қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
27.06.2018

Стратегиялық серіктестіктің көкжиегі

 


АҚШ және Қазақстан

 

Кеңестер Одағы дәуірінде АҚШ құбыжық, соғысқұмар, отаршы, адам­ды қанаушы ел ретінде насихатталатын. Кезінде АҚШ ықпалындағы батыс немістері өмірдің бар саласынан әлдеқайда дамып кеткен, ал, КСРО «тәрбиесіндегі» шығыс немістері артта қалып қойғаны белгілі.


Тағдыр тәлкегімен корей елі географиялық 38 белдеу (параллель) бойымен КСРО ықпалындағы Солтүстік Кореяға және АҚШ ықпалындағы Оңтүстік Кореяға қақ ортасынан бөлінді. Сол кезде уақытша басқару режимі біткен соң, екі тарапты біріктіру көзделді. Нәтижесінде Корея екі алып державаның саяси ойыншығына айналып, корей ұлтының тағдыры тәлкекке түсті. Екіге жарылған корейлер бірікпек түгіл, бір-бірімен соғысып кетті. Корей соғысының зардабы орасан зор болды: түрлі деректер бұл соғыста жалпы саны 5-6 млн. адам қаза тапқанын көрсетеді. Біртұтас ұлт екіге бөлініп, Солтүстік бөлік - Корей халық демократиялық республикасы (КХДР), Оңтүстік бөлік АҚШ ықпалындағы Корей Республикасына айналып шыға келді.


АҚШ ықпалындағы Оңтүстік Корея демократиялық жолға түсіп, қарыштап дамып, өркениетті елге айналды. Қазір оңтүстік корейлік ғылым мен техника дамуы жағынан әлемдегі алдыңғы орынға шықты, басқасын айтпағанда, корейлік Samsung компаниясы америкалық Apple компаниясымен ашық бәсекелесетін деңгейге жеткен. Бұдан басқа да бәсекеге қабілетті брендтері жетіп артылады. Корейлік электроника мен тұрмыстық техника әлемді жаулап барады, авто-мото, ауыр машина жасау, жеңіл өнеркәсіпте қарқынды дамуда. Оңтүстік Корея кеме жасау саласында да әлемдік лидерлердің қатарында. Сауда-экономикалық бағыттағы портты қала Пусанда әлемдік жиындар мен спорт додалары өтсе, астанасы Сеул - Азия-Тынық мұхиты аймағындағы ірі қаржылық және мәдени орталыққа айналған. Осы жерде тағы да орынды сұрақ туындайды: АҚШ жаман болса, оның ықпалындағы Оңтүстік Корея қалай жақсы ел болып отыр? Немесе АҚШ-ты жау көретін Солтүстік Корея неге артта қалып қойды?


Бүгінгі таңдағы әлемдік саясатта АҚШ-тың гегемондығы анық байқалады. Әлемдік саясаттағы Американың араласқан дау-жанжалдары көбінесе халықаралық қауымдастықтың мақұлдауымен, өткір қажеттіліктен туындап отырады.


АҚШ-пен қарым-қатынас Қазақстанның сыртқы саясатындағы ең негізгі басым бағыттарының бірі болып табылады. Әріптестіктің маңыздылығы мен болашағы АҚШ мемлекетінің халықаралық аренадағы алатын орнымен ерекшеленеді. АҚШ әлемдік саясатта, экономикада, білім беру саласында, мәдени салада алдыңғы қатардағы орынды иемденеді. Дүниежүзілік қауымдастыққа интеграция барысында Қазақстан бұл елмен конструктивті әріптестікті дамытуға мүдделі.


АҚШ-тың бүгінгі Президенті Дональд Трамптың сөзімен айтқанда: «Ширек ғасырға жуық уақыттан бері АҚШ тарапы Қазақстанды Орталық Азиядағы тәуелсіз, егемен, әлеуетті стратегиялық әріптес ретінде есептейді. 1991 жылы Рождество мерекесінің алдында Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып мойындауымызды мақтанышпен айтамыз. Орталық Азия елдері арасында қазақ елін АҚШ сенімді серіктес санайды, әрі көшбасшы мемлекет ретінде санасады. Саяси саxнада Қазақстанның ұсыныстарын қолдайды. Әсіресе, жойқын қарудан бас тартқан мемлекет ретінде халықаралық қауымдастықтың бейбітсүйгіш мүшесі деп біледі».


АҚШ Қазақстанға алғашқылардың бірі болып инвестиция құйып, егемендіктің елең-алаңында бізге сенім білдірген алғашқы мемлекет. АҚШ біздің елге 2005 жылдан бері қарай шамамен 30 млрд доллар инвестиция құйған. Әлемдегі алпауыт компаниялар елімізге келіп, мұнай өндірісі ілгері басты. Бүгінде Қазақстанда америкалық капиталдың қатысуымен 500-ден астам компания жұмыс істейді. Таяу арада бұл тізім бұдан да арта түспек. Елбасы халыққа жолдауында айтқан төртінші өнеркәсіптік революцияға АҚШ кәсіпкерлері белсене атсалысады деген ойдамыз.

