қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
05.05.2018

Ғалым-ұстаз

 



Бүгінгі әңгіме арқауына айналып отырған ғибратты ғұмыр иесі Бақытжан Хасанұлы еңбегі елінің есінде, жұртының жадында жүрген абыройлы азаматтың бірі. Сексеннің сеңгіріне келген Бақытжан ағамыздың өнегелі өмір жолы көпке үлгі.


1937 жылдың 21 желтоқсанында бұрынғы Гурьев, қазіргі Атырау облысының Индер ауданының Қаңбақты ауылында дүниеге келген ол Хасан ата мен Насипа ананың отбасындағы оныншы бала. Алғаш жеті жасында мектеп табалдырығын аттаған Бақытжан Қаңбақты жетіжылдық мектебін бітіргеннен кейін, Жаманқала қазіргі Махамбет атындағы орта мектепке ауысып, оны 1955 жылы тәмамдады. Оның басты арманы Мәскеуге барып оқу болатын. Бірақ ол кезде Атыраудан Мәскеуге жету оңай емес еді. Қабылдау емтиханынан кешігіп қалатын болғандықтан, Алматыға жол тартады. Мектепте физика, химия пәндерін өте жақсы оқыған жас түлек қаладағы медицина институтына құжаттарын тапсырады.

 

Бір күні ауылдан келген сыныптастарын кездестіріп, олардың көпшілігі С.М.Киров (қазіргі әл-Фараби) атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне құжат тапсырғанын біліп, ауылдастарының жанында жүру үшін, медицина институтынан құжаттарын қайтып алып, ­солармен бірге университеттің филология факультетіне құжаттарын өткізеді. Көп ұзамай қабылдау емтиханын да ойдағыдай тапсырып, бір орынға 17 адамнан келетін конкурста жеңіске жетіп, студент атанады. Университет қабырғасында алғашқы курс кезінен-ақ зеректігімен, алғырлығымен көзге түседі. Ал соңғы курста профессор Белгібай Шалабаевтың жетекшілігімен «М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясындағы афоризмдер» деген тақырыптағы диплом жұмысын «өте жақсы» деген бағаға қорғап шығады. Мемлекеттік емтихан комиссиясы бұл жұмысты «ерекше үздік» деп бағалап, бітіруші түлек Бақытжан Хасанұлы аспирантураға ұсынылады.


Филология факультеті Ғылыми кеңесінің шешімімен қазақ тілі кафедрасына аспирантураға қабылданады. Профессор Мәулен Балақаев аспирант­тарды кафедраға бөлу кезінде «Мен Бақытжан Хасанұлына бес жыл сабақ бергенмін, топтағы ең үздік студенттердің бірі ­болды, сондықтан өзім басқарып отырған кафедраға қалдырамын» деп өз шешімін кесіп айтады. Сөйтіп, аспиран­тураға түскеннен кейінгі жетекшісі де ­профессор М.Балақаев болды. Ұстазы аспирант Бақытжанға «Қазақ тіліндегі метафоралық тіркестер» деген тақырып береді. Білімге деген құштарлығының, ана тіліне деген сүйіспеншілігінің арқасында ол алған тақырыбына бірден қызыға кірісіп, жұмысын уақытында аяқтап шығады. 1965 жылы «Қазақ тілінде сөздердің ­метафоралы қолданылуы» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғайды. Кеңес мүшелері Бақытжан Хасанұлының диссертациялық жұмысын жоғары бағалайды. 1966 жылы осы тақырыпта оның алғашқы монографиясы жарық көреді.


Кандидаттық диссертацияны ойда­ғыдай қорғаған және екі тілді жақсы білетін маман ретінде Министрлер кеңе­сінің Баспасөз комитеті төрағасының кеңесшісі қызметіне жұмысқа алынады. Бірақ Бақытжан Хасанұлы ғылымға қайта оралуды есінен шығармайды. 1967 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының Қазіргі қазақ тілі бөліміне конкурс арқылы өтіп, аға ғылыми қызметкер болып қабылданады. Институттың, өзі жұмыс істейтін бөлімнің ғылыми өміріне белсене ­араласады. 1969 жылы Қарақалпақстанда өткен «СССР халықтары тілдерінің ­дамуы» деген халықаралық конференцияда «Қазақстан халықтары әдеби тілдерінің қазіргі даму жағдайы» деген тақырыпта орыс тілінде баяндама ­жасайды. Осы конференцияға Мәскеудегі Тіл білімі институтының бөлім меңгерушісі ­профессор ­Юнус ­Дешериевич ­Дешериев қатысады. Бақытжан Хасанұлының жасаған ­баяндамасы мәскеулік ғалымға ерекше ұнайды. Тіпті оны өздеріне жұмысқа шақырады. Сол кездесуден кейін болашақ Мәскеуде өтетін конференция, жиындарға Бақытжан Хасанұлы Тіл білімі институтының директорымен бірге шақыртыла бастады.


