Main /
Mass media about us
26.05.2018 «Университет барысы» тартысты белдесуде танылды
Жастар арасында қазақ күресін кеңінен насихаттау, ұлттық спорт түрімен айналысатын жас спортшылардың үлесін арттыру мақсатында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 90 жылдығына орай Алматы қаласындағы ЖОО студенттері арасында қазақ күресінен «Университет барысы» жарысы өткізілді. Жарыс білім ордасының күрделі жөндеуден өтіп, жаңадан тұсауы кесілген спорт кешенінде өтті.
Шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген университет ректоры, профессор Такир Балықбаев білім ордамыздың 90 жылдығы аясында ұйымдастырылып жатқан ауқымды шараларыға тоқталып, барша қатысушыларға сәттілік тіледі. Сөз кезегін алған шараның арнайы қонақтары Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрметті қызметкері, ұлттық спорт өнерінің жанашыры, генерал-лейтенант Әділ Шаяхметов, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, қазақ күресі федерациясының тұңғыш президенті Ерғали Мұхитдинов, Алматы қаласы мәслихатының депутаты, университетіміздің Бақылау кеңесінің мүшесі Кенжехан Матыжанов, ҚР «Динамо» спорт қоғамы Орталық кеңесі төрағасының орынбасары, КСРО жәнге ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Марат Қошаев, ҚР еңбек сіңірген артисі Люция Төлешова спортшыларға жылы лебіздерін білдіріп, алдағы ойындарына жеңістер тіледі.
Жарысқа қаламыздың 20 жоғары оқу орнынан 120-дан астам спортшы қатысып, 60 кг., 74 кг. және 100 кг. салмақ дәрежесі бойынша күш сынасты. Додаға халықаралық санаттағы төрешілер төрелік етіп, әділ бағасын берді.
Жарыс қорытындысы бойынша 60 кг. салмақ дәрежесі бойынша 3-орынды Қазақ спорт және туризм академиясының палуаны Жамбыл Мадияр және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің палуаны Ықын Азамат өзара бөліссе, 2-орынды Қазақ спорт және туризм академиясының спортшысы Сағатбек Самат қанжысына байлады. Дәл осы білім ордасының палуаны Әмірәлі Жомарт жүлделі 1-орынды жеңіп алды.
74 кг. салмақ дәрежесі бойынша «Нархоз» университетінің палуаны Әбдікәрім Болат және Қазақ спорт және туризм академиясының палуаны Тұрарбек Алмас қола медаль иегерлері атанды. Қазақ спорт және туризм академиясының екі бірдей палуаны Даваев Даврон және Елібай Бижан күміс және алтын медальді жеңіп алды.
100 кг. салмақ дәрежесі бойынша «Қайнар» университетінің студенті Жұмабай Жансерік пен Қазақ спорт және туризм академиясының студенті Орынбасар Кенесары 3-орынға орналасса, 2-орынды Қазақ спорт және туризм академиясының палуаны Жанатаев Ерасыл жеңіп алды. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің палуаны Барах Мейрамбек жүлделі 1-орынға орналасып, алтын медаль иегері атанды. Сонымен қатар, Барах Мейрамбекке 100 кг. салмақ дәрежесінде белдескен Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген жаттықтырушысы, КСРО спорт шебері Амангелді Ысмағұловтың арнайы жүлдесі мен 100 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлық табысталды.
Жалпы, қазақ күресінің жүлде қоры І орынға 150 000 теңгені, ІІ орынға 100 000 теңгені, ІІІ орынға 50 000 теңгені құрады.
Үздік өнер көрсеткен спортшылар «Жас палуан», «Шапшаң палуан», «Жігерлі палуан», «Қажырлы палуан», «Шебер палуан» номинацияларымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Барлық қатысушы спортшылар мен жарыс барысын әділ бағалаған төрешілер алқасы бағалы сыйлықтар және Алғыс хаттармен марапатталды.
Шара соңында университет басшысы Такир Балықбаев қара шаңырақтың мерейлі мерекесі аясында тұңғыш рет ұйымдастырылған бұл спорттық дода алдағы уақытта дәстүрлі шараға айналатындығына үлкен сенім білдірді.
Авторы: Жанатбек Ішпекбаев, Абай атындағы ҚазҰПУ-нің Тәрбие жұмысы және әлеуметтік даму жөніндегі проректоры, профессор 26.05.2018 ж. Ақпарат көзі: almaty-akshamy.kz
|