қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
30.11.2018

Тарихты қайта тірілткен еңбек

 


 

Алтай мен Атыраудың арасында ұзыннан-ұзақ созылған ұшқан құстың қанаты мен жүгірген аңның аяғы талатын ұлан-байтақ ұлы даланың тарихи қатпары сонау көнеден бастау алады. Бүгінде Еуразия құрлығының ортасынан ойып орын теуіп, көк байрағын көкке желбіреткен бұл дала талай өркениет пен мәдениеттің бастауына мұрындық болды.

 

Біз өзіміздің бай тарихымызды ақын-жазушыларымыз бен тарихшыларымыздың құнды еңбектерімен сусындап, өзіміздің ұлттық болмысымызды танып өстік. Десек те, күні кешегі Ұлт Көшбасшысының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық еңбегі Тәуелсіз Қазақстанның тарихын жаңа қырынан таныта білді. Елбасы Н.Ә.Назар­баев Қазақстан Республикасының кеше ғана пайда болмағанын, оның тарихы әріде жатқанын бұдан бұрын да айтып келсе, бұл еңбегінде қазіргі әлемге кеңінен тараған түрлі мәдениеттің бастауы біздің кең бай­тақ жерімізден қанат жайғанын нақтылы дәлелдермен келтіре білген. Президент Н.Назарбаев бұл мақалада Еуропаның қазіргі мемлекеттері сол жерді бұрын мекендеген халықтардың жұрнағы екенін айта келіп, қазіргі Тәуелсіз Қазақстанның да кезіндегі бұл мекенді қоныс қылған тайпалар мен ұлыстардың кіндігінен тараған бірден-бір мұрагері екеніне кеңінен тоқталған.

 

Ұлт Көшбасшысының осыдан бір жарым жыл бұрын жарық көрген «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарла­малық еңбегінде біздің болашақ Қазақстан бүгінгі және кешегі ұлттық құндылық­тарымызды бойына терең сіңіргенде ғана өзінің ұлттық ерекшелігін сақтай алатынын мәлімдеген болатын. Ал бүгінгі «Ұлы дала­ның жеті қыры» деп аталатын мақаласы бұрынғы еңбектің аясын кеңейтіп, тари­хымыздың бастауын айқындап бергендей. Бұл еңбекте, әсіресе, «Атқа міну мәдениеті» ұлы даладан бастау алады деген пікірі бойы­мызға қуат, санамызға қанат бітір­гендей. Елбасы айтқандай, біз қазақ халқы төрт түлік малдың ішінде жылқыны ерекше қадірлеп, қадір тұтқан халықпыз. Сонау көне түркі дәуірінен бастау алатын бұл мәдениет біздің ұлттық ерекшелігіміздің бірі ғана емес, осынау кең байтақ жерімізді сыртқы көздерден қорғауда да ерекше рөл атқарды. Біздің дана бабаларымыздың «Біз жылқы мінезді халықпыз», «Ат - ердің қанаты» деген ордалы нақылдары осы ойымызды толықтырғандай. Сонымен қатар, ат үстіндегі соғыс өнері, атты әскер жасағы, ат үстіндегі спорттық ойындар және ықшам киім кию мәдениеті де осы жерден бастау алатынын Елбасымыз тағы да бір дәлелдеді.

 

Елбасы Қазақстанның бай тарихы мен мәдениетінен сөз қозғай келіп, біздің киелі мекеніміз бүкіл түркі халқының бұрынғы қоныс тепкен атажұрты екенін тағы да қадап айтты. Бұл біздің тарихымыздың бастауы сонау ықылым заманнан, кезінде әлемді дүр сілкіндірген ғұндар мен сақтардан бастау алатынын атап көрсеткен. Бұл кемеңгер Көшбасшының болашақ ұрпаққа өз тегі мен атажұртын тануға бағыт беретін өміршең еңбегі десек, артық айтқандық емес. Мақаладағы «Тарихи сананы жаңғырту» бөлімі де біздің ұлты­мыздың бай қазынасын ұрпақ бойына сіңір­туге кеңінен жол ашары сөзсіз. Сонымен қатар, Елбасының «Архив - 2025» жеті жылдық бағдарламасын жасауы­мыз керек» деп ел алдына қойған бұл міндеті осы аралықтарда кешегі жоғалып немесе еленбей келген ұлттық құнды­лықтары­мызды жинастырып, санамызды қайта жаңғыруға да жол ашады. Кең байтақ жеріміздің әрбір тасы мен тауы, тарихи атауына дейін келешек ұрпағымыздың санасына сіңіре алсақ, Елбасы айтқан Мәң­гілік елге айналарымыз ақиқат. Бұл жерде Президенттің бұл тапсырмасын орындауда біздің оқу орнымыз қазақ білімінің қара­шаңырағы - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті де алдыңғы шепте болуы тиіс. Бұл тура­сында жуырда ғана университет ректоры Такир Балық­баевты қабылдаған Прези­дентіміз Н.Ә.На­зарбаев білім саласында болатын қандай жаңалықта да тұңғыш білім ордасы алда болуын тапсырған болатын. Біз әрқашан да осы міндетті басшылыққа аламыз.

 

Авторы: Хайрулла Жанбеков,

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің

Академиялық мәселелер жөніндегі

департамент директоры, профессор

30.11.2018 ж.

Ақпарат көзі: almaty-akshamy.kz