Бұл конференция Бақытжан ­Хасан­ұлының ғылымдағы жолының екінші кезеңінің бастамасы болды десек те болады. 1969 жылы ғалымның Ұлттық Ғылым академиясының Хабаршысында «Тілдердің қоғамдық қызметі және социо­лингвистика» атты мақаласы жарияланады. 1974 жылы Мәскеуде өткен кеңестік социолингвистердің 8-дүниежүзілік конгресінде баяндама жасайды.


Әдебиетшілер арасында «шығармашыл адамның ойындағысын жарыққа шығаруда жалқы жанр таршылық етеді» деген пікір бар. Сол сияқты тілшілер қауымында да бір тақырыппен, тіл білімінің бір саласымен шектелмей, тіл ғылымының әр саласында сүбелі зерттеулер жүргізіп жүрген ғалымдар бар. Солардың бірі де бірегейі - Бақытжан Хасанұлы десек, қателеспейміз.


Ол жалпы тіл білімі, әлеуметтік лингвистика салалары бойынша еңбектердің авторы. Атап айтар болсақ, ғалымның «Языки народов Казахстана и их ­взаимодействие» (1976), «Тілдік қатынас негіздері» (2006), «Казахско-русское ­художественно-литературное двуязычие» (1990), т.б. еңбектері бар. Орыс тіл біліміне қатысты 1975 жылы Ю.Д.Дешериевпен бірігіп, «Язык межнационального ­общения» атты еңбек жазды. Бұл еңбекте сол кездегі орыс тілінің халықаралық және республикадағы қарым-қатынаста қолданылуы жайында айтылған.


1987 жылы Бақытжан Хасанұлының «Казахско-русское двуязячие (социолингвистический аспект) атты монографиясы жарық көріп, ғалымдар арасында елеулі бағасын алды. Әлемде орыс тілін дамыту жөніндегі әлеуметтік лингвистикаға қатысты зерттеулері үшін және халықаралық конгрестегі үлкен пікірталаста жеңіп шыққандықтан, сол конгреске қатысушы ғалымдардың ұсынысымен 2009 жылы МАПРЯЛ тарапынан А.С.Пушкин атындағы алтын медальмен марапаттауға шешім қабылданды.


Ғалым үштілділік мәселесін зерттеп қана қойған жоқ, үштілділікті тәжі­ри­беде де өз басынан өткерді. 1974 жылы Алма­тыдағы Шет тілдер институты жанындағы екі жылдық ағылшын тілі курсын тәмамдайды. Оның ғылымдағы атқарған еңбектері орасан зор. Кеңестік кезеңдегі атақты басылымдардың қатарында болған «Вопросы языкознания», «Советская тюркология» журналдарында Бақытжан Хасанұлының еңбектері, монографиялары жайында пікірлер жарияланды.


Бақытжан Хасанұлының ғылыми шығар­машылығының ауқымы кең, әр алуан салаларға тармақталған. Ғалымның тағы бір көңіл бөлген саласы қазақ-орыс тілдерін салғастыра зерттеу. Бұл саладағы авторлық бірлестікте жазылған «Қазақ-орыс тілдерінің салғастырмалы грамматикасы» оқулығын ерекше атауға болады.


Ол түрік, өзбек, тәжік, дүнген, қырғыз, ұйғыр, корей, неміс тілдері жайында да зерттеулер жүргізді. Ғалымның бұл тілдердің ерекшеліктерін жан-жақты ғылыми негізде дәлелдеген «Языки ­народов Казахстана и их взаимодействие» (1976), «Интерференция в русской речи казахов: проблемы казахско-­русского двуязычия» (1988), «Национальные ­языки, двуязычие и многоязычие: ­поиски и перспективы» «1989), «Үштілділік - Қазақстанның тілдік даму стратегиясы» (2007), «Языки народов Казахстана: от молчания к стратегии развития (социопсихолингвистические аспекты) (2007), «Мемлекеттік тіл: әлеумет және жастар» (2013), «Үштілділік - бір тарапты тілдік үдеріс» (2013), «Орталық Қазақстанда мемлекеттік тілді дамытудың өңірлік социолингвистикалық тетіктері» (2014), т.б. еңбектерінде республикада тұратын халықтар тілінің бір-біріне әсері, қостілділік және көптілділік мәселелері жан-жақты зерделенген. Осылайша ғалым қазақ тілінің әлеуметтік лингвистикалық проблемаларына арнап он шақты монография, оқу құралдарын, 40-қа жуық ғылыми мақалалар жазды. Бақытжан Хасанұлы 1992 жылы «Қазақстан Республикасындағы қазақ тілінің қолданыстағы әлеуметтік-лингвистикалық проблемалары» деген тақырыпта екі шифрмен, яғни 10.02.06 - түркі тілдері және 10.02.19 - жалпы тіл білімі, әлеуметтік лингвистика мамандықтары бойынша республика көлемінде бірінші болып, докторлық ­диссертация қорғады. Ғалымның әлеуметтік лингвистика саласындағы бұл еңбегі диссертациялық кеңес мүшелерінен де, баспасөз бетінде де үлкен бағасын алды. Бақытжан Хасанұлы алыс-жақын шетелдерде, атап айтқанда, Болгария, Канада, Украина, Ашхабад, ­Душанбе, Фрунзе, Ташкент, Мәскеуде ұйымдастырылған конференция, симпозиумдарда әлеуметтік лингвистиканың өзекті мәселелері бойынша баяндама жасады. Чехословакияда ұлт тілдері, Кореяда корей-түркі тілдерінің өзара байланысы жайында дәрістер оқыды. «Казахско-русское двуязычие» атты монографиясы Қытайда қытай тіліне аударылды және осы монография жайында қытайдың журналдарында бірнеше мақала жарияланды.


