Main /
Mass media about us
05.09.2019 Такир Балықбаев: ел көкейіндегі өзекті мәселелер сөз болды
Президент ең алдымен еліміздің экономикалық және әлеуметтік дамуының маңызды салаларына тоқталды. Айталық, Қазақстан Тәуелсіздігін алған 90-шы жылдары кеңестік жүйеден қиранды экономика қалып, күйзеліс кезеңдерін басынан өткергені мәлім.
Президент Қ.Тоқаев өз Жолдауында ел дамуының осы үрдісін одан әрі жалғастыру үшін әлем мойындаған Назарбаев моделін жалғастыруды ұсынды. «Еліміздің даму жолын бүкіл әлем мойындап, қазақстандық, яғни Назарбаев моделі деп атады. Қазір бізге Тәуелсіздіктің жетістіктерін еселеп, елімізді дамудың жаңа сапалы кезеңіне шығару мүмкіндігі беріліп отыр», - деді ол.
Мемлекет басшысы үкімет мүшелеріне мемлекеттік органдар мен өңірлердің, мемлекеттік компаниялардың және мекемелердің басшыларына тиісті реформаларды жүзеге асыру үшін дербес жауапкершілік жүктелетінін мәлімдеді. Сондай-ақ, ол реформаны тек реформа үшін жүргізуге жол берілмейтінін, әрбір министрде және әрбір әкімде нәтижелі жұмыстың негізгі көрсеткіштерінің тізімі болуы тиіс екенін ескертті. Қ.Тоқаев шикізатқа байланған менталитеттен бас тартып, экономиканы әртараптандыру қажеттігін, «Білім экономикасы», еңбек өнімділігін арттыру, инновацияны дамыту, жанды интеллектіні жаһандық дамудың негізгі факторына айналдыру керектігін назарға салды.
Мемлекет басшысы сонымен бірге елдің көкейінде жүрген көптеген өзекті мәселелер туралы ой өрбітті. Әсіресе, жердің шетелдіктерге сатылмайтыны туралы нақты ойы көпшіліктің көңілінен шықты. Бірақ әрбір гектар жер тиімді пайдаланылуы талап етіледі. Президенттің қазақ халқының мемлекет құрушы ұлт ретіндегі рөлін бекемдеу, этносаралық татулық пен дінаралық түсіністікті одан әрі дамыту, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлін күшейтіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру, Конституцияға сәйкес, азаматтар өз ойларын еркін білдіру құқығына ие болу үшін митингілер туралы заңнаманы жетілдіру қажеттігі туралы айтқандары да көкейдегі көп ойды дөп басып отыр.
Адамдарда мейірім мен қайырым азайып тұрған бүгінгі әлемде біздің елімізде де есірткі саудасы, педофилия, жыныстық зорлық, әйелдер мен балаларға, жеке тұлғаларға қатысты жасалатын ауыр қылмыстар бой көрсетіп отырғаны жасырын емес. Жолдауда осындай қылмыстарға қарсы қолданылатын жазалау шараларын қатаңдату туралы мәселе көтеріліп, Үкіметке бұл жөнінде тапсырма берілуі өте орынды іс болды деп білеміз.
Жоғары білім беру саласында да қордаланған мәселелер бар. Университет түлектерін жұмысқа орналастырудың орташа көрсеткіші 60 пайыздан аспауда. Бұл өте ойландыратын мәселе. Жоғары оқу орындарындағы маман даярлау сапасы сын көтермейтінін айта келіп Қ.Тоқаев бәсекеге төтеп бере алмайтын білім ордаларын қысқарту керек дегенді ескертті. Сондай-ақ ол мұғалім мәртебесін көтеру туралы арнайы заң қабылданып жатқанын, алдағы үш жылда олардың жалақысы 2 есе өсетінін айтты. Президент Қазақстан ғылымын дамытуға байланысты да өз ойларын ортаға салды.
Авторы: Такир Балықбаев, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, профессор 05.09.2019 ж. Ақпарат көзі: turkystan.kz |