Main /
Mass media about us
31.01.2020 Министр студенттермен кездесті
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Алматы қаласының студенттерімен кездесті. Кездесуге әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің, Қазақ ұлттық Қыздар педагогикалық университетінің, Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің студенттері қатысты. Кездесуді университет ректоры, профессор Такир Балықбаев ашып, сөз кезегін ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке берді.
- Педагогикалық мамандықтар бойынша білім алып жатқан студенттерге білім саласында соңғы кезде болып жатқан өзгерістер мен жаңалықтарды айтуға және түсіндіруге келіп отырмын, - деп сөз бастады министр. - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен 2016 жылдан бері жалпы білім беру саласында жаңартылған білім беру мазмұнын енгізу қолға алынып жатқанын білесіздер. Алдағы уақытта оқушылар 1-сыныптан бастап 11-сыныпқа дейін жаңартылған білім бағдарламалары бойынша оқытылатын болады. Қазірдің өзінде 1-4-сынып оқушылары жаңартылған бағдарламамен білім алуда. Сонымен бірге, оқушы білімін критериалды бағалау жүйесі бойынша сараптау да бүгінде білім саласындағы ерекше құбылыстардың бірі. Критериалды бағалау дегеніміз оқушылардың оқу жетістіктерін білім беру мақсаттары мен мазмұнына сәйкес, оқушыға, ата-анаға және мұғалімге түсінікті, нақты анықталған критерийлерге негізделген бағалау үдерісі. Онда оқушының қалай оқығаны, қалай еңбек еткені, ойлау жүйесі және басқа да қабілеттері әділ бағаланады. Сіздер болашақ мұғалім болғандықтан осының бәрін білуге тиіссіздер, - деген министр оқу бағдарламаларын жаңартуды аяқтау қажеттігін, жоғары оқу орындарының міндеті сапалы педагог даярлау болғандықтан оларға қойылатын талаптардың күшейтілетінін жеткізді. Сонымен қатар, мұғалім мамандығына мектеп түлектерін оқуға қабылдаудың 70 балдық жүйесі енгізіліп отырғанынан хабардар етті.
Бүгінде еліміздегі 130 жоғары оқу орнының 85-і мұғалім мамандар даярлағанымен білім сапасы төмен болып отыр. Сондықтан талапқа сай мамандар даярлай алмайтын ЖОО-ларды қысқартуды Президенттің өзі тапсырды. 2021 жылдан бастап түлектер қай жоғары оқу орнында оқығанына қарамай бәріне бірдей мемлекеттік үлгідегі диплом беріледі. Дипломға қоса біліктіліктеріне қарай сертификаттар да қоса тапсырылады деген министр атаулы оқу ордасының бастамасын қолдайтынын білдірді.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті бітіруші студенттерді жыл бойы мектепте тәжірибеден өткізу жөнінде бастама көтерген еді.
Бұдан әрі министр А.Қ.Аймағамбетов жаңа қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» заңдағы негізгі тұжырымдарға тоқталды. Аталған заңда педагогтың кәсіптік қызметін жүзеге асыру кезіндегі құқықтары, оның материалдық қамтамасыз етілу құқығы, әлеуметтік кепілдіктер, педагогтың міндеттері және т.б. өзекті мәселелер жан-жақты ашып көрсетілген. Әсіресе, мемлекеттік ұйымдарда қызмет істейтін педагогке ақы төлеу жүйесі, лауазымдық айлықтары, қосымша ақылары, үстемеақылар және басқа да ынталандыру төлемдері тиісті заңнамалар бойынша жүзеге асырылады. 2025 жылға дейін мұғалімнің айлық жалақысы 25 пайызға өсіп отырады.
Кездесу соңында Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов студент-жастарды мектепке жұмыс істеуге шақырды. Студенттердің сұрақтарына жауап берді.
Университет ректоры Такир Балықбаев мазмұнды әңгімесі үшін министр Асхат Аймағамбетовке алғыс білдірді.
Авторы: Рая Ескендір 31.01.2020 ж. Ақпарат көзі: almaty-akshamy.kz |