Main /
Mass media about us
22.09.2018 Басты мақсат - әлемнің үздік университеті атану
Қазақстан Президентінің «Орталық атқарушы органдар басшыларының, әкімдердің, ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, тоқсан жылдық тарихы бар Абай атындағы ҚазҰПУ-дың ректоры, профессор Такир Балықбаев есеп берді.
Ол «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жететіндігін» айта келе, «Бес әлеуметтік бастамада» бірінші кезекте білімге, білікті кадр даярлауға баса мән беріліп отырғанын атап өтті. Оның ішінде студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі де оңтайлы шешілетінін жеткізді. 2022 жылға дейін студенттерге арналған 75 мың орындық жаңа жатақхана салу жоспарына ҚазҰПУ да айрықша үлес қосуда. Сонымен қатар кадрлар дайындауға қосымша бөлінген 20 мың гранттың білім алушылар үшін маңызына тоқталды.
«Университет ұжымы Елбасының білім саласын дамытуға арналған бағдарламаларын жүзеге асыруда бірлесіп жұмыс атқаруда. Соның нәтижесінде, біздің оқу орны әлемдік рейтингте 481-орын алды. Былтырмен салыстырғанда 10 орын алға жылжыды. Елдегі жоғары оқу орындарының арасында 7-орындамыз. Университетте оқытылып жатқан 32 жаңа бағдарлама үздік үштікке енді. Менеджмент жүйесін жетілдіру қажет. Ең үздік университеттердің тәжірибелерін саралап, тиімді басқару тәсілін қолданысқа енгіздік. Жаңашылдықпен басқарудың Жол картасын жүзеге асырып жатырмыз. Байқау кеңесінің тапсырмасы бойынша университеттің 2025 жылға дейін даму жоспарын қабылдадық. Оның стратегиялық мақсаты - 2025 жылы Орта Азияда ең үздік педагогикалық университет болу. Алдыңғы қатарлы педагогикалық білім бағдарламаларын тәжірибеге енгізу. Мұғалімнің мәртебесін өсіріп, елімізді дамытудың драйверіне айналуды мақсат етіп отырмыз. 2025 жылға дейін төрт мақсатты іске асыру жоспарымызда бар. Олар: студенттердің санын 10 мыңға жеткізу, әлемнің жетекші университеттерімен бірлесе отырып, жаңа оқу бағдарламаларын қолданысқа енгізу, шетелдік студенттердің үлесін 5 пайызға арттыру, әлемдегі үздік 450 университеттің қатарына қосылу» деді Такир Балықбаев.
Ол сондай-ақ оқытудың жаңа тәсілдерін енгізіп жатқанын, студенттердің саны бұрынғыға қарағанда көбейгенін жеткізді. Университетте 146 білім бағдарламасы қолданыста бар, оның онын биыл іске қосқан. Өткен оқу жылында 7000 талапкер құжат тапсырса, биыл 8459 студент ҚазҰПУ-ды таңдаған. Былтырмен салыстырғанда, 22 пайызға өскен. Жетістікке жеткен студенттер де көп. 7 студент пен 2 магистрант Президент стипендиясын иеленсе, 198 студент үздік дипломмен аяқтаған.
Сапалы білімнің нәтижесі - университет түлектеріне сұраныстың көптігімен дәлелденеді. 2017 жылы бакалавр - 87 пайыз, магистратура - 85 пайыз, докторантураны тамамдағандардың 100 пайызы жұмысқа орналасқан. Мұндай көрсеткішке жұмыс берушілермен ынтымақтаса жұмыс істеу нәтижесінде қол жеткізген. 1934 түлектің 688-і «Дипломмен - ауылға» бағдарламасымен шалғай ауылдардағы мектептерге жұмыс істеуге барған. Бұл - педагог кадрларды нарықтың сұранысына сай даярлаудың жемісі. Ректордың айтуынша, цифрлы университет құру - заман талабы. Осы мақсатта әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың академиялық UNIVER жүйесін қолданысқа енгізген. Қазіргі кезде университеттегі 800 ұстаздың 110-ы ағылшын тілінде сабақ береді. Шетелдің оқытушыларымен тәжірибе алмасудың пайдасы көп. Былтыр 55 шетелдік ұстаз арнайы сабақтар өткізген. Биыл дәріс беретін шетелдік профессорлардың санын 100-ден асыру жоспарда бар. Тағы бір өзекті мәселе - оқытушылардың біліктілігін арттыру. Ол үшін 80 пайызы шетелге баратын болса, қалғаны республика бойынша кәсіби шыңдалу курстарынан өткен. Ұстаздардың рейтингі жасалып, үздіктер марапатталған.
Университет тарапынан 25 миллион теңге бөліп, 30 жасқа дейінгі жас ғалымдарға конкурс жариялаған. Ғылым онкүндігінде жас ғалымдарға бағыт-бағдар берумен қатар 14 халықаралық конференция өткізілген. Университет ғалымдарының 3000-нан астам еңбегі жарық көрген. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жүз жаңа есім», «Қасиетті Қазақстан» жобаларын жүзеге асыруға белсенді атсалысуда.
Биыл университеттің 90 жылдығына орай 90 ірі іс-шара өткізіледі. «Менің пірім - Сүйінбай» атты айтыс, республикалық дебат турнирі бар. «Абай ілімі» фестивалі сияқты іс-шаралар өтті. Француздармен бірлесіп «Идеялар түні» арнайы жобасын жүзеге асырған. Екі жақта онлайн режимде идеяларды талқылайды. Оны қалай іске асыру керектігін бірлесіп жоспарлайды. Бұл идеяға екі жылдан бері қызығушылық жоғары.
Авторы: Майра Жанысбай 22.09.2018 ж. Ақпарат көзі: aikyn.kz
|