 

 

Арманы асқақ, алыс та жақын Америка

 

Америка Құрама Штаттары батыс жарты шарында орналасқан ірі ел. Бұл мемлекетке деген қызығушылық болашаққа айқын бағдары бар Қазақстан сияқты жас мемлекет үшін өте ерекше. Оның барлық жері түгелдей дерлік Солтүстік Америкада тұрғаны белгілі. Әлемдік супердержава Шығысында Атлант мұхитымен, батысында Тынық мұхитымен түйіссе, Солтүстігінде Канадамен, оңтүстігінде Мексикамен шектеседі. Америка Құрама Штаттары (АҚШ), Америка - Солтүстік Америкадағы мемлекет, федеративтік республика болып табылады. Аумағы 9363,2 мың км². Халқы 302 млн. адамнан асады. Астанасы - Вашингтон қаласы. АҚШ Америка құрлығындағы ең үлкен мемлекеттер ішінде Канададан кейін екінші орынды, ал, бүкіл әлем бойынша Ресей, Канада және Қытайдан кейін төртінші орынды иемденеді.


Табиғат жағдайларының алуан түрлілігімен сипатталатын АҚШ жері табиғи ресурстарға да өте бай. Әсіресе, минералды шикізат түрлері кең таралған, бұл ел аумағының қалыптасу тарихы мен құрылымдық ерекшеліктеріне тікелей байланысты. АҚШ пайдалы қазбаларға да өте бай ел. Жан-жақты жүргізілген барлау жұмыстарының нәтижесінде 30-дан астам штаттың аумағында көмір мен мұнай қоры бар екені анықталған. Қазіргі кезде 15 штатта көмір өндіріледі, әсіресе, Аппалач көмір алабының (Кентукки, Пенсильвания және Теннеси штаттары) маңызы зор. Қазірге дейін Аппалач көмір алабы елде өндірілетін тас көмірдің 80%-ын береді. Мұнай мен газдың аса маңызды кен орындары Мексика шығанағы жағалауынан, Калифорния мен Аляскадан табылған. Оларды өндіруде ұдайы ғылым мен техника жаңалықтары қолданылып отырады. Елдің отын-энергетикалық кешеніндегі олардың үлесі 70%-ды құрайды. АҚШ энергетикалық ресурстарға да бай. АҚШ өзендерінде су энергиясының аса мол қоры бар. Елдегі ең ірі СЭС тізбектері Теннеси және Колумбия өзендерінде салынған. Колумбия өзеніндегі Гранд-Кули су электр станциясы қуаттылығы жөнінен әлемдегі ең ірі станциялар қатарына жатады. Кейінгі онжылдықтарда энергияның дәстүрлі емес көздері де пайдаланылуда. Мысалы, Калифорния штатындағы Сеңгір таулардың беткейінде жел күшін пайдаланып жұмыс істейтін дүниежүзіндегі ең қуатты электр станциялары орналасқан. АҚШ гелиостанцияларының қуаттылығы жөнінен дүниежүзінде теңдесі жоқ. АҚШ-та геотермалды станциялар да жұмыс істейді, олардың ең ірісі Калифорниядағы Гейзерлер аңғарында салынған. АҚШ-тың оңтүстігіндегі құрғақ климат. Алуан түрлі климат жағдайларымен сипатталатын АҚШ жері агроклиматтық ресурстарға да бай. Бұл қоңыржай белдеудің барлық дерлік дақылдарын, сондай-ақ көптеген субтропиктік және тропиктік дақылдарды өсіруге мүмкіндік береді. АҚШ-тың су рес­урстары, негізінен, шығыста шоғырланған. Олар энергетикалық маңызымен қатар, көлік қатынасында және егістік жерлерді с­уаруда пайдаланылады. АҚШ-тың негізгі аумағының жартысына жуығы ауыл шаруашылығына жарамды жерлер (жыртылатын жерлер, шалғындар мен жайылымдар). Орталық жазықта жыртылған жерлердің үлесі 80%-ға жуық. Аляска мен Кордильер тау жоталарының аймағы орман ресурстарына бай. АҚШ-та табиғи ресурстарды пайдалану барысында қоршаған ортаға неғұрлым аз зиян тигізетін жаңа технологиялар енгізіліп отырады. Соңғы жылдары АҚШ үкіметі мен кәсіпкерлері өз жеріндегі табиғи ресурстарды үнемді пайдалану мақсатында дамушы елдерден құны арзанырақ шикізат түрлерін сатып алып, өңдеуге айрықша көңіл бөлуде.


«Темір леди» атанған Маргарет Тэтчердің сөзімен айтқанда: «АҚШ әлемдік лидер болудың моральдық құқығына ие және оған материалдық негізі де бар ел». Дамушы елдер қатарына енетін Қазақстан үшін АҚШ сынды нарықтағы беделі жоғары елмен қарым-қатынаста болу өте маңызды. Екі ел арасындағы байланыс 1991 жылы 25 желтоқсанда - АҚШ Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігін таныған кезден бастау алады.


Елбасының сөзімен айтар болсақ, «Қазіргі таңда АҚШ ‒ әлем­дегі алып державаның бірі. Оның орнын басатын әзірге мемлекет жоқ. Сондықтан, ғылымы мен техникасы қарыштап дамы­ған елмен қарым-қатынас орна­тудың Қазақстан үшін маңы­зы зор». Мем­лекет басшысының айтуынша, америкалық компаниялар елі­мізге 50 миллиард доллардан астам инвестиция құйған. Қазір­гі таңда Қазақстанда 550 бірлес­кен өндіріс жұмыс істейді.



