қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
28.09.2018

Ректор есеп берді

 


 

Таяуда ҚР ҰҒА «Ғылым ордасының» үлкен мәжіліс залында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, профессор Такир Балықбаев оқу орнының 2017-2018 оқу жылындағы жұмысының қорытындылары туралы есеп берді. Кездесуге Алматы қаласы жұртшы­лығының өкілдері, қалалық және аудандық әкім­­шіліктердің қызметкерлері, мәслихат депутаттары, еңбек ардагерлері, қаладағы жоғары оқу орын­дарының басшылары, жұмыс берушілер, шетелдік елшіліктер консулдықтарының өкілдері қатысты.


Ректор Т.Балықбаев санаулы күндерден кейін атап өтілетін университеттің 90 жылдық мерейтойы туралы айта келіп, оқу орнының жыл ішінде атқарған жұмыстарына тоқталды.


«Президенттің бес әлеумет­тік бастамасында» да жоғары білімнің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, студенттерді жатақханамен қам­тама­сыз ету, қосымша 20 000 грант бөлу туралы кезек күттірмес міндеттерді алға қоюы Елбасымыздың білім са­ласына деген үлкен қам­қорлығының айғағы.


Бүгінде Абай атындағы ҚазҰПУ әлемдегі үздік университеттер қатарында жыл сайын өз позициясын жақ­сартып келеді. QS World University Rankings әлемдік рейтингінде 2018 жылдың қорытындысы бойынша университет 481 орынды иеленді (2017 - 491 орын). QS World University Ranking рейтингісінде 2018 жылы дамып келе жатқан Еуропа мен Орталық Азияның 30 еліндегі 200 үздік университет арасында 86 орында, республиканың пе­да­гогикалық жоғары оқу орын­дары арасында көш­бас­шы орында тұр.


2017-2018 оқу жылы уни­верститеттің білім беру қыз­метін мамандандырылған 7 оқу институты іске асырды. Олар: Педагогика және психология; Математика, физика және информатика; Филология және көптілді білім беру; Өнер, мәдениет және спорт; жаратылыстану және география; Тарих және құқық; «Сарбонна-Қазақстан» инс­ти­туттары. Шетелдік аза­мат­тарға арналған және жоғары оқу орнына дейінгі дайындық факультеті бар.


Университетте маман да­йындау бағыттары бойынша 36 кафедра, сонымен қатар 4 жалпы университтеттік ка­федра (әскери кафедра, дене шынықтыру және спорт кафедрасы, педагогика кафедрасы, саясаттану және әлеуметтік философиялық пәндер кафедрасы) жұмыс істейді.


2017-2018 оқу жылында университеттің жалпы контингенті 6942 білім алушыны құрады. Оның 5594-і бакалавриатта, 1 136 адам магистратурада. Соңғы үш жылда 4225 маман дайындалды, оның ішінде 3953 ғылым бака­лавры, 1771 ғылым магистр және 101 PhD докторы бар.


Заманауи ЖОО қызметінің басты аспектісі оқытушылар құрамының жоғары деңгейін қамтамасыз ету, кадрлық әлеуетті қалыптастыру. 2017-2018 оқу жылында оқу-әдіс­темелік үрдісті 790 оқытушы қамтамасыз етті, олардың ішінде 744 штаттағылар, бұл 94,2 пайыз­ды құрайды.


Ғылыми-білім беру қыз­метін 134 ғылым докторы мен профессор, 349 ғылым кандидаты, доцент, оның ішінде 40 РhD докторы, 137 ғылым магистрі қам­тамасыз етті.


Бізде 14 ҚР ҰҒА толық мүшесі мен мүше-коррес­пондент­тері және 46 басқа да қоғамдық ғылым акаде­мия­ларының мүшесі, 17 шығар­машылық одақтың мүшесі, 5 еңбек сіңірген жаттық­ты­рушы, 9 спорт шебері қыз­мет жасайды, 110 оқытушы ағылшын тілінде сабақ бе­реді.


Университеттің басты міндеті - жаңа қоғамның бәсекеге қабілетті, озық ой­лы, өзіне және қоғамға шы­ғар­машылық-жасам­паз­дық қатынастағы сапалы педа­го­гикалық мамандарды да­йындау.


Болон процесінің параметрлерін жүзеге асыру ая­сында университетте сту­денттердің академиялық ұт­қырлығын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Сыртқы академиялық ұтқырлық бағ­дарламалары бойынша магистранттардың ғылыми-зерттеу тәжірибесі және шетелдік жоғары оқу орындарында студенттерді оқыту тұрақты түрде жүргізілуде.


Академиялық алмасу алыс және жақын шетелдердің се­ріктес университеттері ара­сындағы келісімдерге сәйкес жүзеге асырылады.


