Main /
Mass media about us
04.03.2019 Физика пәнін оқытудағы кейбір түйткілді мәселелер
Былтыр өзінің 90 жылдығын елімізде кеңінен атап өткен қарашаңырақ - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Математика, физика және информатика институтында өткен аптада «Физика пәнін мектеп қабырғасында оқытудағы түйткілді мәселелер: инновациялық идеялар және білім беру бағдарламалары» тақырыбы бойынша «Дөңгелек үстел» өтті.
Физика кафедрасы ұйымдастырған бұл жолғы «Дөңгелек үстелге» еліміздегі бірқатар ұлттық университеттер мен Ұлттық Ғылым академиясының ғалымдары, педагог мамандары және де Алматы қаласындағы бірқатар мектептің басшылары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
«Дөңгелек үстел» тақырыбына қатысты Қазақстанның Ұлттық Ғылым академиясының академигі, физика-математика ғылымының докторы, профессор Н.Такибаев, Математика, физика және информатика институты директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, физика-математика ғылымының кандидаты, қауымдастырылған профессор Ш.Хамраев, педагогика ғылымының докторы, профессор М.Молдабекова, Назарбаев зияткерлік мектебінің физика пәнінің мұғалімі Б.Кронгарт қатарлы азаматтар баяндама жасады.
«Дөңгелек үстелге» қатысушылар болашақ физика пәнінің мұғалімдерін даярлау ісіне аса көңіл бөлу қажеттігін атап өтті. Мұнда физика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітіруші ЖОО-ның түлектері өз ісінің мықты маманы, терең білімді болуымен бірге, физика пәнін үйретуде қазіргі заман талаптарына сай инновациялық тәсілдерді жетік меңгерген болуы қажет деп атап көрсетілді. Абай атындағы ҚазҰПУ-дің педагог мамандары тарапынан физика пәні бойынша орта мектептерде оқытылатын оқулықтарды бүгінгі күннің талабына сай қайта қарап, кем-кетігін толықтыру жағынан және физика пәнінің мұғәлімдеріне пәнді үйретуде әдістемелік жағынан көмек қолдарын созу қажеттігі айтылды.
Авторы: Досан Баймолда, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың профессоры, физика ғылымының PhD докторы. 04.03.2019 ж. Ақпарат көзі: almaty-akshamy.kz
|