«Мәңгілік Елге» жол тартқан Ұлы Дала елі

 

Бүгінгі таңда жаһан жұртына жақсы танылып, әлемдік алпауыттармен терезесін теңестіріп үлгерген, стратегиялық мақсат­тарына қарай нық қадамдар жасап, дү­ниежүзіндегі дамыған 30 елдің қатарына қосылуды мұрат еткен Қазақстан тәуелсіздік жылдарында талай белестерді бағындырып, қаншама асудан сүрінбей өтті.


Егемендік жылдары еліміздің жеткен жетістіктері мен халықаралық деңгейде атқарған абыройлы істері бірнеше кітапқа арқау болары анық. Олай болса, қадау-қадау шаруаның бір мысқалына ғана тоқталып өтейік. Тағдыршешті құжат ретінде 1991 жылы 16 желтоқсан күні - «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Ұлы достық алтын көпірінің негізін салған «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құру туралы келісімге» қол қойылды. Мемлекеттік Қауіпсіздік қалқаны ретінде Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын күзету мақсатында өз Қарулы Күштерін құрды. Азаттықтың айғағындай елім, жерім дейтін ұрпақтың намысын оятып, жүрегіне патриоттық сезім ұялататын көк байрақ, Елтаңба, әнұран, қазақ тілі сияқты рәміздеріміз белгіленді. Алыс және жақын шет мемлекеттерден, соның ішінде, Түркия, Алмания, Франция, Норвегия, Моңғолия, Қытай, Аустрия және басқа 33 елден 800-ден астам адам қатысқан бүкілқазақтық Құрылтай болып, алыстағы бауырларға жайылған құшақ ашылып, тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта республикамызға 263 913 отбасы немесе 964 465 қазақ көшіп келді. Қазіргі қоғамда олардың сегменті 5,5 пайызды құрайды. Ел аман, жұрт тыныш болса, болашақта атажұртқа қарай әлі талай көштің бет бұрары анық. Тәуелсіздіктің алғашқы қарлығашы болып төл ақшамыз, ұлттық валюта осы жылдар ішінде түрлі қаржы дағдарыстарына төтеп беріп қана қоймай, жұртшылық тарапынан инвестициялық сенімге де ие болды. Құқықтық бағдаршам болып Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы 1993 жылдың 28 қаңтарында, 1995 жылдың 30 тамызында республикалық референдумда Қазақстан Республикасының жаңа Ата Заңы қабылданды. Бүгінде бұл құжат елдің барлық саласындағы: саясат, экономика, әлеуметтік саладағы жетістіктердің, қоғамдық тұрақтылық пен келісімді қамтамасыз етудің берік құқықтық іргетасы болып қаланды. Ал, егемендіктің ескерткіші - еңселі елордамыздың халықаралық тұсаукесері 1998 жылғы 10 маусымда өткізілді. Тәуелсіздіктің арқасында білім көкжиегіндегі жетістіктеріміздің бірі - ел жастарына «Болашақ» шәкіртақысы тағайындала бастады. Шекаралас мемлекеттермен Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы заңды түрде рәсімделіп, шекара шегенделді. «Қазақстан - 2030», «Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты - «Қазақстан - 2050», «Мәңгілік Ел» сияқты сарабдал Стратегиялар қабыл­данды. Ұлт руханиятының ошағы болып табылатын ауылдың ажарын кіргізетін «Ауыл жылы», «Ауылдық аумақтарды дамыту», «Дипломмен - ауылға» жобалары орталықтан шалғай елді мекендерді көркейтудің бірден-бір жолы ретінде өмірге жолдама алды. Қазақстан бүкіл әлемдік қоғамдастыққа жалпыұлттық консенсус пен қоғамның топтасуының үлгісін көрсетіп, діндер арасындағы дәнекер бола білді. «Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасы бүкіл бір ұлттың мәдениетінің, тарихының, білімі мен ғылымының, рухани қазынасының кішкентай көрінісі- кешегі күннің бір белгісі ғана емес, бүгінгі дамудың қозғаушы күші, оның негізгі бастауы, әрі нық қаланған негізі болды. Тәуелсіз Қазақстанның ғарыш саласына қатысты тарихының бастамасыда осы жылдардан бастау алды. Осы жылдары қазақтың ұлдары - ғарышкер атанып, Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаевтың ізін Айдын Айымбетов жалғастырды.


Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы маңызды белестің бірі - елдің 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) - Еуропада, Орталық Азияда және Солтүстік Америкада орналасқан 56 елдің басын біріктіретін ірі аймақтық ұйымға төрағалық етуі. Астана Саммиті - Қазақстанның жұлдызды шағының бір белгісі болды. Азияны елеңдеткен қысқы Азиада ойындарында Қазақстан намысын қорғаған спортшылар айрықша көзге түсті. Алматы метросы Тәуелсіздігіміздің алып ескерткіші ретінде және өз күшімізбен салған ғажайып құндылық болуымен бірге ел игілігіне айналды. Құрылысы сонау 80-ші жылдары басталып, Мемлекет басшысының жеке қолдауы арқасында тәуелсіз Қазақстанда пайдалануға берілген метро 5 жыл ішінде 40 млн жолаушыға қызмет көрсеткен. Жыл сайын жолау­шылар легі 20 пайызға артуда. Былтырғы жылы Астана төрінде өткен EXPO-2017 халықаралық көрмесінің орны бір төбе. Жаһандық нарыққа жол ашқан әлемнің 160-тан астам мемлекетін біріктіретін алып экономикалық бірлестік - Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болу қазақ елі үшін ең алдымен сыртқа өнім шығарып, тауарлар мен қызмет түрлерін таңдауға мүмкіндік туғызды. Әрі шетелден инвестиция тартып, жаңа өндірістерді өркендетуге жол ашылды. Алаштың тілі - БҰҰ мінберінде айтылып, әлемге жол тартты. Жаңғырған «Жібек жолы» арқылы «Нұрлы Жол» инфрақұрылымдық дамудың мемлекеттік бағдарламасы аясында 2015-2019 жылдар ішінде жалпы көлемі 7 мың шақырымнан асатын 11 автокөлік жолының жобалары жүзеге асырылмақ. Соның ішінде еліміздің аумағындағы ғасыр жобасы аталып отырған ең ірі халықаралық автокөлік дәлізі «Батыс Қытай - Батыс Еуропа» жолының құрылысы да бар. Жолдың Қазақстан аумағындағы жалпы ұзындығы 2 787 шақырымды құрайды. Мұның 2452 шақырымы қайта жаңғыртуға, яғни, толықтай қайта салуға жатқызылған. 1391 шақырымдық жол - 1 санатты, 1061 шақырымдық жол 2 санатты болады. Жобаның құны - 825 миллиард теңге. Қазақстандағы «Батыс Қытай - Батыс Еуропа» дәлізінің бүкіл өн бойында көлік қозғалысы ашылып тәуелсіздікке ие болған ширек ғасыр ішінде осыдан мың жыл бұрын Батыс пен Шығысты жалғап жатқан Ұлы Жібек жолын қайта тірілткендігімізді білдіреді.


Осының бәрі Тәуелсіздіктен «Мәңгілік Елге» жол тартқан мақсаты айқын Ұлы Дала елінің, айбынды Алаш жұрты қол жеткізген азаттықтың, Тәуелсіздігіміздің арқасы!

 

 

Назарбаев - әлемдік деңгейдегі адал бітімгер

 

Ел­басының әлемдік деңгейдегі адал бітімгершілік қызметінің жемісі Америка сапарында тағы да дәлелденді. Оған дәлел Н.Ә. Назарбаевты Америка басшылығының өте жоғары деңгейде қарсы алуы. Елбасына көрсеткен құрмет соның бір белгісі. Оның шебер де адал бітімгер екенін Ел­басының «Армения Еуразиялық эко­номикалық одаққа тек қана өзінің халықаралық мойындалған шекара­сы шеңберінде ғана мүше бола алады» деген мәлімдемесін келтіруге болады. Яғни, мұнда Арменияның Таулы Қарабақ сияқты оккупацияланған жерлермен одаққа кірмейтіндігі айтылып, Әзербайжанның тер­рито­риялық тұтастығын сақтау мәселесі көтерілген. Әрине, бұл сөзден кейін армян саясаткерлері Президенттің бұл мәлімдемесін сынға алып, қандай да бір одақтарға Қарабақсыз кіретінін жеткізсе де, бұл мекендерді Әзер­байжан еліне қайтару туралы бастамаларды көтерген емес. Таулы Қарабақ - халқының басым бөлігі армяндардан тұратын, бірақ тарихи территориялық тұрғыдан Әзербайжанға тиесілі мекен. Са­рап­шылардың айтуынша, көп­теген Азия елдерінің басшылары бұл мәселені шешуде қауқарсыз­дық танытып отырғанда, ресми Астананың қашанда территория­лық тұтастықты сақтауға байла­нысты мәлімдемелері оккупация­ланған территориялары бар ел­дерге үміт ұялатады. Көп­векторлы саясатты ұмытпайтын Назарбаев, бір жағынан, Грузия, Молдова, Украина, Әзербайжан­ның территориялық тәуелсіздігін қолдаса, екінші жағынан, Ресейдің ірі стратегиялық әріптес екенін, онымен де санасып отыру қажет­тігін жиі тілге тиек етеді.


2017 жылғы жаз айларында Түркия мен Ресей арасында кикіл­жің орын алып, өзара айыптаулар мен өкпелі мәлімдемелер жасалып, жағдай ушыққанда Қазақстан басшылығы мәселенің дер кезінде шешімін табуына себепкер болды.


Тіпті посткеңестік кеңістікте жанжалдар ушығып, Ресейге қарсы санкция­лар күшейген кезде Франция президенті Франсуа Олланд орыс елінен бұрын өзі «Орталық Азия­ның жаңа державасы» деп атаған Қазақстанға арнайы ат басын тіреп, Елбасымен кездескен еді.


