қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
19.02.2019

Алматыда Оразалы Досбосынов атындағы айтыс ақындар орталығы ашылды

 



Алматыда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Жастар жылына» орай Оразалы Досбосынов атындағы жас айтыс ақындар орталығы ашылды. Аталмыш аудиторияда жас ақындары айтыс өнеріне қатысты сабақтар алып, өнерін жетілдіреді.

 

Ашылу салтанатына елімізге белгілі айтулы азаматтар, ғалымдар, айтыскер ақындар, өнер және мәдениет өкілдері, студенттер және Оразалы Досбосыновтың курстастары қатысты.

 

 

Такир Балықбаев,

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры:

- Оразалы Досбосыновтың есімін көпшілік жақсы таниды. Өзінің жарқырап шыққан білім ордасы бүгін тамаша тарту жасап отыр. Бұл елімізде дамып келе жатқан айтыс өнеріне университет жастарының қосқан үлесі деп білемін.

 

Біз осы орталыққа ат беруде қатты ойландық. Сол кезде осы өнер мамандарының ұйығаруымен және жастарға үлкен үлгі болсын деген ниетпен - Оразалы Досбосыновтың есімін бекіттік. Біз Оразалының есімін өзіміздің түлегіміз ретінде қойып отырмыз. Бұл орталық жұмысы жас ақындарымыздың шеберлігін шыңдауы үшін қажетті лекциялар мен арнайы кездесулер өткізуге бағытталады.

 

 

Нұрлан Оразалин,

ҚР Жазушылар одағының мүшесі, қоғам қайраткері:

-Арамыздан жас кеткен Оразалы дейтін жүйрігіміз осы универсиетте дәріс алған, сабақ оқыған, осы залдарда ұстаздарының берген әдемі, құнды, қазыналы сөздеріне қанығып өскен, қабырғасы қатып, осы жерден елге танылған болатын.

«Әруақты жерден ат үркеді»,-дейді қазақ. Оразалыны ескені алып, ұстаздарының осындай шешім қабылдағаны, университетінің қуаттап, ардақтағаны зор қуаныш. Бүгін Оразалыны ғана еске алып отырған жоқпыз, бұл шараны ХХ ғасырға аман алып келген қазақ ауыз әдебиетінің үлкен ұлы әруақтарына көрсетіліп жатқан құрмет есептеймін.

 

 

Жүрсін Ерман,

ҚР Еңбек сіңірген қайраткер, Халықаралық «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер» одағының басқарма төрағасы, ақын:

-Осы орталықтан жас Оразалылар шықса деген тілектеспін. Биыл университет ректорының ұйымдастыруымен үшінші рет республикалық жас айтыскер ақындар айтысы өткелі отыр. Соған келген жастарға бұл тамаша сабақ қой, әрі тәлім-тәрбие. Жарқындап, жалындап, жаңа Оразалы бола беріңдер!

 

Орталықтың ашылуына орай университеттің ұйымдастыруымен «Менің пірім Сүйінбай» атты республикалық жас ақындар айтысымен жалғасын тапты. Бұл дүбірлі додаға еліміздің 30 ЖОО-нан 59 жас ақын қатысуда.

 

Авторы: Досжан Балабекұлы

19.02.2019 ж.

Ақпарат көзі: kazgazeta.kz