2017 жылы шетелдік жо­ғары оқу орындарында 35 бакалавр мен магистрант білім алды. 2017-2018 оқу жылының күзгі семестрінде 21 студент шетелдік серіктес жоғары оқу орындарында білім алып келді.


Университеттің стратегия­лық даму жоспарындағы негізгі көрсеткіштер мен Сапа саясатына сәйкес, 2018 жылдың қаңтарында білім беру үдерісіне «UNIVER» ақпараттық жүйесі енгізілді.


«УНИВЕР» жүйесінде бі­лім алушылардың сабаққа қатысуы мен үлгерімі электронды журнал арқылы жүргізіледі, онда сабақтар мен емтихандардың кестесі автоматты түрде түзіліп, емтихан билеттері және емтихан ведомостары электрон­ды түрде сақталады, тесті­леуді интерактивті түрде қамтамасыз етеді, диплом­дар мен дип­лом­ның қосымшасы рәсім­деледі, статистикалық есеп­тер жасалады және т.б.


Мемлекет басшысы Н.Ә.Назар­баевтың «Қазақ­стан­ның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілет­тілік» Жолдауына сәйкес, студенттерге қызмет көрсететін «Ша­па­ғат» көп функционалды цифр­лық орталығы ашылды. Оның негізгі мақсаты - сапалы және «жалқы терезе» қағидаты бойынша білім алушыларға білім беру, әкімшілік, әлеуметтік-тұрмыс­тық, мәдени-демалыс ұста­ны­мында уақытылы қызмет көрсетуді қамтамасыз ету.


Білім алушылар білім бе­ру мекемелерімен, қаржы ме­ке­мелерімен, құқық қорғау құрылымдарымен, кәсіпорын­дармен және ұйымдармен тығыз байланыса отырып, өндірістік-педагогикалық прак­ти­каның негіздерімен то­лық қамтамасыз етілген.


Университет 137 жалпы білім беретін мектеппен, білім беру мекемелерімен келісім-шарт жасасқан. Алматы қала­сындағы 20 жалпы білім бере­тін мектеп, 29 мектеп-гимназия, 9 мектеп-лицейі, 11 арнайы (түзету) мектеп-интернаты, 4 балабақша, 2 балалар үйі, 1 спорт мектебі «Білім» тобының 23 мамандығы бойынша іс-тәжірибе базасы болып табылады.


2017-2018 оқу жылында өн­дірістік-педагогикалық іс-тә­жірибеден өткен студент­тердің жалпы саны 3322 адам. Студенттердің практикасы үшін 971 жеке келісімшарт жасалды, соның ішінде педагогикалық іс-тәжірибе бойынша 728 келісім-шартқа, өндірістік-педагогикалық практика бойынша 243 келісім-шартқа қол қойды.


Еңбек нарығындағы түлек­терге деген сұраныс және жұмыс берушілердің кәсіби құзыреттілік деңгейін қанағат­тандыру дәрежесі университет қызметінің тиімділігін айқындайды.


Абай атындағы ҚазҰПУ түлектерінің жұмыс беру­шілері Алматы және Алма­ты облыстарында ғана емес, республиканың барлық өңір­леріндегі білім беру мекемелері.


2017 жылдың қыркүйегінде бакалавриат түлектерінің 88,7 пайызы, магистранттардың 85 пайызы, PhD докторларының 100% пайызы жұмысқа орналастырылды.


Түлектерді жұмыспен қамту мақсатында университет дәстүрлі түрде Бос жұмыс орны жәрмеңкесін өткізеді. Осылайша соңғы жылдары түлектерді жұмыспен қамту тұрақты көрсеткіштерге ие болып келеді.


2017 жылы ҚР БҒМ гранттық қаржыландыруы бойынша жалпы сомасы 89 млн 955 мың теңгені құрайтын 12 жоба жүзеге асырылды. Бұл жобалар бойынша барлық есептер мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптамадан сәтті өтті.


Халықаралық қатынас ғы­лым мен білім беру кеңістігін интеграциялауға, әлемдік жетекші шетелдік уни­вер­ситеттермен және ғы­лыми орталықтармен әріптес­тік байланыстарды дамытуға бағытталған. Университет әлемнің 23 елінің университеттерімен 130-дан астам халықаралық келісімдер жасады, соның ішінде 20 келісім-шарт әлемнің академиялық рейтингісіне кіретін университеттермен жасалды.


Ректор бұдан кейін университеттегі тәрбие жұмысы, оқу үдерісін ақпараттандыру, университеттің қаржылық жағдайы туралы баяндады.


Есептік жиын барысында Т.Балықбаевқа қатысушылар тарапынан ондаған сұрақтар қойылып, ректор оған тұшым­ды және нақтылы жауаптар берді.

 

 

Авторы: Мырзахан Ахметов,
Абай атындағы ҚазҰПУ
Қоғаммен байланыс бөлімінің бастығы.

28.09.2018 ж.

Ақпарат көзі: pr-hal.kz