Қазақстанның Халықаралық даулы мәселелерді шешудегі тәжірибесі мен жоғары еңбегі және Елбасының дағдарысты тек бейбіт жолмен реттеу жолдарының ізденісіне бағытталған белсенді қызметі арқылы Нұрсұлтан Назарбаев бейбітшілікті сақтау және халықаралық қауымдастықта өзара сенімді арттыру жаһандық идеясын алға бастырады. Осындай жауапты миссия тек нағыз еуразияшыл, қарсы тұрушылықтың емес, бәсекелестіктің жақтаушысы, әлемдік деңгейдегі сарабдал саясаткер Нұрсұлтан Назарбаевтың ғана қолынан келеді. Оған дәлел, БҰҰ-ның бұрынғы бас хатшысы Кофи Аннан: «Қазақстан - өзге де ТМД елдерімен салыстырғанда ерекше мемлекет. Онда тұрақтылық, бейбітшілік және экономикалық өсім бар. 1991 жылы Президент Назарбаевтың бастамасымен, Қазақстан өз еркімен ядролық қарудан бас тартқанда, біз Назарбаевтың осы бір бастамасына қайран қалған болатынбыз. Өйткені БҰҰ әлем елдерін ядродан бас тартуға үндеп келе жатқанына 60 жылдан асты. Бірақ нәтиже жоқ еді. Мұның бәрі Президент Назарбаевтың еңбегі» - десе, ал, Пан Ги Мун: «Президент Назарбаев әлемдік саясаттағы бітімгер саясаткер. Оның саяси шешімдері әлем басшылары үшін үлгі болуы тиіс» - деген болатын. Бұл жай ғана айтылған нәрсе емес.

 

 

Атың барда жер таны

 

Тәуелсіз Қазақстанның Президенті ретінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев осы уақытқа дейін Америка Құрама Штаттарына төрт рет ресми сапар жасады. Жалпы Елбасы Америка құрлығына 11 мәрте ат басын тіреген. Алғаш рет Қазақ ССР - і болып тұрған кезде президент ретінде барған. АҚШ-ның 5 президентімен ресми кездесулер өткізген. Әр сапарының өзінің тарихы және өзіндік орны бар.


Алғашқы 1992 жылы 18-20 мамыр аралығында еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа жасаған іс-сапары кең көлемді ынтымақтастықты дамытуға негіз болды. Сапар барысында Н.Назарбаев АҚШ Президенті Джордж Бушпен, Мемлекеттік хатшы Дж. Бейкермен және өзге де министрлер, сенаторлар және кәсіпкерлермен кездесті. Алғашқы сапар аясында Қазақстан мен АҚШ Үкіметі арасындағы Өзара түсіністік Меморандумына, Капитал салуды қолдау мен өзара қорғау туралы келісімге, Сауда қатынастары туралы келісімге және басқа да құжаттарға қол қойылған. Бұл сапар екі елдің өзара түсіністік жағдайда дамуының алтын көпірі болды деуге болады. Сол кездегі АҚШ-тың 1989-1993 ж.ж. президенті Джордж Буш: «Сіздің «ядросыз әлем» жобаңыз бұл - жаһандық саясаттағы ешкім қайталай алмайтын қадам болды. Мен және Америка халқы Сізге және Қазақстан халқына қашанда ілтипатымыз ерекше. Сіздің қиын-қыстау кезеңдердегі ұстанған саяси және экономикалық реформаларыңыз - әлемдік саясаттағы үлкен жетістік деп білеміз. Бұдан әрі де Қазақстан мен АҚШ арасындағы достық, ынтымақтастық байланыс нығая түсетініне сенімім кәміл» деген болатын.


1994 жылы 14-16 ақпанда Президент Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-та ресми сапармен болып, оның барысында Қазақстан Республикасы мен АҚШ арасында серіктестік қатынастарды дамыту және тереңдету үшін негіз жасайтын басты құжат - «Демократиялық серіктестік туралы хартияға (құжатқа)» қол қойды. Бұл ортақ құжат 17 баптан тұрады. Құжатта саясат, қауіпсіздік, экономика, мәдениет, білім беру, қоршаған ортаны қорғау, ғылым, денсаулық сақтау мәселелері мен өзге салаларда екі мемлекеттің мақсаттары мен міндеттері нақты баяндалды. Қазір Қазақстан-АҚШ қарым-қатынасының жаңа бір «көзі» - әлемдік қауіпсіздік мәселесі. Қазақстан қазір АҚШ-тың ықпалымен өзіндегі бар мүмкіндіктерін пайдалана отырып, терроризмге қарсы күреске қосылуда. Демократия шарттары мен адам кұқығы туралы қағидаларды алға ұстанған АҚШ және демократиялық принциптерді ұстануды көздеген жас Қазақстан үшін маңызды да, болашақты айқындауға үлес қосатын сапар болды.


Ал, 2016 жылы наурыз - сәуір айларында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Вашингтонда сапар барысында Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитке қатысты, сонымен бірге 15 екі жақты кездесу өткізді. Бұл сапар толықтығы мен мазмұндылығы жағынан 2016 жылы өткізілген шаралардың ішіндегі ең маңыздысы болып табылды. Атап айтқанда, АҚШ сапарының шешуші нәтижесі ядролық қауіпсіздік мәселелеріндегі Қазақстанның әлемдік көшбасшы ретіндегі рөлінің ресми бекітілуі болып отыр. Сонымен бірге, Вашингтонда осы бір маңызды халықаралық қауымдастық үрдісінде Қазақстан Республикасының сүбелі үлесін атап көрсететін бірқатар бірлескен мәлімдемелер қабылданды: - ядролық қауіпсіздік және оны таратпау саласындағы ынтымақтастық туралы Қазақстан Республикасының және Америка Құрама Штаттарының бірлескен мәлімдемесі (Вашингтон, 2016 жылғы 31 наурыз); ядролық сынақтарды жалпыға бірдей тыйым салу туралы келісімшартты жедел іс жүзіне асыруға қол жеткізу жөніндегі Қазақстан және Жапонияның бірлескен мәлімдемесі (2016 жылғы 1 сәуір); Қазақстан территориясында МАГАТЭ-нің Төмен байытылған уран банкіне қатысты Ұлыбритания, Венгрия, Германия, Иордания, Испания, Қазақстан, Канада, Қытай, Норвегия, БАӘ, АҚШ, Филиппин, Финляндия, Франция, Чехия, Швеция, Оңтүстік Корея және Жапония көшбасшыларының бірлескен мәлімдемесі» болды. Ядролық қауіпсіздік жөніндегі барлық саммиттерді өткізу - тікелей АҚШ Президенті Б.Обаманың бастамасы болып табылатын.


