қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
12.04.2019

Жыл аруы - Гүлзат!

 


 

Абай атындағы ҚазҰПУ-де Жаратылыстану және география институтының қолдауымен студенттік өзін-өзі басқару кеңесінің ұйымдастыруымен «Жыл аруы-2019» байқауын өткізіп, өз ханшайымын таңдады. Биылғы Жастар жылы аясында ұйымдастырылып отырған байқауға ай десе аузы, күн десе көзі бар, ақылына көркі сай, халқымыздың дәстүрі мен мәдениетін бойына жинақтаған, өнерлі де сымбатты жеті үміткер ару таңдап алынды.

 

Бірнеше жылдан бері дәстүрге айналған шараны институт директоры, профессор Күләш Каймулди­нова ашып, қатысушы­ларға сәттілік тіледі. Сонан соң оқу жылы барысында белсенділігімен көзге түскен үздік студенттерді Алғыс хаттармен марапаттады.

 

Байқау шарты бойынша арулар алты кезеңнен тұратын сайысқа түсті. «Қыз - ұлттың айнасы» демек­ші, қазақтың салт-дәстүрін бойына мейлінше сіңірген, қазақ қыздарының аяулы да сұлу болмысына лайық болашақ жар, болашақ ана, шаңы­рақтың шырақ­шысы болуды көксеген аяулы аруларға қазылар алқасының мүше­лері - М.Әуезов атындағы Әдебиет инсти­тутының бас ғылыми қызметкері, фило­логия ғылымының докторы, профессор Нұрдәулет Ақыш, Бүкілтүркі дүниесі ақын­дары фестивалінің лауреаты, Қазақ­станның еңбек сіңірген мәдениет қайрат­кері, ақын Болат Шарахымбай, «Ақиқат» журналының бөлім редакторы, журналист Дина Имамбай, Абай атындағы ҚазҰПУ-дің оқытушысы, доцент Қастер Сарқытқан және университеттің Жастар ісі жөніндегі комитеттің төрағасы Ділдәбек Дидарбек баға берді.

 

Биылғы байқауға қатысқан арулардың өрнегі жылдағыдан өзгешелеу болды десек, артық айтқаны­мыз емес. Соған орай көрермендер де оларға деген қошеметін аяған жоқ.

 

Осы бір тәрбиелік мәні зор іс-шараның қорытын­дысы бойынша биология маман­ды­ғының студенті Гүлзат Қасенқызы бас жүлдеге ие болып, «Жыл аруы-2019» атан­ды. Бірінші орынға география маманды­ғының студенті Айгерім Ибаділдаева көте­рілсе, екінші орынға биология маман­дығы­ның студенті Алтынай Оразбекова лайық деп танылды. Жүлделі үшінші орынға химия мамандығының студенті Мәдина Сәбет­бек ие болды. Байқауға қатысқан арулардың ешқай­сысы да атаусыз қалған жоқ. Барлығы да бағалы сыйлықтармен марапатталып, дипломдар мен гүл шоқта­ры табыс етілді.

 

Осы іс-шараның жоғары дәрежеде өтуіне ұйтқы болып жүрген иституттың Тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, доцент Нұрлан Манаповтың айтуынша, ұлттың ұлы құндылықтары насихатталып, дамыта түсетін тағылымы мол мұндай мәдени шара алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.

 

 

Авторы: Айдар Қисабаев

12.04.2019 ж.

Ақпарат көзі: almaty-akshamy.kz