Бақытжан Хасанұлының қазақ тіл білімінің көрнекті өкілдері, аға буын ғалымдар туралы да көптеген зерттеулері бар. Сондай еңбектерінің бірнешеуі қазақ тіл ғылымының негізін қалаған Қ.Жұбановқа арналған. Мысалы, «Жубанововедение: в контексте формирования общего языкознания, социолингвистики и психолингвистики в Казахстане. Репрессии в Казахстане»(2000), «Жұбанов мұралары: отандық жалпы тіл білімі, әлеуметтік лингвистика, психолингвистика бастаулары. Тіл саласындағы қуғын-сүргін» (2000), «Профессор Қ.Жұбанов және лингвистикадағы жаңашылдық» (2015) секілді еңбектері бар.


Бақытжан Хасанұлының тағы бір айтулы еңбегі «Саясаттануға кіріспе» (1994) деп аталады. Бұл еңбекте саясаттанудың тарихы және қазіргі жағдайы мен болашағы баяндалған.


Республикадағы тұңғыш рет аймақтық әлеуметтік лингвистика, ділдік лингвистика, ісжүргізу тану ғылымының негізін салған ғалым. Осы уақытқа дейін ғалымның 40 шақты монография, оқулық, оқу құралдары, сөздіктері, 500-ге жуық ғылыми мақалалары жарық көрді. Бір кездері ғалым «Әлеуметтік лингвистика» пәнінен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, Қарағанды, Ақтөбе, Орал, Қостанай қалаларындағы жоғары оқу орындарында да дәріс оқыған.


1986 жылы Қазақ ССР Ғылым акаде­миясының философия және құқық институтына қарайтын Ұлтаралық қатынастар орталығы құрылған болатын. Бақытжан Хасанұлы осы Орталықта «Ұлт тілдері және қос тілділік» деген бөлімді басқарды. 1989 жылғы қабылданған «Тіл» Заңының негізгі құрастырушысы атанды. Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық институтында да біраз жыл еңбек етті. Институтта кафедра меңгерушісі бола жүріп, 1990 жылы осы институт жанында құрылған құрамында Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан ғалымдары бар Біріккен докторлық диссертациялық кеңестің төрағасы болды.


Ұзақ жылдар Қазақстан Президенті жанындағы Адам құқығы жөніндегі комиссия мүшесі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі болған. Тіл саясаты жайындағы мақалалар топтамасы үшін 1990 жылы журналистер одағының лауреа­ты атағын иеленді. Соңғы жылдары Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде магистранттар мен докторанттарға дәріс оқыды.


Бақытжан Хасанұлы Қазақстан ­Республикасы Конституциясының ­лин­гвис­тикалық қағидаларын, «Тіл» Заңы мен «Азаматтық туралы» Заң мәтінін түзуде де сарабдал ойдың, әділ шешімнің үлгісін көрсете білді, сондықтан ғалымды заңгерлер қатарында да атауға болады. Ғалым, сонымен қатар Қазақстан Үкіметі жанындағы Мемлекеттік терминология комиссиясының мүшесі қызметін де атқарған.


Әркім өз еңбегімен қошеметке бөленеді. Бақытжан Хасанұлы да өзінің ғылым­дағы, ұстаздық жолдағы ерен еңбегі үшін марапаттарға ие болған. Қазақ­станның көрнекті ғалымдарға арналған Мемлекеттік стипендиясының иегері (1995), «Қазақстан Республикасы ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» (2004) медалімен марапатталған. «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» (2006).


Ғылымның биігі - қайталанбас биік, қайталанса да басқа бір қырынан толықтырылатын, жетілдірілетін биік, ұмытылмас тарих екендігі ақиқат. Өз ісін бар ынтасымен сүйіп істеген адам ғана мақсатқа жетеді. Ғылымды өмірлік кредосы еткен, қарапайым, еңбекқор Бақытжан Хасанұлы алдағы атқарар ғылыми жұмыстары жөнінде мерейтойдың алдында сұхбаттасқанымызда, ғалым бірнеше еңбектерді жоспарлап қойғанын айтты: «Мемлекеттік тіл арқылы рухани жаңғырту мәселелері», «Үш тілділік ұстазын даярлау ұстындары», «Қазақ ру-тайпаларының сөйленімі» секілді бірнеше еңбектер жазылу үстінде.

 

 

Авторы: Ж.Балтабаева,
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың профессоры,
педагогика ғылымының докторы

05.05.2018 ж.

Ақпарат көзі: anatili.kazgazeta.kz