Жақсылығы ұмытылмас Жұмабеков
Бүгінгі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 1974-1980 жылдары ректоры болған көрнекті ғалым, тарихшы Жүнісбек Жұмабековтің осы оқу орнын дамытудағы алатын орны ерекше. Ол өткен ғасырымыздың 70-80 жылдарында қазақстандық ғылым әлемінде аса танымал тұлға болуымен қатар жоғары оқу орындарының қызметін шебер ұйымдастырушы бола білді. Бүрсүкүні, 9 ақпанда Алматы қалалық әкімшілігінің ұйымдастыруымен көрнекті тарихшы тұрған үйдің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылмақ.
Өткен жылы ғана өзінің 90 жылдығын атап өткен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті қазіргі таңда бәсекеге қабілетті, заман талабына сай білімді де, білікті мамандарды дайындауда республика бойынша жоғары оқу орындардың алдыңғы қатарында тұр. Оның дәлелі ретінде университеттің QS World University Ranking рейтингі бойынша әлемнің үздік 500 университетінің қатарына еніп, 481 орынды иеленуі. Білім беру сапасы рейтингінде педагогикалық жоғары оқу орындары арасында 1-ші орынды иеленіп, педагогикалық мамандықтарға арналған 28 білім беру бағдарламасы бойынша университет үздік үштікке енді.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Франсуа Олландтың Францияның 800 жылдан астам тарихы бар Сорбонна Париж Сите университетінің филиалы «Сорбонна-Казахстан» институты ашылып, осы университет құрылымында болуы елеулі оқиға.
Әрине, мұндай жетістіктерге университетіміз бірден келген жоқ. Негізі 1928 жылы қаланған оқу орнының қалыптасу тарихында сол кездегі Оқу-ағарту Халық Комиссары болған Ораз Жандосов, алаш қайраткерлері Ахмет Байтұрсынов, Халел Досмұхамедов, Санжар Асфендияровтан бастап, Бәймен Алманов, Шәрифолла Сақаев, Шайхислам Бекжанов, Серғали Толыбеков, Халел Әділгереев, Ахмеди Ысқақов, Асқар Закарин, Мәлік Ғабдуллин ізін ХХ ғасырдың 70 жылдарында жалғастырған тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген қайраткері Жүнісбек Жұмабекұлы Жұмабеков болды.
Жүнісбек Жұмабекұлы басқарған кезеңде Абай атындағы Қазақ педагогикалық институты 1978 жылы 12 қазанда КСРО-ның Жоғарғы Кеңесі Президиумның Жарлығымен педагогикалық мамандарды даярлау мен тәрбиелеудегі қол жеткізген табыстар мен жетістіктері үшін «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды. Сол кезден бастап 1990 жылға дейін «Еңбек Қызыл Ту орденді Абай атындағы Қазақ педагогика институты» деп аталған. Институттың 50 жылдық мерейтойын республикалық деңгейде атап өтуде ұжымды шебер ұйымдастырып, институттың бас ғимаратының жобасын бекітіп, жас мамандарға арнап қазіргі Төле би мен Ш.Уәлиханов көшелерінің қиылысынан тұрғын үй салып беруге атсалысты. Адал, өз ісіне жан-тәнімен берілген, артына ғылым жолындағы көптеген шәкірттерін қалдырған және барлық іске асқан жауапкершілікпен қарайтын ғалым болған.
Әрбір тарихи тұлғаға баға бергенде оның өмір сүрген кезеңімен, қызмет еткен ортасымен тығыз байланыста болатындығы белгілі. Сондықтан да мұндай тұлғаның бейнесі өзі ғұмыр кешкен қоғамға сіңірген еңбегімен таразыланады. Өз заманының адал перзенті, өзі өмір сүрген саяси жүйенің көрнекті өкілі, кеңестік ғылымның талаптарына бағынған тарихшы-зерттеуші болған Жүнісбек ағамыз сол кездегі қалыптасқан заман талабына қарамастан 1920-1930 жылдардағы кеңестік аграрлық реформалардың тарихын шынайы зерттеуге атсалысқан болатын. Әрине, оның бәрін өзінің еңбектерінде толық ашық айта алмағанымен, ғылыми еңбектерін саралап қарайтын болсақ, оның батыл тұжырымдарының бүгінгі таңда да өзектілігін жоймағанын байқаймыз.
Ол кісінің өмір жолына тоқталсақ, Жұмабеков Жүнісбек Жұмабекұлы сонау 1927 жылы 7 қаңтарда Алматы облысы, Шелек ауданындағы Малыбай ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі Қаңтарбаев Жұмабек ортасына сыйлы, көзі ашық, еті тірі адам болған. Ұжымдастыру кезінде белсенділік танытып, ұжымшарларға басқарма төрағасы болып басшылық жасаған. Әкесінің ұжымдастыру кезінде өңірде қазақ ауылдарын отырықшылыққа көшіруге, ұжымшарлар құруға белсене араласуы кейін Жүнісбек ағамыздың болашақтағы ғылыми жұмысының тақырыбын таңдауға әсері болса керек. Анасы ерте қайтыс болады, Жүнісбек Жұмабеков ол кезде жеті жасқа ғана толған болатын.
Ұлы Отан соғысының қайнаған кезі 1943 жылы 16 жасында аудандағы жеті жылдық мектепті бітіргеннен кейін Қорам жетіжылдық мектебіне қызметке тұрып, мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі болады. Өзі сұранып соғысқа да аттанбақшы болады, бірақ жасы толмағандықтан оған соғысқа қатысу бұйырмады.
