қазақша · русский · english
   
  Main  News
19.11.2014

Академик Көпжасар Нәрібаевпен кездесуден кейінгі ой


Университетімізде филология факультетінің 2-курс студенттері мен педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Сайдахметов Бауыржан Сейітбекұлының ұйымдастыруымен қарашаның он бірінде "Мен және қоғам"тақырыбында қоғамда өзіндік орны бар тұлғаны тану,оның өмір жолын өнеге тұтып, ұқсап бағу,сол арқылы өзіндік "менді" қалыптастыру мақсатымен ұлағатты ұстаз, қоғам қайраткері, ҚР Ғылым академиясының академигі, профессор Нәрібаев Көпжасар Нәрібайұлымен танымдық дәріс болып өтті. Дәрістің өтетіндігі бірнеше күн бұрын ескертілген болатын және оған студенттер ыждаһаттылықпен дайындалып, К.Нәрібаевтің өмір жолымен, еңбектерімен танысып, саралап, оқып-біліп жүрді.
Шындығында біздер - студент жастар еңбегі ерен, өмірі өнеге болар тарихи тұлғаларымызды тани бермейміз. Абай, Шәкәрім, Мұхтарларды ғана жадымызда ұстап, қазіргі қоғамымыздың зиялыларын зерделемей, атын естісек те, оның өмір жолын терең біле бермейміз. Пір тұтарың кім дегенде, бұл сұраққа да қиналып жататынымыз ақиқат. Жақсы адамның жанында жүргендігімізді осындай жүздесуден кейін шын байқаймыз. Бұл дәріс арқылы жүрек түкпіріндегі бір шоқ тұтанып, өмірлік үздік ойлар жадымызда сақталды десек, артық айтпағанымыз.
Мұндай ұлы тұлғаларымызбен кездесулерге қатысып та, көріп те, естіп те жүрміз. Барлығында көбіне бірсарын: негізгі кейіпкер - сөйлеуші де, көрермендер - тыңдарман болып, тым ұзақ уақытқа созылғандай көрініп, тіпті жалықтырып жіберетіні жасырын емес. Нәрібаевпен өткен танымдық дәрісте мұндай кемшілік орын алмады. Бастан-аяқ студенттер сөйледі де, Нәрібаев тыңдап қана отырып, қорытындылады. Бұл студенттің рухани баюына, дүниетаным аясының кеңеюіне таптырмас әдіс деп ойлаймын. Осы орайда, ұстазымыз Бауыржан Сайдахметовтың педагогикалық шеберлігін айта кеткен жөн болар.
Танымдық дәрістің ауыз толтырып айтарлық ерекшелігі студенттер қонағымыздың өмірі мен естеліктерін жарыса айтып, ортаға салды, сонымен қатар өлең өрнегін маржандай тізіп, арнауларын оқыды. Нәрібайұлы негізгі тәлім-тәрбиені Зере, Айғанымдардың жалғасы болған өз әжесінен алғандығын Оразкүл Абдулла ашып берді. Ботагөз Сәкен кейіпкеріміздің өмірі мен қызметіне тоқталып, Тұрсынай Жанат ұстаздық жолын баяндаумен жалғастырды. Алтынай Құлбек, Қайранбек Гүлнұр болса Нәрібайұлының Б.Момышұлымен, Д.Қонаевпен арасындағы естеліктерін өрнектеді. Нәрібаевтің «Тұлғаларға тағзым» атты еңбегін оқи отырып, алған әсерімен Нұржанова Жәмилә бөлісті. Кез келген нәрсеге екіжақты қарауды үйренген, ұшқыр ойлы студенттер Нәрібаевты мақтап отырып, арасында сынады да. «Жасырын жатқан жырларындағы» ақынның өз өлеңдерін тиек етіп, жастық шағының ұяң да ұмытылмас сезім күйлерін Іңкәр Қаппар ерекше айтып өтті. Жалпы, студенттер арасында Нәрібайұлының өмір жолымен таныспағаны кем де кем деуге де болады. Студенттердің түгел дерлігі қатысып, ақынның өлеңдерін жатқа орындады. Жас толқындардың жалынды ықыластарына, шәкірттік көңілдеріне риза болғаны сонша, Көпжасар ағаның шырайлы жүзінен ол анық байқалып тұрды. Аз ғана уақытқа созылған танымдық дәріс баршамызға рухани азық болды деуімізге негіз бар.
Қазақтың біртуар тұлғалары Д.Қонаевтың, Б.Момышұлының, А.Балтабаевтың көзін көрген Көпжасар Нәрібайұлы бақытты болса, ұлыларымыздың жалғасы болған қайраткеріміздің өзін көру біз үшін бақыт. Сонша өнер - білімді бойына дарытып, қолында ұлы іс - адам тәрбиелеу мұраты тұрған ұлағатты ұстаз, ұлтын сүйген, ұлтының қамын жеген қайраткер, адамгершілік асыл қасиеттерді бойына дарытып, «мен қанша биіктесем де, халқымнан төмен екенімді ұмытпаймын» деген Д.Қонаевтың ұлы сөзін өнеге тұтқан тарихи тұлға, білім беру жүйесін таразылап, аса ден қойған кемеңгер, «Жасырын жатқан жырларын» жазған ақын, желтоқсанда жастарды қолдап, ақиқатпен күрескен ұлтшыл, қазақтың қаны да, жаны да бола білген азамат Көпжасар Нәрібаевты неге үлгі етпеске, неге пір тұтпасқа?! Көпжасар Нәрібайұлын көзі тірісінде ұлықтап, мақтап, мадақтап жатқанымыздың несі айып?! Оны көкке көтеріп, қолпаштасақ та орынды. Қазақтың маңдайына біткен Көпжасардай тұлға - біздің мақтанышымыз.Ұлымызды ұлықтап, өнегелі өмір жолы мен ерен еңбегін үлгі етіп, болмасақта ұқсап бағып, асылдың сынығы болып, ізін жалғастырып, біліммен биік шыңды бағындырамыз деген сенімдеміз.

 

Даниярова Зада,Филология факультетінің 2-курс студенті