қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
26.05.2018

Мұғалім мамандығына құрмет

 



Медеу ауданындағы Қасыл Қатықбаева атындағы №168 мектеп-гимназияда 11-сынып оқушылары арасында өткізілген байқау жеңімпаздарын марапаттауға арналған сал­танатты жиын өтті. Осы жиын аясында Қасыл Қатықбаеваның мұражайы ашылды. Мамыр айының 14-18 аралығында Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен, Білім басқармасының ұйымдастыруымен мұғалім мамандығын таңдап отырған түлектер ара­сында Қасыл Қатықбаева атындағы грантты жеңіп алу үшін байқау өткен еді.

 

Үш кезең бойынша өткен кезең бары­сында болашақ мұғалімдер оқу сауаттылығы мен математикадан тест тапсырса, «Мен таңдаған мамандық» тақырыбында өзінің мамандығына деген махаббаты туралы эссе жазған еді. Үшінші ақтық кезеңде үміткерлер «Қазақстанның дамуына қосатын менің үлесім» деп өз ойларымен бөлісті. Осылайша мұғалім болсам деген үміткерлер барлық сынақтан өтіп, өздеріне қойылған шарттарды орындады. Тұлпар деп танылғандар бағалы сыйлықпен, жүйріктер де құр қол қайтпады. Сөз кезегін алған байқау демеушісі «Koktem Group LTD» компаниясының директоры, қалалық мәслихат депутаты Мұрат Әділ­ханұлы барлық үміткерлерді құттықтады.

 

- Бүгін мен толқып тұрмын. Анамның бейнесі, айтқан ақылы, мейірленген сәттері бәрі-бәрі көз алдыма келіп, көңілімнің босап тұрғанын да жасырғым келіп тұрған жоқ. Жер бетінде анадан асқақ, анадан артық жан жоқ. Сондықтан өмір берген, жарық сәуле сыйлаған аналарымызға қандай құрмет көрсетсек те жарасымды дер едім. Ал ата-анадан кейінгі ақылшы, ең қамқор жандар, әрине бұл біздің ұстаздарымыз. Сондықтан ұстаз болғысы келетін, жүрегі осы маман­дықты қалаған жастарға қолдау көрсетуді мен де өзімнің бір парызым деп санаймын, - деген Мұрат Әділханұлы 200 мың қаржылай сыйлық пен арнайы дипломды 3-орын алған №172 мектеп-гимназияның 11-сынып оқушысы Маржан Қожахмет пен №188 мектеп-гимназияның 11-сынып оқушысы Ботагөз Ғалымжановаға табыс етті.

 

Қазақ білімінің қара шаңырағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне биыл 90 жыл толып отыр. Екінші орын игерлерін осы оқу ордасының ректоры Такир Балықбаев құттықтап, ар­найы сыйлықтарды табыс етті. Қала­мыздағы Ш.Сма­ханұлы атындағы №62 гимназияның 11-сынып оқушысы Арна Ағыбай мен Қасыл Қатықбаева атындағы №168 мектеп-гимна­зияның 11-сынып оқушысы Құралай Әбутәліп арнайы диплом мен 300 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды.

 

Келесі кезекте қоғам және мемлекет қайраткері, білім саласының ардагері Шәмша Беркімбаева болашақта мұғалім боламыз деген жас түлектерге ақыл-кеңесін айтып, сәттілік тіледі. Байқаудың бірінші орнын жеңіп алған Ж.Жабаев атындағы №161 лицейдің 11-сынып оқушысы Диас Оразовқа арнайы диплом мен 500 мың теңгені табыс етті. Осыдан соң өздері аңсаған мамандықты таңдаған түлектерді құттықтауға арнайы келіп отырған қала әкімі Бауыржан Байбек сөз кезегін алды.

 

Біз қала өміріндегі тағы бір тамаша оқи­ғаға куә болып отырмыз. Еліміздің өркен­деуіне өз үлесін қосып жүрген азамат Мұрат Әділханұлы тамаша бастама көтеріп, мұғалім мамандығының мәртебесін көтеріп отыр. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің елімізді көркейтіп, гүлдендіруге бағытталған бағдарламаларында әркез азаматтары­мыздың туған жерге қолынан келгенше көмек көрсетіп, перзенттік боры­шын өтеуі баса айтылады. Міне, патриотизм­нің бір көрінісі Мұрат Әділханұлының балабақша, мектеп, басқа да әлеуметтік мысалдар тұрғызып мемлекетке тарту еткені дер едік.

 

- Бүгін енді өзінің ана алдындағы пер­зенттік борышын өтеп, тағы да бір сауапты іс жасап отыр. Қасыл Қатықбаева анамыз ері ерте өмірден озып, бір өзі 12 бала­ны өсірген. Еңбек ете жүріп бала тәрбиесінен де ай­на­лысты. Ата-ана үшін баланың азамат болып елге еңбек етуінен артық бақыт жоқ, - деген қала басшысы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне оқу үшін берілген грантты жеңіп алған №184 мек­тептің 11-сынып оқушысы Әбек Бақыт­жанға Бас жүлде - оқу грантын табыс етті.

 

Барлық жеңімпаздар атынан сөз алған Бақытжан Әбек болашақта үміт ақтап, мықты маман боламыз деген тілегін жет­кізді. «Алтын белгіден» үміткер Бақытжан Әбек сәтін салып оқуға түсе қалған жағ­дайда, төрт жылға төленетін оқу ақысын алатын болады.

 

26.05.2018 ж.

Ақпарат көзі: almaty-akshamy.kz