Main /
Mass media about us
12.05.2020 Президенттік қолдау: Жұмыла көтерген жүк жеңіл
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (БҰҰ) коронавирусты пандемия деп жариялағаннан бастап елімізде одан сақтанудың алдын ала шаралары жасала бастады. Елімізде төтенше жағдай жарияланып, елімізде карантин шаралары енгізілді.
Барлық мемлекеттік және жеке құрылымдарымен қатар жоғары оқу орындары да қашықтан оқыту жүйесі енгізіліп, онлайн оқуға көшті. Екі жарым айға жуық уақыт созылған карантин шараларында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қашанда халыққа қолдау көрсетіп, бірге болды. Ол өзінің 27 сәуірде халқымызға жариялаған мәлімдемесінде «Басты міндет - азаматтарымыздың денсаулығын сақтап, өмірін қорғап қалу. Қазіргідей күрделі кезде әрбір азамат біздің назарымызда болады. Мемлекет ешкімді қиындықта қалдырмайды», - деп атап кеткен болатын. Бұл дегеніміз «Адам және адамның өмірі, оның құқықтары мен бостандықтары жоғары құндылық болып табылады» деген ҚР Конституциясының 1-бабында бекітілген қағиданың нақты көрінісі.
Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын тану, сақтау және қорғау - мемлекеттің міндеті екенін және оның өз деңгейінде орындалып жатқанын еліміз де осы кезге дейін жасалып жатқан көмек беру шараларына қарап білуге болады.
Елімізде карантинге байланысты уақытша жұмыстары тоқтап қалған кәсіпорын, ұйым жұмысшыларына, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен көпбалалы, мүгедек бала асырап отырған ата-аналарға ақшалай да, азық-түлікпен де жан-жақты көмектер көрсетілді. Шағын және орта бизнес өкілдеріне қолдау көрсетіліп, олардың несиелерін төлеу кейінге қалдырыла отырып, тиімді несие беру үшін мемлекеттен қаржы төленді. Ауыл шаруашылық саласына да қомақты қаржы бөлінді.
Коронавируспен күресуде алдыңғы қатарда жүрген медицина қызметкерлеріне еңбектеріне қарай төлем мен өтемақы төленіп, еңбектері жоғары бағаланды.
«Төтенше жағдай күнделікті өмірімізге елеулі өзгеріс енгізді. Жоспарланған жұмыстарды, түрлі іс-шараларды кейінге қалдыруға мəжбүр болдық. Осындай кезде, ең алдымен, не нəрсенің аса бағалы екенін түсіндік. Бұл - адамның өмірі, адами қарым-қатынастар, азаматтардың денсаулығы, қоғамның береке-бірлігі. Бір-бірімізге қолдау көрсетудің қаншалықты маңызды екенін де аңғардық. Қалған дүниенің бəрін біртіндеп ретке келтіруге болады», - деген Президентіміздің «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатын бізде қолдаймыз.
Қазақстан жоғары оқу орындарының қара шаңырағы - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессор-оқытушылар құрамы және оның ректоры Такир Балықбаевтың басшылығымен өзімізге жүктелген міндеттерді адал атқара отырып, оқу жылын абыроймен аяқтағалы отырмыз.
Біз Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің оқытушылары студенттерімізді қашықтан оқыту жүйесінің тәжірибелерімен бөлісе отырып, тек оқу процесінде ғана емес, жан-жақты республикалық, халықаралық деңгейлерде тәрбие, ғылым саласында ғылыми-тәжірибелік конференциялар мен дөңгелек үстелдерімізді, студенттік олимпиадаларымызды үйде отырып, вебинар әдісімен өткізуді жетілдіріп, қаншама шараларды атқарып жатырмыз.
Осындай қиын қыстау кезінде «Біз де сізбен біргеміз! Сізді қолдаймыз!» деп айтқымыз келеді. Өйткені, жұмыла көтерген жүк қашанда жеңіл!
Авторы: Бөрібаев Ермек Әбілтайұлы, Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры 12.05.2020 ж. Ақпарат көзі: qazaq1913.com
|