1949 жылы Алматы Мемлекеттік заң институтын бітіріп, сол оқу орнында оқытушылық қызметке қалдырылады. Институт қабырғасында оқытушылық қызметпен бірге ғылыми жұмыспен де белсенді айналысты. Сол кездегі талапқа сай зерттеу объектісіне кеңестік кезеңнің өзгерістерін талдауды яғни, Кеңес өкіметі тұсындағы ұжымдастыру кезеңін алды.
Өзінің ғылымға деген ұмтылысы, қажымай-талмай ізденуінің арқасында 1954 жылы 19 сәуірде М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ғылыми кеңесінде диссертация қорғап, тарих ғылымының кандидаты ғылыми дәрежесін алады. Сол кездегі беделді тарихшылар жас ғалымның еңбегіне жоғары баға береді.
1955-1958 жылдары Семей малдәрігерлік институтында кафедра меңгерушісі болып қызмет атқарған кезінде де, 1958-1966 жылдары Алматы қаласындағы Қазақ дене шынықтыру институтында доцент, кафедра меңгерушісі болып қызмет атқарғанда да жұмысына жауапкершілікпен қараумен қатар ғылыммен де белсенді түрде айналысты. Осы кезде оның қаламынан ондаған ғылыми зерттеулер дүниеге келген болатын.
Оның ғалымдығымен қатар ұйымдастырушылық қабілеті де көзге түсіп, 1966 жылы Қазақ КСР Жоғары оқу орындары министрлігі қоғамдық ғылымдарды оқыту бөлімінің бастығы қызметіне тағайындалады.
1971 жылы 5 қаңтарда XX ғасырдың 30-жылдарында қазақ еңбекші шаруаларын жаңа өмірге тарту мәселесіне арналған докторлық диссертациясын сәтті қорғаса, 1973 жылы Жоғары аттестациялық комиссия шешімімен «профессор» ғылыми атағын алады.
Ал, 1974 жылдың наурыз айында Жүнісбек Жұмабекұлы Қазақстандағы жоғары білімнің қарашаңырағы Абай атындағы Қазақ педагогика институтына ректор болып тағайындалады. Осы қызметті өмірінің соңына дейін, яғни 1980 жылдың 4 сәуіріне дейін атқарды.
Ол ректор болған жылдар университет тарихында түбегейлі өзгерістерге, білім берудегі сапалық көрсеткіштерге қол жеткізу жолындағы және студенттердің мәдени-тұрмыстық жағдайларын жақсартуға арналған іс-шаралардың қолға алынуымен ерекшеленеді. Бұл жылдары институт жұмыс берушілермен тығыз байланыс орнатып, профессор-оқытушылар оқу-әдістемелік, тәрбиелік жұмыстарды жандандырып, сонымен қатар ғылыми-зерттеу жұмыстарымен белсенді түрде айналысып көптеген нәтижелерге қол жеткізді.
Институттың материалдық-техникалық базасын жақсартуға да көп көңіл бөлді. Жаңа факультеттер мен сұранысқа ие мамандықтарға сай кафедралар ашылды. Түсушілер саны да күрт өсті, жаңа жатақханалар салынып, профессор-оқытушыларға пәтерлер берілді. 1975 жылдың көктемінде бұрынғы қыздар гимназиясының орнына қазіргі 7 қабатты оқу ғимаратының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.
Ол кезде ректор болуымен қатар Жүнісбек ағамыз оқытушылықтан да қол үзбей, тарих факультетінде студенттерге дәрістер оқыды. Оның шәкірттері бүгінгі таңда Қазақстандағы тарих ғылымының дамуына өз үлестерін қосып жүр. Олардың ішінде ағамыздың соңғы шәкірттерінің бірі, көрнекті ғалым, тарих ғылымының докторы, профессор Талас Омарбеков те бар.
Жүнісбек ағамыз республикалық және қалалық қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты, Халық депутаттары Алматы қалалық Кеңесінің екі шақырылымына депутат болды, Фрунзе аудандық партия комитетінің мүшесі, оқу-ағарту, жоғары мектеп және ғылыми мекемелер қызметкерлері республикалық кәсіподағының мүшесі, республикалық «Білім» қоғамының пленум мүшесі болды.
Жүнісбек Жұмабекұлы қажырлы еңбегінің арқасында екі бірдей «Құрмет Белгісі» орденімен (1961, 1976), «Ерлік еңбегі үшін» медалімен және басқа да мемлекеттік наградалармен, Құрмет Грамоталарымен марапатталды. 1978 жылы «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері» құрметті атағы берілді.
Оның есімі атаусыз қалған жоқ. Туған жеріндегі елді мекендегі көшелердің біріне және Алматы қаласы «Ақбұлақ» ықшам ауданындағы бір көшеге оның есімі берілді. Сонымен қатар, 2009 жылы 11 желтоқсанда осы оқу орнының тарих факультетінде Жүнісбек Жұмабеков атындағы дәрісхана ашылды. Онда Тарих және құқық институтының студенттері тарихқа арналған іс-шаралар өткізіп, оның соңына қалдырған мол мұрасын оқып-үйреніп, игі істерінен үлгі алады. Қазақта «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген сөз бар, сондықтан Жүнісбек ағамыз тұрған үйге Алматы қаласы әкімшілігінің шешімімен 2019 жылдың 9 ақпанында Ескеркіш тақтаның ашылуы ғалым-қайраткерге деген үлкен құрмет.
Авторы: Такир Балықбаев,
п.ғ.д., профессор,
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры
07.02.2019 ж.
Ақпарат көзі: pr-hal.kz