Main
News
20.03.2019 «Open space» форматындағы Ректордың кездесуі
18 наурызда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде ректор Такир Балықбаевтың бастамасымен тұңғыш рет «Ректормен бетпе-бет жүздесу» - «Open space» жобасы бойынша кездесу өтті.
«Open space» форматы бұл - кез-келген жекелей немесе қоғамдық мәні бар мәселелерді ашық алаңда талқылап, оны жауапты тұлғалардың қатысуымен шешу деген сөз. Сондықтан бұл кездесуде студенттер мен олардың ата-аналары өздерінің көкейкесті мәселелерін, ұсыныс-тілектерін тартынбай ортаға салды.
Ректордың бетпе-бет жүздесуіне университеттің бірінші проректоры Мақтағали Бектемесов, ректордың кеңесшісі Қаныбек Қалдыбаев, академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Хайрулла Жанбеков, ғылым департаментінің директоры Саябек Сахиев және басқа да бөлім басшылары қатысты.
Кездесу барысында қатысушылар тарапынан сан алуан мәселелер: отбасылық, тұрмыстық жағдайлары мен оқу ақысына жеңілдік, бір мамандықтан екінші мамандыққа ауысу, жатақхана жағдайын жақсарту және оқу үдерісіне қатысты мәселелер қозғалды. Құрылымдық бөлім басшылары қойылған сұрақтарға өз салалары бойынша жауап берді. Ректор тікелей өзіне қатысты мәселелер бойынша келушілерді тыңдап, өтініштерін табан астында қарастыра отырып, барлық өтініш иелерінің талап-тілектерін тегіс қамтуға тырысты.
Ректормен бетпе-бет кездесуге келген студенттер мен ата-аналар мәселенің дұрыс шешіміне қанағаттанып, көтеріңкі көңіл-күймен қайтып жатты. Әрине, шешімі бірден табылмайтын сұрақтар да аз болмайтыны белгілі. Сондықтан университет басшысы бұл мәселелердің бәрін жинақтап, саралап, тиісті құрылымдық бөлім басшыларына тапсырмалар берді. Олардың әрқайсысы алдағы уақытта ректорға мәселенің қалай шешілгені туралы ақпарат беруге міндеттелді.
Ел арасында «Әкім бол - халқыңа жақын бол» деген ұлағатты сөз бар. Үнемі қоластындағы қызметкерлері мен шәкірттерінің арасынан табылып, олардың мұң-мұқтажына дер кезінде көңіл бөліп отыратын ректор Такир Балықбаевтың бұл ісін зор адамгершілік деп білуіміз керек.
|