Бірінші саммит 2010 жылы сәуірде Вашингтон қаласында өтті. Сонда барлық шаралар барысында АҚШ Президентінің оң жағында тұрақты түрде Н.Ә.Назарбаевтың орын алатындығы бүкіл әлемді таңдандырған болатын. АҚШ Президенті болып тұрған тұсында Барак Обама да Қазақстан Президентінің шешімін өзгелерге үлгі еткен еді. 2010 жылдың 12-13 сәуірінде Елбасының Вашингтонда өткен ядролық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі ғаламдық саммитке қатысып, АҚШ Президенті Барак Обамамен оңаша әңгімелесуі, одан кейін қатысушылардың алдыңғы қатарында сөз сөйлеуі Қазақстан көшбасшысына көрсетілген ерекше құрмет белгісі еді. Ол туралы Барак Обаманың пікірі төмендегідей: «Президент Назарбаев әлемдік саясаттағы ең беделді тұлғалардың бірі. Оның «Ядролық қарусыз әлем» жобасы - әлем көшбасшыларын таң қалдырған жоба болды. Қазақстан - ядролық қарудан өз еркімен бас тарта отырып, әлемдегі ең бейбіт, тұрақты мемлекет құрудың жарқын үлгісі болды. Ядролық қарудан бас тарту арқылы - қазақстандықтар әлем елдерінің қауіпсіздік кепіліне ие болды. Бұл өз кезегінде Қазақстанды әлемдегі ең тұрақты мемлекетке айналдырды».


2018 жылдың 16-18 қаңтарында Нұрсұлтан Назарбаевтың Америка Құрама Штаттарында төртінші мәрте ресми сапармен баруының орны ерекше болды. Президенттің бұл жолғы сапарының басты мақсаты - Америка Құрама Штаттарының жаңа әкімшілігімен сенімді байланыс орнату болып табылады. Кездесу АҚШ Президенті Дональд Трамптың бастамасымен болатындығын ерекше атап өту керек. Сапар аясында 3 үкіметаралық келісім орнады. Қазақстан арқылы коммерциялық теміржол транзитімен қамтамасыз ету, халықаралық Салық кодексін оңтайландыру мәселелері қарастырылды.


Қазақстан-Аме­рика қарым-қатынастарын дамы­ту­дың басым бағыттары мен келешегі айқындалып, халықаралық және өңірлік қауіпсіздікті қам­та­масыз ету саласында қол жет­кізілген уағдаластықтар болды. БҰҰ Қауіпсіздік Ке­ңесіндегі төрағалық және еліміздің әлемде ядролық қа­ру­ды таратпау ісіндегі миссиясы тағы да әлем назарына шығып осы сапар арқылы Қазақстан мен АҚШ-тың арасындағы әріптестіктің нығая түскені белгілі болды.


Бүгінгі таңда америкалық компаниялар елі­мізге ірі инвестициялар құйып, бірлес­кен өндірістер табысты жұмыс істеуде. Осы сапарда жалпы сомасы 7,5 мил­лиард доллар көлеміндегі жиыр­мадан астам құжатқа қол қойылды. «АҚШ тарапы осы сапарда қол жеткізілген келіссөздерді жоға­ры бағалады. Бұдан бөлек, қазіргі таңда әлем кезде­сіп отырған мәселелерді талқы­ла­дық. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде өткі­зілген шараның маңызы ерек­ше. Бұрын-соңды еліміз мұн­дай деңгейдегі Ұйымға төра­ға­лық еткен емес. Мұның бәрі ‒ елі­міздің табысы», деді Н.Назарбаев. Қазақстанның мемлекет басшысы АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесті. Кездесудің ресми бөлімі басталмас бұрын Нұрсұлтан Назарбаев Ақ үйдегі «Құрметті қонақтар» кітабына қолтаңбасын қалдырды.


Елбасы Н.Ә. Назарбаев Қытай ұсыны­сымен басталған «Бір белдеу, бір жол» жобасы жөніндегі пікірімен бөлісіп, оны жан-жақты тарқатып айтып берген. «Д.Трампқа бұл жоба туралы тереңірек түсіндірдім. Жа­ңа Жібек жолы жөнінде Қы­тай басшысы 2014 жылы Астанада мәлімдеген болатын. Содан бері қыруар шаруа ат­қа­рылып, 600 миллиард доллар бөлінді. Қазіргі таңда бұған 67 мем­лекет үлес қосады. Қа­зақстан­нан өтетін жолдар арқылы сау­да-экономикалық мүмкінші­ліктердің көкжиегі кеңейе түсті. Алдағы уақытта осы жоба аясында инфрақұрылымға салынған қаржының пайдасын көреміз», - деді Н.Ә. Назарбаев. Сонымен қатар, көршілес Қырғызстанның жері арқылы Қытай автожолдар мен газ құбырларын тартуға мүдделі екені белгілі. Басқасын айтпағанда, «Бір белдеу, бір жол» жобасы аясында қытай-қырғыз арасында жасалған 9 түрлі келісім-шарттың ғана құны 3 млрд. АҚШ долларынан асып отырғанын айтуға болады.


