Main /
Mass media about us
28.06.2018 Ұлттық университет түлектерін ұлықтады
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті классикалық үлгідегі жоғары білім берудің негізінде ғылыми жаңашылдық пен ұлттық тәрбие ұстанымдарын басшылыққа ала отырып, бакалавриат, магистратура, докторантура бағдарламалары негізінде мамандар даярлап келеді.
Оқу орны 1928 жылдан бері еліміз үшін 200 мыңнан астам педагог-ұстаздар, 3 мыңға жуық ғылыми кадрлар даярлап, отандық ғылым мен білімді дамытуға қомақты үлес қосуда.
Университет 90 жылдық мерейтойы аясында «Біліммен - болашаққа» атты шара аясында түлектерге салтанатты түрде диплом табыс етті. «Спартак» спорт кешенінде өткен мерекелік шара бакалавр бағдарламасы бойынша күндізгі бөлімді тәмамдап жатқан түлектер шеруімен басталды.
Ресми рәсім одан әрі университет ректоры, профессор Такир Балықбаевтың құттықтау сөзімен жалғасты.
«Кезінде оқу орнының тұңғыш ректоры болған мемлекет және қоғам қайраткері Санжар Асфендияровтан, сол кезде Қазақстан халық ағарту комиссары болған Ораз Жандосовтан бастап Халел Досмұхамедов, Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Қабылов, Бәймен Алманов, Темірбек Жүргенов, Құдайберген Жұбанов, Сәрсен Аманжолов, Әлімхан Ермеков сынды ұлт зиялылары дәріс оқыған аудиторияларда білім алған сіздер өте бақытты ұрпақсыздар. Жылдан-жылға оқу орнымыздың әлеуеті артып келеді. Бүгінде ол ғылыми, ғылыми-педагогикалық кадрлар және педагогикалық білім беру, экономика және бизнес, құқықтану салалары бойынша мамандар даярлайтын көп салалы білім ордасы болып табылатыны өздеріңізге мәлім. Қазіргі таңда Абай атындағы ҚазҰПУ Шығыс Еуропа мен Орталық Азияның арнаулы ранжирлеуіндегі 30 елге қарасты 200 үздік университеттің бел ортасында тұрса, 2018 жылғы Ұлттық рейтингі бойынша педагогикалық жоғары оқу орындары арасында көшбасшы оқу орны, әлемнің үздік ТОП-500 университеттерінің қатарына және QS World University Rankings рейтингісіне енді. Олай болса осындай мәртебелі оқу орнын бітірген сіздердің оны мақтан етуге толық құқыларыңыз бар», - деген ректор түлектерге жетістік тіледі.
Авторы: Жанатбек Ішпекбаев, Абай атындағы ҚазҰПУ-нің тәрбие жұмысы және әлеуметтік даму жөніндегі проректоры, профессор 28.06.2018 ж. Ақпарат көзі: turkystan.kz
|