қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
24.11.2020

Такир Балықбаев: «Білім беру саласының заман ағымына сай түрленуі заңдылық»

 


 

Күні кеше «Qazaq» газетінде сұхбаты жарияланған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Такир Балықбаев өзінің Facebook парақшасында үлкен өмірлік және кәсіби тәжірибесінде жинақталған ойларымен бөлісті.

 

«Көптеген адамдар белгілі бір жасқа жетіп, өздеріне «Мен өз халқым үшін не істедім?» деген сұрақ қояды. Мен сіздермен үлкен өмірлік және кәсіби тәжірибемде жинақталған ойларыммен бөлісуді жөн көрдім.

 

Мен алғашында математика саласында ғылыммен айналысқанымды, «Ортогональдік қатарлар мен жүйелер» тақырыбында ғылыми зерттеулер жүргізіп, диссертация қорғағанымды айтқан болатынмын. Осы тақырып аясында бірнеше ғылыми еңбектер жаздым. Бұл менің таза ғылымға, соның ішінде математика ғылымына қосқан үлесім деп есептеймін. Соңғы жылдары менің мансабым білім беру саласындағы жұмыспен тікелей байланысты болғандықтан, мен осы бағытқа толығырақ тоқталғым келеді.

 

Біріншіден, Қазақстандағы білім беру саласына тест жүйесін енгізуге азды-көпті үлес қостым деп айта аламын. Тест орталығы директорының орынбасары ретінде 1999 жылы талапкерлерді жоғары оқу орнына қабылдаудың жаңа үлгісін енгізудің басы-қасында жүргендердің бірі болдым. Одан кейін 2004 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеуді (ҰБТ) білім саласына енгіздік. Ол кезде мен тест орталығының директоры болып қызмет атқаратынмын. Тестілеу жүйесі енгізілгеннен бері 20 жылға жуық уақыт өтті, бұл жүйе бір орында тұрмайды, өзгерістер мен жаңартуларға ұшырайды. Уақыт өзгереді, онымен бірге біздің өміріміздің және білім беру саласының заман ағымына сай түрленуі заңдылық. Тестілеу білім беру сапасын арттыруға, сыбайлас жемқорлықты жоюға елеулі үлес қосып, еліміздің жоғары оқу орындарының қызметін бақылаудың негізгі жүйесіне айналды.

 

Ұлттық білім академиясының президенті болып қызмет атқарған кезде жоғары білім мен техникалық кәсіби білім берудің жаңа стандарттарының үлгісін жасауға қатыстым. Республикадағы оқу орындарының жетекші мамандарымен ақылдаса отырып, сол стандарттардың жаңа үлгісін жасадық. Соның нәтижесінде кәсіптік техникалық білім берудің жаңа стандарты қалыптасып, жаңа мазмұн пайда болды. Бұл білім саласының одан әрі дамуына ықпал болды.

 

Қазір еліміздің жетекші педагогикалық жоғары оқу орнының ректоры ретінде әріптестеріммен бірге Қазақстанның болашағын жалғастыратын жоғары кәсіби мамандарды, білікті педагогтарды даярлауға атсалысамын. Ол үшін университетімізде студенттеріміз бен жас талантты ғалымдарымызды жан-жақты қолдау бойынша көптеген бағдарламалар мен жобалар жүзеге асырылды және жоспарлануда» деп жазды ректор.

 

 

24.11.2020 ж.

Ақпарат көзі: qazaq1913.com