қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
03.10.2018

Көрнекті ғалым, көреген басшы

 



Қазақстандағы тұңғыш жоғары оқу орны - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің құрылғанына 90 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде білім ордасы қилы-қилы кезеңдерден, тарихи дәуірлерден өтіп, бүгінде әлемдік білім кеңістігінен өз орнын алды. Осынау жетістікте университетті әр жылдары басқарған Санжар Асфендияров, Бәймен Алманов, Шәрифолла Сақаев, Шайхислам Бекжанов, Серғали Толыбеков, Халел Әділгереев, Ахмеди Ысқақов, Асқар Закарин, Мәлік Ғабдуллин, Жұмабек Жүнісбеков, Құлжабай Қасымов, Тоқмұхамед Садықов, Серік Пірәлиев сияқты ректорлардың өзіндік үлесі зор. Осы шоғырдың ішінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін 2008-2017 жылдары басқарған Серік Прәлиевтің өз орны бар.

 

Серік Жайлауұлы жоғары мектеп сала­сында ұзақ жыл қызмет істеді. Атап айтқанда, 1985-1988 жылдар аралығында Жоғары және арнаулы орта білім беру министрлігінде Жоғары білім жөніндегі оқу-әдістемелік басқармасының аға инспекторы, министрдiң көмекшiсi, 1988-1995 жылдары Бiлiм және ғылым министрлігінің шетелдiк оқушылармен жұмыс және шетелдермен байланыс бөлi­мiнiң бастығы, 1995 жылы Министрлер кабинетi аппаратында сыртқы байла­ныстар жөнiндегi протокол қызметінің сектор меңгерушісі, 1995-1997 жылдары ТМД елдерiмен байланыс жөнiндегі Мем­лекеттiк комитет төрағасының орын­­басары, 1997-1999 жылдары Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң Жоғары және арнаулы орта бiлiм басқармасының бастығы сияқты лауазымды қызмет жол­дарынан өттi.

 

Бiлiм және ғылым министрлігі депар­таментінің директорлығы қызметiнен ол Қазақ мемлекеттiк қыздар педагогика институтына ректор болып ауысты. 2003 жылы Халықаралық қазақ-түрік уни­верситетіне президент болып сайланды. Бас­шы­лық, ұйымдастырушылық жұмыста өзін-өзі жаңа қырынан танытқан Серік Пірәлиев 2007 жылы Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы, ал 2008 жылдың сәуірінде Елбасының Жар­лығымен Серік Жайлауұлы Абай атын­дағы Қазақ ұлттық педагогикалық универ­ситетінің ректоры болып тағайын­далды.

 

Секеңнің ең алғашқы мақсаты уни­вер­­­ситеттің құрамын және қызмет ба­ғытын қазіргі заман талабына сәйкес­тендіру болды. Абай атындағы жоғары оқу орнында осы уақытқа дейін болмаған «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығын ашты. Аз уақыт ішінде орталық қыруар жұмыс атқарды. «Абайтану» пәні оқу жоспарына енді, оқыту бағдарламасы жасалды, оқулық және оқу құралдары дайындалып басылып шықты, көптеген ғылыми еңбек жарық көрді. Орта және жоғары мектепте оқытылатын «Абайтану» пәні бойынша электронды оқулық жаса­лып, таратылды.

 

Алаш қозғалысының 90 жылдығына орай «Алаштану» ғылыми-зерттеу орталығы ашылып, Алаш қайраткерлерiне арналған университет ғимаратында мемориалды тақта орнатылды.

 

Сонымен қатар бiлiм беру стандарт­тарын жетiлдiру мақсатымен «Бiлiмнiң жаңартпа технологиялары мен мазмұны» атты ғылыми-зерттеу институтын ашты. Институт ұжымы оқу жоспарлары мен оқыту бағдарламаларын тиянақты түрде сараптан өткiзiп өз ұсыныстарын беруде. Бiлiмнiң мазмұнын жаңа ғылыми жетiс­тiктермен байыту үшiн «Психология», «Әдебиеттану және тiл бiлiмi», «Қолдан­балы физика және математика», «Ақпа­раттық технология» институттары мен «География және экология», «Этно­көркем мәдениет» ғылыми-зерттеу орта­лықтарын ұйымдастырды. Бұл құры­лымдар бiлім мен ғылымның арасын жа­қындатып-ұштастырып, оларды интегра­циялау процесiнде үлкен рөл ат­қарып келеді.