Әріптестіктен стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілу осы сапардың басты көрсеткіші болды. Осы сапарда Елбасы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысына қатысты. Сонымен бірге, ресми және іскерлік қауымдастық өкілдерімен кездесу өткізді. Елбасының ресми сапарының аясында өткізілген кездесулері негізінде төмендегідей нақты айтулы алты келісімдерге қол жеткізілді.

1. Қазақстанның әуе паркі Boeing 737 MAX 8 және Boeing 787 Dreamliner ұшақтарымен толығатын болды. Тапсырыс көлемі - 9 ұшақ.
2. Еліміздің темір жолдарында 2019 жылдан бастап General Electric компаниясының тіркемелі локомотивтері жолаушы тасымақ. Теміржол паркіне қосылатын GE локомотивтерінің саны - 300.
3. Қазақстанның денсаулық сақтау қызметін дамытуға АҚШ-тың сырқаттарды бақылау мен алдын алу орталықтары септеседі. Nazarbayev University - University of Pittsburgh Medical Center (UPMC) халықаралық онко орталық құруға жұмыс жасауда.
4. Елімізде дәрі-дәрмекті тасымалдау мен сақтау үшін салқындату жүйелерін дамыту бойынша алғашқы қадам - «Pfizer» компаниясымен түсіністік меморандумына қол жетті.
5. Chevron мен Қазақстан еліміздегі біріккен жобалардан түскен 251 миллион долларды мұнай мен газ жобаларына қайта инвестициялауда өзара түсіністік тапты.
6. АҚШ Қазақстанда ағылшын тіліне қолжетімділікті жақсарту бағдарламасына ресурстық қолдау көрсетпек. Биылдан бастап америкалық мұғалімдер өңірлерде ағылшын тілін үйретіп, тұрмысы төмен отбасылардан шыққан 480 балаға тіл үйрену стипендиясы бөлінбек.


Бұл екі ел қарым-қатынасының әріптес­тіктен стратегиялық серіктестік деңгейіне шығарудағы алғашқы сәтті қадамдардың бастауы болмақ.


Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Құрама Штаттарға сапары - халықаралық баспасөздің, яғни, әлем назарынан тыс қалмады. Ресейдің «Russia Today» халық­аралық телеарнасында және оның сайтында жарияланған мақалаға жүгінсек, «Назарбаев - әлемдік аренадағы салмақты саясат патриархы. Елбасы - Шығыс пен Батыстың лидерлерімен жақсы байланыста. Ол кісіні араб шейхтері мен Америка Президенттері тыңдайды, пікіріне Кремль басшысы Владимир Путин де құлақ асады» - деп жазса, америкалық БАҚ-тар жа­рия­лаған пікірлер мен коммен­тарийлердің ортақ үндестігін «Capitol Intelligence Group» тал­дау тобының сараптама қоры­тын­дысымен түйіндеуге болады. Осы топтың бағалауынша, «АҚШ Президенті Д.Трамп Қазақстан Президентін АҚШ-пен және оның қарсыластары - Ресеймен және Қытаймен ара­дағы жаңа Үлкен ойында «адал брокер» ретінде көрінуге үндеу үшін америкалық бизнесті ұтымды пайдалана білді» - деп көрсетті. Нұрсұлтан Назарбаев пен Дональд Трамптың кездесуін «CNN» тілшілері Ақ үйден тікелей эфирге шығып, екі президенттің кездесуі жөнінде ғана емес, Трамптың Африкамен, жалпы, иммиграцияға қатысты пікірлерін де білгенін хабарлап тұрды.

 

 

Асың барда ел таны

 

Өз тарапынан АҚШ мемлекетінің ресми өкілдері Қазақстандағы жоғары деңгейдегі кездесулерге қатысып жүр. 2006 жылдың мамыр айында АҚШ-тың вице-президенті Дик Чейнидің Қазақстанға сапары кезінде, еліміздің жетістіктеріне өз ризашылығын білдірген. «Қозғалыстың бағыты анық: демократиялық және экономикалық реформаларды жалғастыру, заң билігін күшейту, жемқорлықпен күресті кеңейту, мемлекеттік институттардың жауапкершілігін арттыру - қауіпсіздіктің сенімді саясаты», - деді Чейни. Соңғы жылдары Қазақстанға тартылған $45 миллиард инвестицияның үштен бір бөлігі АҚШ тарапынан бағытталуда. Қазіргі кезде Қазақстан аймағындағы энергетика саласында 300-ден аса америкалық компаниялар жұмыс жасап келеді. Ал, 2001 жылдың 11 қыркүйегіндегі лаңкестік әрекеттерінен бері Қазақстан АҚШ-қа терроризммен күрес және Ауғанстанды қалпына келтіру салалары бойынша кең көлемді қолдау көрсетіп келеді. Қазақстан халықаралық коалиция құрамында Иракқа өзінің әскери контингентін жіберген Орталық Азиядағы жалғыз және санаулы ғана мұсылман елдерінің бірі болды. Осы сынды аспектілер бойынша, екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық белсенді дамып келеді. АҚШ - Қазақстандағы ірі шетелдік инвестор. Мұнда 400-ден астам АҚШ компаниялары жұмыс істейді. Олар елге 15 миллиард АҚШ долларынан астам инвестиция салған.


