын тілін шет тілі ретінде оқытудағы тиімді кері байланыс беру тәсілдерін талқылауға арналған әдістемелік кездесу өтті. Жиынға университеттің профессор-оқытушылар құрамы, студенттер және АҚШ-тың Алматы қаласындағы Бас консулдығының өкілдері қатысты. Кездесуді ашқан университеттің Стратегия және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Айгүл Ысқақова ынтымақтастықтың маңызына тоқталып, шетелдік тәжірибені білім беру үдерісіне енгізу бағытындағы жұмыстарды атап өтті. АҚШ миссиясының өкілі Хира Каур Камбодж да екі ел арасындағы білім беру байланыстарының кеңейіп келе жатқанын жеткізді. Кездесудің негізгі бөлімінде TESOL маманы, Жетісу университетінің ағылшын тілі оқытушысы Бронвин Шибер шет тілі ретінде ағылшын тілін оқытуда қайтқан байланыстың рөліне жан-жақты тоқталды. Ол EFL сыныптарында тиімді ауызша және жазбаша пікір беру әдістерін нақты практикалық мысалдар арқылы түсіндіріп, қатысушыларға шағын тапсырмаларды орындауға берді. Бронвин Шибер формативті бағалаудың маңызын атап өтіп, қайтарма байланыстың тек қате көрсету құралы емес, студентті ынталандыратын және оның тілдік қабілеттерін дамытуға ықпал ететін маңызды педагогикалық тетік екенін айтты. Ол конструктивті пікір айту үлгілерін көрсетіп, ауызша түсіндіру, жазбаша ұсыныс, топтық кері байланыс, өзара бағалау және өзін-өзі бағалау сынды әдістердің тиімді қолданылуын түсіндірді. Сондай-ақ студенттерді оқу процесіне белсенді тарту, қателермен жұмыс істеу мәдениетін қалыптастыру және тілдік сенімділікті арттыру жолдарына тоқталды. Кездесудің келесі бөлімінде ағылшын тілі бағдарламаларының үйлестірушісі Нұргүл Жаңабаева ағылшын тілі мұғалімдері мен студенттеріне арналған ашық әрі тегін онлайн ресурстарды таныстырды. Ол American English платформасы, кәсіби даму вебинарлары, оқу-әдістемелік материалдар және халықаралық тәжірибе алмасу мүмкіндіктері жайлы ақпарат берді. Сессия соңында сұрақ-жауап бөлімі өтіп, қатысушылар өз тәжірибелеріндегі қиындықтармен бөлісіп, мамандардан кеңес алды. Кездесу ағылшын тілін оқыту сапасын арттыруға, мұғалімдердің кәсіби біліктілігін дамытуға және халықаралық әдістемелік тәжірибені оқу үдерісіне енгізуге ықпал етті.
Абай атындағы ҚазҰПУ
Баспасөз қызметі
|