қазақша · русский · english
   
  Main  News
10.03.2016

НАР ЖҮГІН АЗАМАТША АРҚАЛАҒАН...

2016 жылдың 2 наурызы күні Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында Тәрбие басқармасы мен Жалпы тіл білімі кафедрасының ұйымдастыруымен «Нар жүгін азаматша арқалаған...» атты мерекелік кеш өтті. Аталған шараға ҚР Еңбек сіңірген әртісі Лидия Кәденова, филология ғылымдарының докторы, профессор Жамал Мәнкеева, Адам ұрпағын өрбіту институтының директоры, биология ғылымдарының докторы Салтанат Байқошқарова, белгілі дизайнер Аида Кауменова, талантты әнші Жазира Байырбекова сынды ғылым, медицина, өнер салаларында қызмет етіп, елміздің өркениетті дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген қазақтың майталман арулары қатысты. Мерекелік шара әйел-ананың көркемдік образын бейнелейтін шағын фильм көрсетілімімен басталды. Шара модераторы Жалпы тіл білімі кафедрасының меңгерушісі Қалбике Есенова кешті пікір алмасу форматында жүргізді. Кеш қонақтары өздерінің өмір жолынан қысқаша мағлұмат жасап, студент жастар тарапынан қойылған сұрақтарға көңілге қонымды жауаптар берді. Университетіміздің өнерпаз студенттерімен әзірленген шағын концерттік бағдарлама кеш көркін кіргізе түсті. Қара шаңырақ білім ордасының өнерлі де өр жастары келген қонақтарға өлең шумақтарын арнап, майталман арулардың мерейін асырды.
Сахна өнерінің саңлағы Лидия Кәденова бүгінгі күннің қыздары қандай болу керек екендігін сезімге толыырғақпен жеткізді. Сән үлгісінің падишасы атанған Аида Кауменова студенттер тарапынан көрсетілген сән үлгісіне разы болып, болашақта дизаин мамандықтары бойынша білім алатын суденттерге алдағы уақытта шеберлік дәрісін өткізуге әзір екенін айтты. Ал, сыңғырлаған көмейі сыбызғының үніндей болған талантты әнші Жазира Байырбекова өнер мен мәдениеттің құты қонған шаңыраққа ән-шашу тарту етіп, көрермендер қошеметіне ие болды.
Қазақ қонағын құр жібермеген халық, осы қағиданы басшылыққа ала отырып бірі ғылымда, бірі өнер қайраткері, бірі бизнес леди атанған, енді бірі медицина саласының үздігі болған алаштың аяулы аруларына Тәрбие ісі жөніндегі проректор Ж.Е. Ішпекпаевтың тарапынан алғыс білдіріліп, университет басшылығы атынан сый-сияпат жасалынды. Кеш соңында университетіміздің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері майталман арулармен естелік суретке түсіп, өз ризашылықтарын білдірді. Көгілдір көктемнің шуақты нұрына енген аруларымызға, қарындастарымызға құрмет қашан да көрсетіле бермек.


Тәрбие жұмысы, жастар саясаты және
мемлекеттік тілді дамыту басқармасы