2005 жылы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға қысқа мерзімді жұмыс сапарымен келген АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райсты қабылдады. Кездесу барысында халықаралық және аймақтық мәселелер кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, Ауғанстандағы жағдайды оңалту, Ирактағы ахуалды тұрақтандыру, Кавказдағы шиеленісті реттеу мәселелері сөз болды. Сондай-ақ, Орталық Азияның даму болашағы келіссөздің өзекті тақырыбына айналды. Бұл ретте Кондолиза Райс Елбасымыздың жүргізіп отырған саясатын қолдап, Орталық Азияның ішіндегі Қазақстанның ертеңгі күнінің шуақты болатынына мол сенім білдірді.


2009 жылдың 7 сәуірінде Қазақ­стан Парламенті Сенатының Төр­ағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Стам­бұл қаласында өткен Өркениет­тер альянсы­ның ІІ форумы шең­берінде АҚШ Президенті Барак Обамамен жүздесіп, АҚШ басшы­сын Қазақ­стан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев­тың Қазақстан аумағында бейбіт мақ­сатта пай­да­лану үшін Халық­аралық атом энер­гиясы жөніндегі агенттігінің бақылауын­да­ғы ядролық отын банкін орналас­ты­руға дайындығы жөніндегі мә­лім­демесі туралы хабардар етті. Со­ны­мен қатар, Барак Обамаға Елба­сы­ның елімізге ресми сапармен келу туралы шақыруын тапсырды. «АҚШ-тың Қазақстанмен қарым-қатынастары стратегиялық сипат­та» екендігін тағы бір қуаттаған Барак Обама өзінің Орталық Азия аймағы­на сапармен шығуды жос­пар­лап отырғандығын, сол са­пар­да ал­дымен «АҚШ-тың досы мен сенімді әріптесі» саналатын Қа­зақстанға келетіндігін жеткізген болатын. Өкінішке орай, Барак Обаманың біздің елге сапарының сәті түспеді


Экономикалық ынтымақ­тас­тық әріп­тестік туралы айтар болсақ, Америка Құра­ма Штаттары - Қазақстанның ірі сауда әріптестерінің бірі болып қалыптасты. 2009 жылы Қазақстан мен АҚШ арасындағы тауар айналымы 2 миллиард АҚШ долларын құрады (экспорт - $612,6 миллион, импорт - $1,4 миллиард). Бұл Қазақстанның жалпы тауар айналымының 3,3 пайызына тең. Сауда айналымының 2008 жыл­мен салыстырғанда, 500 мил­лион АҚШ долларына төмендеуі дүниежүзілік экономикалық дағда­рыс салдары екені түсінікті. АҚШ-пен сауда-экономикалық ынтымақтастықта Қазақстан үшін инвестиция тартудың маңызы зор. Бұл фактор - елдің тұрақты және қарқынды дамуына себепші және қазақстандық көп қырлы саясатты тиімділікпен пайдалануда жемісті қызмет етеді. Мәселен, 1993 жыл­дың маусымынан бері АҚШ-тың Қазақстанға салған тікелей инвестицияларының жалпы көлемі 30 миллиард долларға жеткен екен. Өткен жылдың 9 айында ғана осы елден 1,5 мил­лиард АҚШ доллары тікелей инвес­тиция болып келген. Бұл 2008 жылдың осы мерзіміндегіден 6,3 пайызға артық. Қазақстанда АҚШ капиталы­ның қатысуымен 350-ден астам кә­сіпорындар жұмыс істейді. Аталған кәсіпорын негізінен шикі мұнай мен ілеспе газ өндіру, құрылыс, фармацевтикалық тауарлар сату, қонақ үйлерге қызмет ұсыну, көлік-экспедициялық қызмет көрсету, геологиялық барлау мен іздеу (ғылыми зерттеулерсіз) жұмыстарын және басқа да салаларды қамтиды. «ШевронТексако», «Эксон­Мо­бил», «КонокоФиллипс», «Орикс/КеррМакГи» сияқты америкалық компаниялар еліміз экономикасы­ның дамуына көмегін беріп, алдыңғы орындарды иеленуде. Аме­рикалықтардың қатысуымен құрылған «Теңізшевройл», «Аджип ККО», «Каспий тұрба құбыры кон­сорциумы», «Қарашығанақ инте­гра­циялық ұйымы» сияқты ком­па­ниялар мен бірлескен кәсіпорын­дар еліміздегі ірі жобаларды жүзеге асыруға белсене үлес қосып келеді. Сонымен қатар, энергетика саласындағы Қазақстан мен АҚШ әріптестігі жөніндегі арнаулы ко­мис­сия 7-8 жылдан бері жұ­мыс істеп келе жатыр. Осы уақытқа дейін бұл комиссия алты отырыс өткізіп, оларда мұнай-газ, электр және атом энер­гетикасы, ядролық технологияларды таратпау, қоршаған ортаны қорғау секілді маңызды мәселелердегі әріптестік қатынастарды одан әрі дамытудың жолдары қаралды...

 

Авторы: Жомарт Симтиков,
Абай атындағы ҚазҰПУ-дің Халықаралық қатынастар кафедрасының меңгерушісі,

профессор, саяси ғылымдарының докторы

27.06.2018 ж.

Ақпарат көзі: akikat.kazgazeta.kz