 

Бiлiм беру сапасының бiр кепiлi, ол оқу орындарының материалды-техни­ка­лық жағдайына байланысты. Сондықтан кейiнгi 30-40 жыл бойы жаңғыртылмаған зерт­ханалық құрал-жабдықтар С.Пiрә­лиевтiң тiкелей бақылауымен қазiргi за­манауи лабораториялық жабдықтармен жаңғыртылды. Университеттегi физика, химия т.б. зертханалар түлеп шыға келдi. Компьютерлiк сыныптар да жаңа техни­калармен жабдықталып, негiзгi дәрiсха­налар интерактивті тақталармен қамта­масыз етілді. С.Пірәлиевтің ректор ре­тінде университетіміздің материалды ба­засын нығайтудағы еңбегі ерекше. Соңғы 20 жылдан бері алғаш рет ауданы 7 мың шаршы метрден асатын қосымша оқу ғимаратын іске қосты. Сонымен жалпы оқу алаңы 90 мың шаршы метрге жетiп, әр студентке шаққанда олардың мөлшерi 2007 жылға қарағанда (6,7 шаршы метр) 2010 жылы екi есеге жуық өстi (11,2 шаршы метр). Бұрын болмаған бірнеше студенттік асханалары мен бу­фет­тер ашылды. Қаншама жаңа кабинет­тер мен зертханалар ұйымдастырылды.

 

Білім мен ғылымның егiз екенi ежел­ден белгiлi. Соңғы екi-үш жылда универ­ситеттегi ғылыми жұмыстар да жаңа са­палық деңгейге көтерiлiп, жандана бас­тады.

 

Осы ретте Серіктің тағы бір игілікті ісін айтпай кетуге болмайды. Ол - тәрбие мәселесі. Бұл салада ректордың бастауы­мен талай-талай шаралар іске асырып жатыр. Осылардың ішінде ерекше бөліп айтатын мәселе - ұлттық тәрбие. Тікелей Пірәлиевтің ынтасымен оқу үрдісіне «Ұлт­тық тәрбие» пәні енгізіліп, үш жыл­дан бері бұл пән барлық мамандық бойынша оқытылуда. Пәннің міндеті - бүгiнгiдей жаһандану үрдiсi өршiп тұрған күрделi кезеңде жастарға адамгершiлiк тәрбие беру, оларды ұлттық салт-дәстүрге, әдет-ғұрыпқа, имандылыққа, рухани және мәдени құндылықтарға, инабат­ты­лыққа, сыпайылыққа, кiсiлiкке, отан­шыл­дыққа, патриотизмге тәрбиелеу. Осы арқылы қазақтың ел болып, ұлт болып қалуына қамқорлық жасау, болашақ иманды ұрпақ тәрбиелеуге мұрындық болу, негiз қалау. Әрине, ұлттық тәрбие ұлтшыл болу емес, ұрпақты ұлтымыздың ең асыл, ең iзгi мәдениетіне тәрбиелеу, жастардың бойына адамгершiлiк ұрығын себу. Бұл пәнді оқыту барысында өзге де елдердiң озық ұлттық тәрбие құнды­лықтары ескерiледi. Оқу үрдісі осындай әлемдiк тәжірибелермен байытылып отырады.

 

Осы мақсатта ректор арнайы Ұлттық тәрбие кафедрасын ашып, оған белгiлi мамандарды жинады. Ұлттық тәрбиенiң ғылыми және методологиялық пробле­маларын талқылайтын тұрақты семинар және дискуссиялық клуб жұмысын ұйым­дастырды. Ұстаздар мен студенттер алдында елiмiздiң көрнектi қоғам қайрат­керлері, белгiлi ғалымдары арнайы шақы­рылып, осы мәселе бойынша өз пiкiрлерiн айтып, дәріс оқуда.

 

Бiздiң университет негiзiнде Бiлiм және ғылым министрлігінің бұйрығымен «Ұлттық тәрбие жөніндегі республикалық үйлестіру кеңесі» құрылды. Оның төра­ғасы - профессор С.Пірәлиев. Еліміздегі барлық көрнекті мамандарды қамтыған бұл кеңес «Ұлттық тәрбие» пәні бойынша жасалған бағдарламаларды, тұжырым­дамаларды, оқу жоспарларын, оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдарды тал­қылап, қолдануға ұсынады.

