қазақша · русский · english
   
  Main  News
06.05.2016

Жеңіс күніне арналған іс-шара

Айналған аты аңызға Момышұлы

Жеңіс күніне орай Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Бастапқы әскери дайындық теориясы мен әдістемесі кафедрасы, «Бауыржан Момышұлының мұрасы» Қоғамдық қоры, М.Ғабдуллин атындағы «Тұлғатану» орталығы студенттер арасында «Бауыржан Момышұлы - Кеңес Одағының Батыры, халық қаһарманы, даңқты қолбасшы, көрнекті жазушы» тақырыбында ашық дәріс өткізді.
Іс-шараны «Бауыржан Момышұлының мұрасы» Қоғамдық қорының президенті , академик К. Н. Нәрібаев алғы сөзбен ашты.
«Қоғамдық қор бір жыл бұрын ашылды. Біздің парызымыз Б. Момышұлының мұрасын насихаттау, Бауржанның күрделі тұлға ретінде болмысын ашу, - деді ол. - Өткені, біріншіден, оның соғыстағы ерлігі - ерекше ерлік. Соғысқа Бәукең өз ойымен, өз әдісімен, шығармашылығымен қатысқан. «Шегініп барып, соғысу» деген Бәукеңнің әдісі қазір терең зерттелуде. Бауыржанның әскери таланты ең алғаш 1941 жылы Мәскеу түбіндегі ұрыстарда көрінген. Тапқырлығы мен көзсіз батылдығы үшін генерал Панфилов оны өте жоғары бағалаған. «Отан үшін отқа түс, күймейсің» деген Баукеңнің сөзі оның өз жанынан Отанын артық көретіндігінің дәлелі. Тар жерде жол таба білетін көрегендігімен Бауыржан соғыс өнерінің мықты стратегіне айналды.
Оны өзгелерден ерекшелеп тұрған тағы бір басты қасиеті - оның қалам мен қаруды қатар ұстауы, қай кезде де ұлт мүддесін қаймықпай қорғауы. Сонау 1943 жылы қан майданда жүріп, Қазақстан басшыларына қазақ тілінің халінің мүшкіл жағдайын баяндап, туған тілімізді тұғырлы етуге қатысты нақты ұсыныстар жасайды. Сөйтіп сол кездегі профессорлар мен академиктер қозғамаған мәселелерді Баукең қозғайды. Өйткені, ол кешегі от тілді, орақ ауызды әрі ақын, әрі батыр тұлғаларының заңды жалғасы.
Ер Баукең енді әдебиет майданына бет бұрады. Қызметін тартып алғандай, бұл жолы одан ешкім де қаламын тартып ала алмайды. Ендігі жерде оның қаламы тіпті қауіпті қаруға айналды. Ұлты үшін аянып қалмай, ойларын бүкпесіз айтып, ашық жазды. Осылайша, ол қаруы мен қаламын қатар ұстап, Шалкиіз, Ақтамберді, Махамбет сынды бұрынғының батыр-жыраулар дәстүрін жалғастырған жауынгер-жазушыға айналды.
Осы дәстүр арқылы Баукең түркі халықтарының әскери әдебиетінің негізін салды. Әскери практика мен стратегияға жетік Момышұлы - сегіз қырлы, бір сырлы, халқының мүддесінен ешқашан айнымаған бірегей жан. Жер басып жүрген қазақтардың ішінде өз пікірімен кеткен бір-ақ адам болса, ол - Баукең.
Бауыржан Момышұлы туралы жазған жазушылар да, журналистер де аз емес. Ең алғаш әскери журналист Александр Кривицкий, содан жазушы Александр Бек, жазып Батырдың даңқын асырды, майдангер жазушы Әзілхан Нұршайықов, ғалымдар Мекемтас Мырзахметов, Мамытбек Қалдыбаев, Бақытжан Момышұлы естеліктер жазған, жұрт білмейтін мінезі туралы кітап шығарған келіні Зейнеп Ахметова», - деді К.Н. Нәрібаев.
Ақын Рафаэль Ниязбек студенттерге өзі жас кезінде Бауыржан Момышұлымен кездесуден қалған әсері туралы бөлісті.
«Бүкіл әлем Бауыржанды қолбасшы, Мәскеудің даңқты қорғаушысы ретінде құрметтеп, мақтаныш тұтты. «Кубаға барып, алғыс естідім», - деп сонау жердегі елдердің Бәукеңнің ерлігін үлгі тұтқаны туралы кездесуде айтқан еді. Өмірде Бәкеңдей ашық айтқан ешкім жоқ. «Жақпасаң да, жағымпаз болма», деген сөзі Момышұлының өз өмірінің ұстанымы болды. «Егер мен жазушы не ақын болсам, көк күмбезді қағаз етіп, көкала дарияны сия етіп «Батыр Бауыржан» деген хиқая жазған болар едім»,- деген екен кезінде Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин».
Жазушы, Бауыржантанушы Мамытбек Қалдыбаев елінің бақыты үшін қолына қалам мен қаруды қатар ұстаған Бауыржан атамыздың ерлігіне бас иіп, рухына тағзым етіп, оның жазушылық даналығы туралы сөз қозғады.
«Бауыржан Момышұлының өз мақал-мәтелдері, нақыл сөздерінің философиялық терең ойлары бар. Әсіресе майданда шығарған мақал-мәтелдері жауынгерлердің рухын көтерді.
Бейбіт өмірде де Бауыржан атамыз біраз даналық сөздер айтқан. «Әйелдер - еркектің компасы», «Жақсы әйелдер көбейсе, жаман еркектер азаяды», «Еркекте әйелсіз ешқашан даму болмаған», «Еркекті құртатын екі нәрсе: әйел мен арақ», «Егер еркек болмаса - отбасы құрыды, егер әйел болмаса - халық құрыды» деген сөздері әйелге, анаға ұлкен құрметін білдіреді».
Студенттер Бауыржан Момышұлының өсиет сөздерін айтып, ой-пікірлерімен бөлісті, «Мен білетін батыр қандай болған» тарихи деректі фильмді көріп, «Майдандағы бір оқиға» әңгімесі бойынша мини-спектакль койды, викторина сұрақтарына жауап беріп, сыйлыққа Б. Момышұлының кітаптарын алды.
М.Ғабдуллин атындағы «Тұлғатану» орталығының директоры Д. М. Мұқатова:
«Отанын сүйетін, ұлтын құрметтейтін әрбір қазақ жастары үшін Бауыржан Момышұлы - аты аңызға айналған, мәңгі тірі батырды ұрпақтары мәңгі есте сақтайды деп ойлаймын», - деп іс-шараның маңыздылығын көрсетті.

 

Абай атындағы ҚазҰПУ Баспасөз орталығы.