Фото-тілшінің көрмесі
«Суретті түсірген Нұрманбет Қизатов». Елу жылдан астам уақыттан бері Қазақстан басылымдарында үзбей жарияланып келе жатқан бұл есім еліміздің газет-журнал оқитын көзі қарақты оқырмандарына жақсы таныс. Егіс алқаптары мен мал фермаларындағы қызу науқандарды, олардағы қарапайым еңбек адамдарының жарқын істерін, мәдени-рухани өмірдегі жаңалықтарды әралуан көркем де келісті фото-суреттермен бейнелеп, республиканың тыныс-тіршілігінің фото-шежіресін жасаудан танбай келе жатқан Нұрманбет Қизатовтың Тәуелсіз Қазақстанның мәдениеті мен руханиятына қосқан үлесі өлшеусіз.
Еңбек жолын Алматы облысы, Жамбыл аудандық «Екпінді еңбек» газетінде фото-тілші болып бастаған Нұрекеңді сонау бір жылдары Алматы облыстық «Жетісу» газетінің редакторы Пернебек Бейсенов өз газетіне қызметке шақыртқан еді. «Дарақ бір орнында көгереді» дегендей, кәсіпқой суретші Нұрманбет Қизатов осы газетте өсіп-өніп, көгерді және өз ісінің нағыз шеберіне айналды. Облыстың жақын және шалғай аудандарын жалықпай аралап, ауыл еңбеккерлерінің фото-бейнелерін жасады, аймақтың тыныс-тіршілігін таңғажайып туындылары арқылы қалың көпшілікке жедел жеткізіп отырды. Оның облыс өміріндегі маңызды оқиғалардан сыр шертетін фото-репортаждары, фото-очерктері, портреттік туындылары жалғыз «Жетісу» газетінде ғана емес, республиканың аға басылымдары «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») мен «Казахстанская правда» газеттерінен бастап еліміздің барлық басылымдарында жарияланып жатты. Тіпті мемлекет басшыларының сапарлары мен кездесулерін түсірген суреттері қаншама?! Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Д.А.Қонаевтың және басқа да ірі тұлғалардың, әдебиет, мәдениет және өнер қайраткерлерінің Н.Қизатов жасаған фотогалереясы тарихқа тұнып тұр десек асыра айтқандығымыз емес. Нұрекеңнің жеке архивіндегі бума-бума суреттер ел тарихының бір бөлшегі іспетті.
Жасы 80-ге жақындаса да бел шешіп қарап отыра алмайтын Нұрекең бүгінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Қоғаммен байланыс бөлімінде фототілші болып қызмет істеп жүр. Жас жігіттей қажырлы, ылдым-жылдым ақсақал оқу орнының тыныс-тіршілігін фото-туындыларымен бейнелеп, университет сайтын керемет суреттермен көркейтуде және республиканың басылымдарында жариялауда. Еліміздегі тұңғыш жоғары оқу орнының 90 жылдығына арналған кітаптар мен фото-альбомның да ажарын айшықтаған Нұрманбет Қизатовтың туындылары болатын.
Жақында қарашаңырақ оқу орнында Н.Қизатовтың көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш дүркін Социалистік Еңбек Ері, қазақ халқының біртуар тұлғалы перзенті Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туған күніне арналған фотокөрмесі болып өтті. Көрмеге суретшінің ел тәуелсіздігінен бұрынғы кезеңдерді қамтитын сирек туындылары қойылып, көрермендер оны зор ынтамен тамашалады. Бұл іс-шараға Алматыдағы Д.А.Қонаев музейінің қызметкерлері де қатысып, фотожурналистке қолдау көрсетті.
«Еңбегіңіз жана берсін, шаршамаңыз, Нұреке!» десті көрермен қауым Н.Қизатовқа.
Авторы: Мырзахан Ахметов,
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті
Қоғаммен байланыс бөлімінің бастығы.
31.01.2019 ж.
Ақпарат көзі: pr-hal.kz