Main /
Mass media about us
09.07.2018 Білім беру саласындағы бірлескен семинар
Үстіміздегі жылғы 2-3 шілдеде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Жоғары экономика мектебі» Ұлттық зерттеу университетінің Білім беру институтының қазіргі педагогикалық зерттеулерімен және ғылыми жобаларымен танысу мақсатында бірлескен Қазақстан-Ресей семинары өтті.
Семинар екі форматта өткізілді: пленарлық мәжілістің форматында тыңдаушыларға баяндамалар ұсынылды және 3 топтан тұратын бөлімдерде презентациялар көрсетіліп, жобалар талқыланды.
Екі күндік семинарға ректор Такир Балықбаев, «Жоғары экономика мектебі» Ұлттық зерттеу университетінің Білім беру институтының ғылыми жетекшесі, профессор Исак Фрумин, Ресей Білім академиясының академигі, ЖЭМ ҰЗУ Білім беру институтының Білім сапасын бақылау орталығының ғылыми жетекшісі, профессор Виктор Болотов, ЖЭМ ҰЗУ Білім беру институтының директорының орынбасары Сергей Малиновский, ЖЭМ ҰЗУ Білім беру институтының білім берудегі көшбасшылықты дамыту орталығының директоры Павел Сергоманов, ЖЭМ ҰЗУ Білім беру институтының Білім сапасын бақылау орталығының директоры Елена Карданова, сондай-ақ Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің проректорлары, оқытушылары, магистранттары мен докторанттары қатысты.
Семинардың ашылуында университеттің ректоры Такир Балықбаев Қазақстанның педагогика саласындағы жетекші ғылым және білім беру орталығы - Абай атындағы ҚазҰПУ жетістіктері мен жоғары әлеуеті туралы қысқаша баяндап, Қазақстан-Ресей семинарының тақырыбының өзектілігін атап өтті.
- Біздің мақсатымыз - зерттеу университеті болу... Ғылымды дамыту үшін биылғы жылы жас ғалымдарымызға ғылыми жобалар конкурсы жарияланды және қазірдің өзінде 25 жоба іріктелді. Жас ғалымдар өз зерттеулерін жүргізе алулары үшін үш жылға университет 100 миллион теңгеге жуық қаржы бөледі. Келесі жылы университеттің даму стратегиясын зерттеу университеті ретінде қарастырамыз... Біздің семинарымыздың негізгі мақсаты - екі мәселені талқылау болып табылады: біріншіден, зерттеу университетін дамыту стратегиясы, екіншіден, Жоғары экономика мектебінің Білім беру институтының ғалымдары жүргізіп отырған зерттеулері. Болашақта біз Жоғары экономика мектебімен ғылыми зерттеулер, тәжірибе алмасу, екі дипломды және т.б. бағдарламалар бойынша ынтымақтастықта бола аламыз», - деді Такир Балықбаев.
Семинар барысында ЖЭМ ҰЗУ Білім беру институтының өкілдері Исак Фрумин, Виктор Болотов, Павел Сергоманов, Сергей Малиновский және Елена Карданова Ресейдегі білімнің дамуы, білім сапасын бағалау жүйесі, бағалау тәжірибесі және қазіргі мектептің цифрлық трансформациясы, жоғары білім берудегі теңсіздік және білім беруде бағалаудың заманауи тәсілдері: жаңа құралдар мен технологиялар тақырыптарында баяндама жасалды. Бөлімдер бойынша жүргізілген семинар жұмыстарында презентациялар көрсетіліп, жобалар талқыланды.
Семинардың екінші күнінің соңында нәтижелерді қорытындылау үшін модераторларға сөз берілді. Модераторлар топтардағы жұмыс нәтижелері туралы әңгімелеп, өзекті ғылыми жобаларды жүзеге асырудың мүмкіндіктері мен келешегіне баға берді.
Екі күндік бірлескен жұмыс соңында семинардың бас модераторы Исак Фрумин ректор Такир Балықбаевқа педагогикалық зерттеулер саласында тәжірибе алмасуға мүмкіндік бергені үшін, сондай-ақ семинар қатысушыларына белсенді қатысқандары үшін алғысын білдірді.
Ректор Такир Балықбаев қонақтарға алғысын білдіріп, ҚазҰПУ ұжымы атынан Жоғары экономика мектебінің Білім беру институтымен толыққанды ынтымақтасуға дайын екендігін айтып, алдағы жұмысқа табыстар тіледі.
Авторы: Римма Жанбаева 09.07.2018 ж. Ақпарат көзі: pr-hal.kz
|