 

Жалпы, С.Пірәлиев ұлттық тәрбие бойынша іс-шараларды анықтағанда бұл мәселенің бүгінгі күн талабы мен өмiрлiк қажеттіліктен туындап отырғанына, әлем елдерiнiң жаһандану жағдайында өмір сүруге бейiмделу үрдiсiнде Батыс мәдени құндылықтарының басымдық таны­туынан жергiлiктi халықтың байырғы төлту­малық сипатының жоғалу қаупiне, қазiргi әлеуметтiк мәселелерді шешудiң жолдарын iздестiру бiлiм берудiң ұлттық жүйесiнiң маңызды мiндеттерiнiң бiрi ретiнде жастар тәрбиесіне жаңа тұрғыдан қарауға ерекше мән беріп отыр.

 

Ұлттық тәрбие жұмысын ары қарай жалғастырып, дамыту мақсатымен 2011 жылдың қазан айында университетімізде «Тұлғатану» орталығы ашылды. Бұл орталыққа ректор мынадай міндеттерді жүктеп отыр: ұлтымыздың ұлы тұлғала­рын оқушы жастарымызға жете таныс­тырып, кеңінен дәріптеу.

 

С.Пірәлиев өз елімізде ғана емес, алыс және жақын шетелдерде де кеңінен таны­мал көрнекті ғалым. Жарық көрген 250-ге жуық құнды ғылыми еңбектері осының куәсі. Қазақ КСР Ғылым академиясының химия институтында еңбек жолын бас­таған кезінің өзінде-ақ ғылымның өзекті мәселелері бойынша күрделі зерттеулер жүргізіп, олардың нәтижесі белгілі рес­пуб­ликалық және халықаралық журнал­дарда басылып отырды. Ғылымға сіңірген еңбегі және ашқан жаңалығы үшін Нобель сыйлығының лауреаты П.Капица атындағы күміс медальмен марапатталды.

 

Ғалым Пірәлиевтің білім жүйесін жетілдіру және тәрбие мәселесін түбегейлі жақсарту мақсатымен жазылған ғылыми еңбектері кеңінен қолдау табуда. Қазір біздің университетімізбен қатар басқа да көптеген жоғары оқу орындарында оқу­лық ретінде пайдаланылып жүрген: «Ұлттық тәрбие: оқу құралы», «Ұлттық тәрбие - салауатты өмір салтын қалып­тас­тыру», «Ұлттық тәрбие - этика-эсте­ти­калық негіздері», «Ұлттық тәрбие - салт-дәстүр, әдет-ғұрып негіздері», «От­басындағы ұрпақ тәрбиесі», «Ұлттық тәрбиенің патриоттық мазмұны» сияқты іргелі де және құнды еңбектер профессор С.Пірәлиевтің басшылығымен, өзінің тікелей араласуымен жазылып жарық көрді. Бұл еңбектер бұрын соңды зерттел­меген жаңа тақырып, жаға бағытқа арнал­ған алғашқы кітаптар болған соң, олар­дың құндылығы өзінен өзі белгілі.

 

Серік Жайлауұлының басшылық қыз­меттеріндегі қол жеткен мол жетістіктері мен үлкен абыройы оның адами асыл қасиеттеріне тікелей байланысты. Өз мін­деттеріне жоғары мемлекеттік тұрғыдан қарап, үлкен жауапкершілікпен атқарады. Сонымен қатар оның қарапайымдылығы, кішіпейілділігі, сабырлы салмақты мінезі ел-жұрттың бәріне мәлім. Ешкімге, ешуақытта дауыс көтеріп сөйлеген емес. Республика көлемінде білім беру, әсіресе педагогикалық жоғары білім беру жүйесін жетілдіру және ұлттық тәрбие беру үрдістерін үйлестіру мәселелеріне көп көңіл бөлді. Осы игілікті істі атқаруда Абай атындағы ұлттық педагогикалық универ­ситеттің рөлін едәуір көтерді.

 

Абай атындағы Қазақ ұлттық педаго­гикалық университетінің 90 жылдық мерейтой қарсаңында оқу орнының бұрынғы басшысы Серік Жайлауұлының сіңірген еңбегін атап өту - адамгершілік парызым деп ойлаймын.

 

Авторы: Көпжасар Нәрібаев,

ҰҒА академигі 

03.10.2018 ж.

Ақпарат көзі: aikyn.kz