Main /
Mass media about us
06.09.2019 Ғаламдық мәселе талқыланды
Жаңа оқу жылы басталар-басталмаста Алматыдағы екі үлкен жоғары оқу орны - Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде "Қаржы, экономика және өмір туралы ғылым саласындағы кері міндеттер" тақырыбында халықаралық конференция өткізілуі көпшіліктің таңданысын туғызғаны белгілі.
Алайда бұл абыр-сабырға таңданатын түгі жоқ. Бұл ғылыми шараны аты аталған екі белді университетпен бірге ҚазҰУ жанындағы Математика және механика ғылыми-зерттеу институты, Ресей ғылым академиясы Сібір бөлімшесінің Есептеу математикасы мен математикалық геофизика институты, Шанхай қаржы және экономика университеті (Қытай), сонымен бірге Қытай математика қоғамы алдын-ала жоспарлап қойған болатын. Аталмыш конференция 2013 жылдан бері жас ғалымдардың Халықаралық мектеп-семинары ретінде өткізіліп келді. Бұл конференция қазіргі таңдағы ең өзекті мәселелерге: қаржы, экономика және өмір ғылымдары саласындағы кері есептерге арналады. Математикалық әдістер мен интернетте қолданыс арқасында қаржы саласы үлкен маңызға ие болып отыр. Қаржы нарығы да жылдам дамып өзгеріп, оларды талдау және бағдарлаудың жаңа математикалық әдістері пайда болуда. Әлемдік экономика көзді ашып-жұмғанша сандық форматқа көшуде. Бұл компанияларды басқаруға да, нарық талдауына да, тауар өндірісіне де қатысты. Өмір туралы ғылымдарда суперкомпьютерлік есептеулердің қолданылуымен ғаламдық өзгерістер құлаш жайып келеді.
Бұлтты есептеулер арқылы қашықтықтан кеңес беру, диагностика жасау, тіпті күрделі ота жасау мүмкіндігі туады. ДНҚ, иммундық жүйе мен ағза тіршілігінің барлық негізгі көрсеткіштерін компьютерлік талдау ауру симптомдарын емдеуден оларды болжауға және алдын-алуға мүмкіндік береді. Бүгінде еліміздегі ұлттық экономиканың жетекші салаларын дамытуға, соның ішінде ақпараттық телекоммуникациялық технологиялардың қолданылу аясын кеңейтуге, білім мен ғылым саласына цифрлық технологияны кеңінен енгізуге бағыт ұстап отыр. Математика мен компьютерлік модельдеу, экономиканы басқару мен тұрақты дамыту жөнінде көптеген іргелі зерттеулер өмірге келді. Бірқатар зерттеулер ақпараттық қауіпсіздік, образдарды тану, қабылданған шешімдерді сараптау, мәліметтерді жедел өңдеу, техника мен технологияның маңызды бағыттары бойынша үдерістерді модельдеу мәселелеріне бағытталуда. Кері есептерді бірдейлендіру және шешім қабылдау да әлемдік өзекті мәселелердің бірі. Макроэкономикалық модельдеу үдерісін тездету арқылы елімізде ұлттық шаруашылықты жүргізуге байланысты әлемдік нәтижеге қол жетті.
Алайда қоғамды, экономика мен қаржыны және ғылымды интеграциялау жөнінде әлемдік тәжірибе мұнан да бай. Сондықтан 2 күндік халықаралық конференцияда Қазақстан, Ресей және Қытай ғалымдары күн тәртібіндегі мәселе бойынша жан-жақты пікір алмасты. Конференцияның Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде өткен бірінші күнінде ректорлар Ғ.Мұтанов пен Т.Балықбаевтың кіріспе сөздерінен бастап 17 баяндама жасалса, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде өткен екінші кезеңінде де 17 баяндама тыңдалды. Солардың ішінде Шанхайдағы (ҚХР) Фудан университетінің математика факультетінің деканы, профессор Джин Ченг, Ресей ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Новосібір мемлекеттік университеті Есептеу математикасы мен математикалық геофизика институтының профессоры Сергей Игоревич Кабанихин, Новосібірлік ғалым Ольга Игоревна Криворотько, Нанкин (ҚХР) қаласындағы Оңтүстік-Шығыс университетінің профессоры Чжи-чжун Лю, Шанхай қаржы және экономика университетінің профессоры Дин-Хуа Сюй, Ю. Цзян сияқты шетелдік ғалымдардың баяндамаларында талқыланып отырған мәселелерге байланысты көптеген құнды ұсыныс-пікірлер болды.
Біздің көрнекті отандық математик ғалымдарымыз да бұл конференцияға белсене қатысып, өз ұстанымдарын ортаға салды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректорлары белгілі ғалымдар Ғалымқайыр Мұтанов пен Такир Балықбаевтан бастап көрнекті математик, академик Тыныбек Қалменов, профессорлар Оңдасын Әбілқайыров, Қазизат Шоқақов, Дархан Ахмет-Зәки, Марат Тілеубергенов, Анар Асанова, Ағын Беделбаев, Әбдімәулен Бердішев, Салтанбек Мұхамеджанов және басқалардың баяндамалары шетелдік ғалымдарды тәнті етті. Әрине, «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» дегендей, 2 күндік конференцияда баяндама да, ұсыныс пікірлер де көп болғанына қарамай ғалымдар олардың ең маңыздыларын қалқып алып, ғылыми айналысқа енгізуді жөн көрді.
Абай атындағы ҚазҰПУ Қоғаммен байланыс бөлімі 06.09.2019 ж. Ақпарат көзі: bilimdinews.kz
|