Main /
Mass media about us
19.04.2019 Елбасы еңбектері - басты бағдарымыз
Рухани жаңғыруға ойымыз бен бойымыздың үйренгеніне де біраз болды. Бағдарлама «мен қазақпын» деген адамның қай-қайсысына да үлкен ой салғаны анық. Осы орайда біз Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, профессор Такир Оспанұлы БАЛЫҚБАЕВПЕН ой өрбіткен едік. - Такир Оспанұлы, биыл «Рухани жаңғыру» мақаласының жарық көргеніне екі жыл. Содан бері қоғамдағы рухани сілкіністерге куә болып келеміз. Сіздің басшылығыңыздағы университетте Рухани жаңғыру қалай жүруде?
- Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты еңбектері халқымыздың руханият саласындағы басты бағдаршамына айналып отыр. Өйткені, мұнда қазақ елінің тарихы, руханияты, мәдениеті, ұлттық ерекшеліктері, салт-дәстүрі, елдің елдігі туралы құнды пікірлер көрініс тапқан. Сондықтан Елбасының осы еңбектерін әрбір қазақстандықтың түпкі санасына терең сіңіру, азаматтарымыздың жаңа дәуір талаптарына сай рухани жаңаруын қамтамасыз ету аса маңызды міндет болып табылады. Осыған орай бүгінде елімізде «Рухани жаңғыру» үдерісі жан-жақты және кең ауқымда жүріп жатыр десек, асыра айтқандығымыз емес. Бұл істен мектептер мен жоғары оқу орындарына дейін тыс қалып отырған жоқ.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбектерін насихаттау, олардан туындаған негізгі міндеттерді және бағдарламаларды орындауға атсалысу мәселелеріне еліміздегі жоғары білімнің қарашаңырағы - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті де ерекше көңіл бөлуде.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасымен тұрақты айналысу үшін университетімізде осы аттас жобалық офис құрылып, жұмыс істеуде. Оны профессор Борасын Иманбердиев басқарады. Жобалық офис «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға арналған 8 бағыт бойынша жұмыс істеуде. Оның ең алғашқысы «Туған жер» жобасы десек, бұл жобаның аясында «Мектептегі өлкетану», «Мәдениеттер географиясы» тақырыбында оқу құралдарын даярлау қолға алынды. Алматы қаласы мен қала маңы аумағындағы тарихи географиялық нысандарды гео-ақпараттық үлгілеу және картографиялау жұмысын университеттің Жаратылыстану және география институты қолға алды. Олардың құзырына Іле өзенінің ескі арнасына экспедициялық зерттеу жұмыстарын жүргізу, Алматы қаласы бойынша экскурсиялық бағдарламалардың мазмұнын жаңғырту жұмыстары да кіреді.
- Педагогикалық білімнің қарашаңырағы саналатын осы Абай атындағы университет Елбасының латын әліпбиіне көшу жайлы ұсынысына бірден қолдау білдірген болатын. Осы тұрғыда қандай жұмыстар атқарылуда?
- «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ұсынған негізгі жобалардың бірі -«Латын әліпбиіне көшу» жобасы дейтін болсақ, екі жылда бұл салада айтарлықтай біршама жұмыс атқарылды. Алдымен біз белгілі тілші-ғалымдармен ғылыми конференция, дөңгелек үстел өткізіп, болашақ жұмыстың бағыт-бағдарын айқындап алдық. Бұдан кейін латын әліпбиін үйрететін, оқытатын әдістемелік құралдар шығару қолға алынды. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтымен бірлесіп, Латын әліпбиі орталығын аштық. «Латын негізді қазақ жазуы: ономастикалық графикалық кеңістік мәселелері» тақырыбында республикалық дөңгелек үстел, «Алаш зиялыларының тілдік мұрасы: оқытудың теориясы мен әдістемесі» тақырыбында семинар өткізілді. Онымен қоса, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар да ауқымды. Осы уақытқа дейін еліміздің көптеген аймақтарындағы киелі жерлерге студенттер мен ғалымдарымыздың экспедициясын ұйымдастырдық. Бұл сапарларда көптеген ғылыми жобалар орындалды. «Студенттер мен магистранттардың ұлттық санасын қалыптастыру», «Абайтану» - жаңа белесте, «100 жаңа Тұлғатану», «Жаһандағы қазіргі қазақ мәдениеті», «Ұлы дала жастары» жобалары да университет көлемінде Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың еңбектерін насихаттауға, дәріптеуге және «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталып отыр. Бұл жұмыс бұдан былай да жалғасын таба беретіні сөзсіз. - Сұхбатыңызға рахмет! Сұхбаттасқан - Әсел Дағжан. 20.04.2019 ж. Ақпарат көзі: almaty-akshamy.kz
|