Main /
Mass media about us
15.04.2020 Елдік мұраттар сыналар шақ
Шешендік өнер мен даналықты тумысынан бойына сіңіріп өскен қазақтан артылған сөз бар ма? Қай-қай саланы, нендей тақырыпты алып қарасаң да бабаларымыз оның бәрін философиялық терең толғамдармен, мақал-мәтелдермен келістіре өргені сонша, мұртын бұза алмайсың.
«Көргені жақсы көш бастар», «Көшбасшысы жақсы елдің көші түзу» дейді қазақ. «Ағасы бардың жағасы бар», «Данасы жақсы елдің бабасы тірі» дегенді айтқан да біздің аталарымыз. Осы сөздің бәрі бір басына лайық біздің тұңғыш Президентіміз - Елбасы Н.Ә.Назарбаев та бүкіл жер-жаһанды коронавирус - COVID-19 індеті жайлап, адамзат баласының басына қауіп-қатер төндіріп отырған қазіргідей күрделі кезеңде өз халқына аталық, даналық сөздерін арнап, абыздай толғанып отырғаны баршамызды тебірендіргені анық. 2020 жылғы 8 сәуір күні «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» деп аталатын мақаласы оның ел қамын ойлаған нағыз ел қамқоры екенін тағы бір дәлелдеді.
Бір-бірін жойқын қару-жарақпен қырып жатқан қанды соғыс болмаса да, көзге көрінбейтін індет қазір әлем халқы үшін соғыстан бетер қауіп төндіруде. Күнделікті жедел ақпарат көздерінен алынған мәліметтерге жүгінсек, індеттің беталысы жаман. Қытай елі бастаған тізімде бүгінде 160-тан астам мемлекет тіркеліп отыр. Италиядағы адам шығыны майдан даласындағы қырғыннан кем емес. Жан-жағындағы елдерге қарап, сақтық шараларын алдын ала бастаған Қазақстанға да бұл індеттің бір шеті келіп жетті. Инфекция күннен-күнге өршіп, ауру жұқтырғандар саны арта түсуде. Осыған орай, дүние жүзінің мемлекеттері сияқты, елімізде де төтенше жағдай жарияланып, карантиндік шаралар енгізілгені белгілі. Бұқаралық ақпарат құралдары күндіз-түні халыққа індеттен сақтанудың жолдарын түсіндіріп, карантиндік тәртіпті сақтауға шақыруда. Көлік қатынасы, адамдар қозғалысы шектеліп, жұмыс және оқу орындары уақытша жабылған осы бір қиын кезде халыққа сабыр керек, ел карантиндік шектеулерді дұрыс қабылдауы қажет. Десек те адамдар ішінде мемлекеттік шектеулерге мойынсұнбай, карантиндік тәртіпті өрескел бұзушылар әлі азаймай тұр.
Осыған байланысты Елбасы Н.Назарбаев «Бірлесе білген ел бәрін де жеңеді» деген мақаласында халқымызды сабырға, ақыл-парасатқа, тәртіпке шақырып, тағы да даналығын, ағалығын, елге деген жанашырлығын көрсетті.
«Еліміздің ең үлкен байлығы - адам мен оның өмірі болғандықтан, әрбір адам өзінің, отбасының, ата-анасы мен бала-шағасының өміріне, денсаулығына зор жанашырлықпен, ерекше жауапкершілікпен қарауы керек. Өйткені ұлт денсаулығы - мемлекет қауіпсіздігінің құрамдас бөлігі», деген Н.Назарбаев Қазақстан халқын осындай қиын кезде ынтымақты, бір-біріне жанашыр болуға, мемлекеттік тәртіпті қатаң сақтауға, әлеуметтік желілерде аракідік бой көрсетіп қалатын алып-қашпа әңгімелерге, жел сөздерге ілеспей, қоғамдық үдерістерге парасаттылықпен қарап, ой түюге үндейді. Мемлекет тарапынан індеттің таралуынан зардап шеккен кәсіпкерлерге, жекелеген отбасыларға көмек көрсетіледі, ел экономикасын қолдау шаралары жүзеге асырылады. Мұның бәрін ел білуі керек.
Елбасы осы мақаласында аға ұрпақ пен зиялы қауым өкілдерін халықты ынтымаққа, жақсылыққа, саламатты өмір салтын ұстануға тәрбиелеуге шақырса, жас ұрпақты жамандықтан, жат әдеттерден сақтануға, ел тәуелсіздігінің тұғырын нығайту үшін жақсы оқып, тиянақты білім алуға үндейді.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ұжымы да Елбасы Н.Назарбаевтың үндеуін шын жүректен қуаттап отыр. Қазір университетте төтенше жағдай тәртібіне сәйкес, студенттерге, магистранттар мен PhD докторанттарға онлайн арқылы қашықтан білім берілуде. Сонымен қатар сабақ сапасына да ерекше көңіл бөлінуде. Оқу сабақтары бекітілген кестеге сәйкес өтеді, оқытушылар әртүрлі жұмыс түрлерін (онлайн-дәрістер, видео-дәрістер, өзіндік жұмыс, онлайн-курстар және т.б.), сонымен қатар қолжетімді ақпараттық-коммуникативтік технологияларды, атап айтқанда: Skype, Moody, Zоом, Google Classroom, электронды пошта, Instagram, YouTube және т.б. әлеуметтік желілерді пайдаланады. Бейнеесептер мен жазбаша есептер институт директорларының оқу ісі жөніндегі орынбасарларына жіберіледі және Univer ақпараттық жүйесіне енгізіледі. Апта сайын бағалар Univer электронды журналына қойылады. Оқу үдерісіне және ағымдағы жұмысқа ректорат пен институт директораты тарапынан бақылау жүргізіледі.
Университетте жасалып жатқан осы жұмыстардың барлығы Елбасы мақаласында көрсетілгендей, еліміздің азаматтарының қауіпсіздігі үшін қолға алынып отырған дүниелер. Егер де Елбасы айтқандай ел болып «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарар болсақ» біз еңсермес қиындық болмайтыны сөзсіз.
Авторы: Такир Балықбаев, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, профессор 15.04.2020 ж. Ақпарат көзі: egemen.kz
|